ҰЛЫ ҰСТАЗДЫҢ ШӘКІРТТЕРІНЕ АЙТҚАН ӨНЕГЕЛІ ӨСИЕТТЕРІ…
Имам Әбу Ханифа өз шәкірттерін жақсы көретін. «Сендер менің көзімнің нұры, көңілімнің жұбанышысыңдар», — деп оларға жүрекжарды сөздерін арнайтын.
Білім-ғылым іздеуге ерекше мән берген Имам Ағзам шәкірттеріне ерте үйленуге рұқсат бере бермеген. Осыған қатысты ол: «Әуелі білім ізден! Кейін адалдан мал жина! Содан кейін ғана үйлен! Егер білім ізденетін шақта мал жинаудың соңынан түссең, білім ізденуге шамаң жетпей қалады…
Осылайша білім алудан бұрын дүние және әйелдермен әуре болып, уақытың зая кетеді. Бала-шағаң көбейіп, солардың тіршілігін реттеймін деп жүргеніңде білімді тәрк етесің.
Ойың, жүрегің таза, жастық шақта білімнің соңына түс! Білімнен кейін ғана қолыңда дүние-мүлік болу үшін мал жина! Себебі бала-шағаның, дүние-мүліктің көп болуы адамды әбігерге түсіреді.
Мал-мүлік жинап алғаннан кейін ғана үйлен!» — дей келе білім іздеуден ешқашан қол үзбеуге шақырып: «Он жылдап кәсіпсіз, азықсыз ғұмыр кешсең де білімнен сырт айналып кетпе! Білімнен сырт айналсаң өміріңнің, тұрмысыңның ауыртпалығы арта түседі.
Білімге деген қызығушылықтарын арттыру үшін әрбір шәкіртті балаңдай көріп, білім беруге күш сал!
Алған біліміңнің дүниеде және ақыретте қызығын көремін десең, жақсылықтан қол үзбе!
Талабың таудай болсын! Себебі талабы кішірейген адамның мәртебесі де төмендей береді», — десе, ғылымның берекетінен құр қалмау үшін: «Ғалымдарды қатты құрметте!» — деп ерекше ескертеді.
Дереккөзі: Алау Әділбаев, Түсіпхан Имаммәди. «Ғұмыры ғибрат ғұлама Имам Ағзам Әбу Ханифа» кітабы
©️ mihrab.kz
Бақдәулет Қиясбекұлы парақшасынан.