Ұлы тұлғалардың ұрпағына насихаты
Төле би бабамыз:
Атадан ұл туса игі,
Ата жолын қуса игі.
Өзіне келер ұятын,
Өзі біліп тұрса игі…, – деп Хақ Тағаланың берген үлкен сыйы перзенттің тәрбиесі әкеге байланысты екенін айтқан.
Расында, әке – балаға сыншы. Бала әкенің тәрбиесін көріп өседі. Екі дүние сұлтаны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әке баласына жақсы әдептен артық сый бере алмайды», – деп тәрбиенің қаншалықты баға жетпес қазына екенін түсіндірген.
Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса,
Жан мен тәннің шырағы.
Қызың жақсы болса,
Жайқалып өскен құрағы…, – деп Төле би айтқандай, жақсы тәрбиенің нәрімен сусындап өскен ұл-қыз – ата-анасының мерейі.
Осман Хатыби: «Мен Ибн Омардың (р.а.) бір кісіге: «Балаңа әдеп үйрет. Өйткені сен, балаңа қандай әдеп бергеніңе және не үйреткеніңе жауаптысың. Ал, ол саған жақсылық жасауға және бойұсынуына міндетті», – деген.
Ибн Мубәрактан (р.а.): «Кісіге берілген ең жақсы нәрсе не?», – деп сұрағанда: «Мол ақыл», – депті. «Ол болмаса ше?» – дегенде: «Жақсы әдеп», – депті. «Ол болмаса ше?», – дегенде: «Кеңесіп ақыл сұрайтын ізгі бауыр», – депті. «Ол болмаса ше?», – дегенде, «(Орынсыз сөз айтып өкінгенше) Үндемеу», – депті. «Ол болмаса ше?», – деп сұрағанда: «Жылдам келген ажал», – деп жауап берген екен.
Әрине, балаңызға өміріне ең қажетті дүниелермен қамтамасыз етуді қалайсыз. Бірінші кезекте біліміне мән бересіз.
Абдулла бин Аббас (р.а.) риуаяты:
«Бір күні Алла елшісінің (с.ғ.с.) артында болатынмын. Ол кісі маған: «Ей, балам! Мен саған бірер сөздерді үйретемін: Алланы есіңде сақта, Алла сені сақтайды. Алланы есіңде сақта, (керек кезде) қарсы алдыңнан табасың.
Бір нәрсе сұрағың келсе, Алладан сұра. Көмек қажет болса, Алладан жәрдем тіле. Біл! Егер халық жиналып саған бір пайда бермек болса Алла маңдайыңа жазған нәрседен артық бір пайда бере алмайды.
Ал, егер халық саған бір зиян тигізбеп боп жиналса, Алланың саған жазған зиянынан басқа ешбір зиян тигізе алмайды. (Тағдыр жазған) қалам көтеріліп, парақтар кеуіп бітті», – деген екен.
Лұқман Хәкім (р.а.) баласына өсиеті:
«Балам! Мен тасты да, темірді де әрбір ауыр затты дерлік көтеріп көргенмін, бірақ жаман көршіден ауыр нәрсені көтергенім жоқ.
Балам! Мен ащы атаулының түгел дәмін таттым, бірақ кедейліктен ащы нәрсенің дәмін татпадым».
«Балам! Дүние – терең теңіз. Онда көп адам батып кеткен. Сенің кемең – Алладан қорқу (тақуалық), ескегің – Аллаға иман, желкенің – Аллаға тәуекел болсын. Міне, сонда аман қаларсың, бірақ аман қалғаныңды көріп тұрғаным жоқ».
Сүлейменнің (ғ.с.) баласына айтқан өсиетінен:
«Кімде-кім жамандық істейтін болса, әуелі өзінен бастасын»,-деген екен. «Балам! Алла Тағаладан қорқушы бол. Өйткені бұл қасиет барлық нәрсені жеңіп шығады»,-деген екен.
«Балам! Дұшпаныңды ашуландырғың келсе, балаң мен әйеліңді дұрыс тәрбиеле».
«Балам! Жөн білетін адаммен ақылдаспайынша шаруа жасама. Расында, осылай етсең еш өкінбейсің».
Умайр бин Хабиб (р.а.) балаларына өсиеті:
Умайр бин Хабиб Ридуан байғатына қатысқан сахаба. Әкесінің жаназасын пайғамбар (с.ғ.с.) оқыған.
Немересі хадис ғалымы – Әбу Жағфар Хатми. Әбу Жағфар Хатми баян етеді: «Атам Умайр бин Хабиб балаларына өсиет етіп: «Ей, балаларым! Ақымақтармен араласудан сақ болыңдар.
Өйткені, олармен бірге отыру – дерт. Кімде-кім ақымаққа жұмсақ болса, жұмсақтығынан пайда көреді. Ал, ақымаққа жауап берсе өкінеді. Кімде-кім ақымақтан келген азға көңілі толмаса, көпке көңілі толады.
Кімде-кім жақтырмаған нәрсесіне сабыр етсе, ұнаған мақсатына қолы жетеді. Сендердің бірің жақсылыққа шақырып, жамандықтан тимақ болса сол жолда тап болатын зиянға дайын тұрсын.
Бұл істің сауабы Алладан екеніне кәміл сенсін. Кімде-кім Алладан сауабы болатынына сенсе, ешбір зиянды тозаң құрлы көрмейді».
Мұғаз бин Жабал он сегіз жасында мұсылман болған. Ақаба байғатына жетпіс кісі ішінде қатысқан сахаба.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «…Үмбетімнің ішінде халал мен харамды ең жақсы білуші – Мұғаз бин Жабал…» және «Құранды мына төрт адамнан үйреніңдер: Ибн Масғұд, Әбу Хузайфаның қызметшісі Салим, Убай бин Кағб және Мұғаз бин Жабал», – деп Мұғаздың (р.а.) қасиеттерін айтқан.
Мұғауия бин Құрра (р.а.) әңгімелейді:
Мұғаз бин Жабал (р.а.) баласына: «Ей, балам! Намаз оқитын болсаң, мұнан кейін ешқашан қайта намаз оқымайтын, онымен қоштасып жатқан кісіше оқы.
Ей, балам, біл! Мұсылман екі жақсылықтың ортасында өмірден озады. Ол: жасаған жақсылығы мен жасай алмаған жақсылығы», – деп өсиет еткен.
Хасан бин Әли (р.а.) өсиеті Хасан бин Әли (р.а.) баласына:
«Ей, балам! Ғалымдармен бірге отыратын болсаң, сөйлеуге емес құлақ қойып тыңдауға әуес бол. Көркем үнсіздікті үйренгенің сияқты дұрыс отырып тыңдауды да үйрен. Кешке дейін созылып жатса да ешбір ғалымның сөзін бөлме», – деп өсиет қалдырған.
Ұлы тұлғалардың ұрпағына насихаты осындай болған.
Руслан ҚАМБАР.