«Ұлы даланың батырлары – ұлттың рухы»
Успен ауданының Церковное ауылында «Ұлы даланың батырлары – ұлттың рухы» атты ғылыми конференцияға қатысты. Шараны Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейінің бөлім меңгерушісі Ербола Қайыров жүргізді. Оған аудан әкімінің орынбасары Айгүл Абайқызы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев, филология ғылымдарының кандидаты, журналист Амантай Тойшыбайұлы, Еңбек ардагері, өлкетанушы Аманкелді Кәрімов қатысып, жаугершілік заманда Ертіс-Баян өңірінен шыққан билер менбатырлар туралы сөз қозғады.
Сонымен қатар, осы кездесуде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Рысбек Шәйкенұлының қылқаламынан туған Дербісәлі батырдың суреті таныстырылды. Суретші батырдың тұлғасы мен бет-бейнесін ғалымдардың еңбектері мен ел аузынан жеткен әңгімелерге сүйене отырып шығарыпты.
— Дербісәлінгің биіктігін көру үшін оның маңайында жүрген батырлар мен билер туралы сөз етпеске болмайды. Мысалы, кезінде жау қолына түсіп, тұтқындалған қазақ әскерлерін құтқару үшін Қазыбек би жоңғар ханының алдына өзі барған болса, Дербісәлі батыр бір жапырақ хат арқылы ғана мәселені шешкен деседі. Міне, бұл батыр бабамыздың қандай атағы мен биік беделі болғанын көрсететін уақиға. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінде сол кездің өзінде Сары, Есенқұл, Бабай сынды батырлардың мықты мектебі болды. Олар Абылайханның тапсырмасы бойынша осы өңірді жаудан тазартып отырған. Сол мектептен Дербісәлі, Беген, Қалыбай, Өмір сынды ержүрек азаматтар тәлім алып, олар да кейін елі мен жері үшін қолына қылыш алып, атқа мінер батыр болды. Негізі сол кездің өзінде қазіргі Железин маңатынан 30-дан астам батыр шыққан екен, — дейді Айтмұхамбет Тұрышев.
Дербісәлі батыр туралы зерттеу жүргізіп, тың деректерге қол жеткізіп, оны жарыққа шығарып жүрген азаматтардың бірі – өлкетанушы Ербол Қайыров мынадай мәліметтер ұсынды.
Бұл осы Дербісәлі Бабайұлының бала кезінде орын алған оқиға деседі. Қазақ әскерлері бір жорықтан жеңіспен оралған екен. Содан екі күн өткен соң жау жақтан ақырған арыстанның дауысы шығыпты. Ел-жұрт дүрлігіп, «жау шапты» деп шуылдайды. Батырлар атқа қоныпты. Сонда ел жақсысы Сырымбет би елді тыныштандырып, ауыл шетіндегі дөңге шығып қараса, алыстан жердің шаңын бұрқыратып жалғыз қара ноқат келе жатыр екен. Біраз уақыт өткеннен кейін би алысқа көз тастаса арыстан деп күтіп отырғандары «елім-ай, елім –ай» деп егіліп жылап келе жатқан жалаң аяқ бала екен. Би бірден ат шаптыртып, баланы алдына өңгеріп алып келуді бұйырады.
Сырымбет би әлгі баланы ортаға алып, «арыстан дегеніміз, қара тышқан екен ғой» деп күліпті. Сонда, әлгі бала: «Мен өспеймін бе? Ертең ер болмаймын ба? Ер болсам қол бастап ел болмаймын ба? Жердің киесі ер, ердің киесі жер. Бүгін баламын, күтіп бақсаң ертең данамын, қоржыныңда жатқан санаңмын, жауға салсаң сардармын, дауға салсаң әділдіктен туған қанжармын. Ұлыңның санасы болса, елдің ағасы болар, -деп, айналасына бір қарап өтіп: «Жетім бала деп тастап кеткен сіз бен мына батырлардан не қайыр? Тауда бір күні мүжіліп бітер, ардақтаған арысың о дүниеге кетер. Тай өссе ат тынығады, ұл өссе әке тынығады. Ата өліп бала қалса, мұратына жетеді, бала өліп ата қалса, арманы іште кетеді. Осы елдің үкілеген үміті, арманы мен ертеңгі тірегі мен емес пе»?- деген екен. Сонда Сырымбет би тізерлей кетіп, баланы құшақтай еңіреп жылап: Ел қамын ойлар ізбасарым жоқ деп уайымдап жүрсем, қасымда екенсің ғой, арыстаным! –дейді. Бұл бала би – Дербісәлі болатын. Бала кезінен тапқырлығымен, ерлігімен көзге түсе бастаған бала, есейе келе елінің қамын жеген батырға айналды.
— Железин ауданы патша үкіметі «Мұздыкөл болысы» деп аталған. Қазақ тарихынан бұл өңірдің алар орыны ерекше. Бұл киелі өлкеден талай батырлар мен билер, ақындар мен жазушылар және қажылар шықты. Сондай ұлы адамдардың бірі – Абылайханның кеңесшісі, бүкіл қазаққа билік айтқан төбе би, қол бастап шүршітке барып шүйліккен, найзасын жоңғарға түйреген Дербісәлі батыр. Ол VХІІІ ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы тұрып, Ертіс, Ом және Обь өзендерінің бойын азат еткен. Батырдың жерленген зираты кеңес үкіметі тұсында жермен жексен етілді. Айналасы жыртылып, егін отырғызылды. Табын-табын мал бағылды. Осылайша, киелі жердің киесі кетіп, өңірдің құты қашқан. Бұл да, қасақана жасалған дүние еді. Бір қазақтың бағы үшін туған батырдың ерлік-істері мен есімін біржола санадан өшіру мақсаты болатын. Дегенмен, кейін өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Батырдың жатқан жерін тауып, белгітас орнату мүмкіндігі туды, — дейді Ербол Қайыров.
Ғылыми конференцияға қатысқан өңірдің зиялы қауым өкілдері болашақта Дербісәлі батырдың тұлғасын таныту, атын кейінгі ұрпақ санасына сіңіру шараларын көптеп ұйымдастыру керек деген пікірлер айтты. Ал, журналист Амантай Тойшыбайұлы батырдың атын сол Церковое ауылына беру қажет деген ұсынысын ортаға салды. Жиынға қатысқандар да бірауыздан қолдап, құптайтындарын білдірді. Сондай-ақ, 2021 жылы батырдың туғанына 320 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай зиратының басына кесене орнату, кітап шығару және Павлодар облысының сакралды орындар тізіміне енгізу мәселелері көтерілді.