Ұлы жеңіске -75 жыл

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ТЫЛ АРДАГЕРІ Ұлы Отан соғысы осыдан 75 жыл бұрын аяқталғанымен оның салған жарасы талай жүректерді әлі де сыздатып келеді. Балғын балалық шақтары осынау зұлмат жылдармен тұспа-тұс келген жандар қаншама? Бірі қару көтеріп соғысқа аттанса, енді бірі тылдағы еңбектерді үлкендермен бірге бөлісті. Мереке қарсаңында, ел басына түскен қиын — қыстау шақта тылда еңбек еткен тыл және еңбек ардагерлерінің бірі — мойынқұмдық Ибраев Қапан атаның үйіне сәлем бере бардық. Бүгінде атамыз қара шаңырақтың иесі, Оспанбай (Бошан) баласының қолында тұрады екен. Сонау соғыс жылдарында елдегі ауыр еңбектің салмағын иығымен көтерген 93 жастағы қария бес уақыт намазын оқып, қазіргі тіршілікке салауат айтады. Күтімін жасап отырған келіні Роза әкпе де қазақ әйеліне тән мінезбен, атасына байыппен сұрақтарын қойып отырды. Отбасының берекесіне айналған тыл ардагері әлі де тың, еске сақтау қабілеті де жақсы. Төңірегіне шырай беріп, ұрпақтарына үлгі болып отыр. Еңбек ардагерінің әсерлі әңгімесінен кейін, әрбір ыстық күндер сәтіне қайта үңіле түскендей болдық. Қапан ата 1927 жылы, 15 маусымда «Бурыл-Байтал» ауылында дүниеге келген. 1934-1940 жылдары аталған ауылдағы орта мектепте білім алып, колхоздың барлық жұмысына қатысады. Ол өзінің әңгімесінде Жеңістің оңай келмегендігін, соғыс пен тылда қаншама қан мен тер төгілгендігін, жастардың бейбіт заманда өмір сүріп отырғаны ата-бабаларымыздың тілегімен, Ұлы Жеңісімен келгендігін тілге тиек етті. — Әке-шешем жай шаруа адамдары болды. Әкем колхоздың малын бақты. 21 қазан 1944 жылы әскерге алынып, Перм облысының Часавой қаласындағы қару-жарақ жасайтын зауытта 3 жыл үздіксіз жұмыс істедім. 1947 жылы Теміртау қаласындағы металлургия зауытында еңбек еттім. Соғыс кезінде Қазақстан майданды киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Жас деп ешкім қараған жоқ. Колхозда барлық жұмысты қарттар, әйелдер, балалар атқарды. Бірақ еш мойыған емеспіз. Тынымсыз еңбектің арқасында ғана жеңіске жететінімізді білдік. Сондықтан, жас болсақ та «Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен уақытпен санаспай еңбек еттік, — деп өткен күннің естеліктерін еске түсірді тыл ардагері.

 

 

1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы елге де, ерге де үлкен сын болды. Кеңес әскерiнiң қатарында бiздiң Республикамыздың бiр миллион 200 мыңнан астам ұлдары мен қыздары соғысты. Осындай сын сағатта кеңес халықтарының туысқандық достығы ерекше көзге түсті.Отан қорғаушылар жасаған ерліктер мәңгілік және уақыт ағысымен жоғалып кетпейдi. Сол бір каhарлы соғыс жылдары алыстаған сайын оның маңызын бiз ерекше ұғына түсудемiз. Мiне бүгін халқымыздың бейбітшілікте, тоқшылықта өмір сүрiп жатқаны, соғыс ардагерлерi мен тыл еңбеккерлерінiң арқасы! 1418 күн мен түнге созылған қан майданда бүгінгі жастардың болашағы мен бақыты үшін тер төккен ата — бабаларымыздың даңқы еш уақытта ұмытылмайды.Соғыстан қайтпаған мыңдаған қазақтың жаны жаннатта болсын! Аудан тұрғындарын Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтаймын, елімізге бейбіт өмір тiлеймiн!