ҰЛЫ ЖАНУАР-ҰЛУ

Ерте, ерте, ертеде ұланғайыр қазақ мекенінде ерекше бір батыр өмір сүріпті.
Астында желден де жүйрік тұлпары, кеудесінде мейірімге толы жүрегі, ділінде қайраты мен сенімі, көкірегінде осынау әлемді тани алатын білім көзі болыпты. Ол кірпік қақпай мынау алып мекенді қорғап жүріпті. Барлық тау мен тастың, барлық өсімдіктер мен жануарлардың қасиеті мен сырын біліпті. Қазақ даласының бар байлығына қуанып: — Келер ұрпағым еш жоқшылық көрмей, өз жерінде өсіп өнеді,- деп әр күн сайын қуанып, осы мекенге жақындаған жауыздық атаулыны таудан асыра қуып тастап отырыпты. Әрине, бұл жердің ғажап сұлулығы мен таусылмас байлығы сырттағы басқа елдің батырларының да көзін қызықтырыпты. Бірақ келе алмапты. Себебі күндіз-түні жүйрік тұлпар үстінен түспей, айналаны көз жазбай күзетіп жүрген батырдан қорқыпты. — Бұл батырды қалай жеңеміз, көзін қалай құртамыз?- деп барлығы кеңес құрыпты. — Бұл батырдың күші қайда екенін білу керек, сол күшін жоймасаңдар, оны жеңе алмайсыңдар — деп ақыл беріпті араларындағы білімді қариясы. Қазақ жеріне тыңшы жіберіп, батырдың күші қайда жасырулы тұрғанын білуге бәтуаласыпты. Тыңшы ұзақ жүріпті, ел ішінен сатқын табылса, содан сырын біліп алармын деген ойы іске аспапты. Ол кездері қазақ елі бір сеніммен, бір мақсатпен бір жұдырықтай болып тату отырған кезі екен. Ешкім сыр шашпапты, тыңшының ұсынған қымбат заттарына ешкім қызықпапты. Бұған қатты ашуланған тыңшы батырды өзі аңдуға кірісіпті. Бір айлы түні батырдың кәдімгі жылан мен тасбақа екеуімен сөйлесіп отырғанын көріпті. Сұхбатқа қызып кеткен батыр тыңшының жақын келіп тыңдап тұрғанын сезбей қалыпты. Жылан мен тасбақа енді қысқы ұйқысына кететінін, келер көктемге дейін кездесе алмайтынын, сондықтан батырға күш беретін «өмір шөбін» беріп кетуге келгенін айтыпты. Ол «өмір шөбі» тасбақаның аузында келер көктемге дейін тістеулі болады екен. Өзі өліп қалмас үшін тасбақалардың патшасы екі шөп тістеп жүр екен. Біреуін осы батыр үшін дайындайды екен. Ал, жылан тасбақаның қауіпсіздігі үшін оның үнемі қасында жүреді екен. Енді осы шөпті батырға беретін уақыты келген екен. Тасбақа аузынан бір шөп алып, батырға ұсыныпты. Сол кезде ғажап хош иіс далаға жайылып кетіпті. Хош иіске елтіген тыңшы сол жерде ұйықтап кетіпті. Оянса, батыр да, тасбақа мен жылан да көзіне көрінбепті. Енді тыңшы батырды тауып, оның шөбін ұрлап алуға әрекет етіпті. Бірақ батырға күші жетпейтінін біліп, еліне барып, көрген білгендерін айтыпты. Енді батырды ұстап алуға, оның күш беретін «өмір шөбін» тартып алып, жеңуге болатынын білген жау батырлары қазақ даласына жорық бастапты. Бұл уақыт көктем жақындаған, «өмір шөбінің» де әлсіреген кезі екен. «Өмір шөбін» әкеліп беретін тасбақа әлі ұйқыдан тұрған жоқ еді. Қазақ батыры қаптаған жаумен жалғыз алысып жүргенде қатты жараланады. Қан көп кетіп әлсіреген батырды астындағы тұлпары бір бұлақ жағалауына апарып қалың шөп арасына түсіреді де, жауды алдау үшін солардың көзінше даламен шаба жөнеледі. Батыр тұлпардың үстінде деп ойлаған жау батырлары тұлпарды қуып кете барады. Қазақ батыры көп қан жоғалтады, әлсірей береді. Батырдың халі нашарлағанын білген шалғын желге айтады, жел бүкіл жан-жануарларға жеткізеді. Қазақ даласындағы бар жануарлар өздерінің қамқоршысы болған батырды құтқаруға келеді. Бірақ ешқайсысы батырдың жарасын таңа алмайды, ағып жатқан қанын тоқтата алмайды.
— Келмей қалған кім бар?- деп қаһарланады Сыр бойының жолбарысы. «Бірде бір жануар қалмасын!»- дегенмін деп гүрілдейді Алатау барысы. Сол кезде:
— ⁠Мен келе жатырмын,- деген әлсіз дауыс естіледі. Бәрі таңданып қарап қалса, әрең қимылдап келе жатқан Ұлу екен.
-Осынша ірі жануарлар ешнәрсе істей алмағанда, сенен қандай көмек болмақшы?- деп тәкаппарлана қалыпты түлкі. Оған мән бермеген Ұлу баяғысынша, жылжи берді, ешкімге, еш сөзге мән бермеді. Батырдың кірпігі әрең қимылдап жатты. Ұлу: — жетсем екен, тәнінің жарасына ем болсам екен…,- деп жылжи берді. Жетті-ау ақыры… Келді де, қаны сорғалап жатқан жараға бар тәнімен жабысып жата қалды. Өзі де әбден шаршаған, қимылсыз жатты. Батыр бойына ерекше бір күш пайда болғандай, көзін ашты. Қараса, Ұлудың денесінен шыққан шырыш жарасын бітеп, қанды тоқтатыпты. Батыр есін жинап: » Ұлы жануар!» — деп айтқысы келіпті. «Ұлы жануар». Оның сөзінің соңғы жағы естілмепті. Жел қағып алып : » Ұлу , ұлу!»- деп сүйіншілепті. Бар жануарлар батырды аман алып қалғанына ырзалықпен кішкентай момын жануарға «Ұлу» деп қол соғыпты. Бұрынғы аты ұмытылып, содан бері «Ұлу» атаныпты. Содан бері Ұлу қазақ даласының киелі бір мүшесі болып саналыпты…
Қазақ даласының сорғалаған қанын тоқтатып, әлсіреген тәніне күш беру үшін Ұлу келді❗ Қадамың құтты болсын, қасиетті жануар❗