Ұлы жібек жолының алғашқы картасы және жоғалған кітап
Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз Жібек жолымен тығыз байланысты. Себебі түркі халықтарының қасиетті мекендері түгел осы Жібек жолының бойына орналасқан. Жібек жолын ашу тек Қытаймен ғана шектелмейді, Жібек жолын ашу және оны Еуропаға дейін жалғастыруда түркі халықтарының қосқан үлесі қытайларға қарағанда артығырақ. Егер тарихта түрік болмаған болса Жібек жолының болуы да мүмкін емес.
Біздің жыл санауымыз бойынша ІІІ ғасырда ежелгі Қытайдағы Хань империясы құлап, оның орнына өз ара қырқысқан ұсақ мемлекеттер пайда болды. Тарихтың бұл үрдісі бірнеше ғасырларға созылды. Сонымен тарих керуені ақырын жылжып б.з 581 жылға келгенде Қытайда Яңжиян деген адам тоз-тозы шыққан Қытайды қайтадан бірлікке келтіріп, Суи династиясын құрып, өзін Венди патша деп жариялады. Венди патша таққа отырысымен бар күшін мемлекетті оңалтуға арнады. Мемлекеттің билік апараттарын патша ордасына шоғырландырып, саясат пен экономикаға бір қатар реформалар жүргізді. Мемлекеттің жаңа ақшасын шығарып, тың жерлерді ашып, шекара өңірлері мен қатынас жолдарын дамытты. Нәтижесінде халқының саны артып, шаруашылық шалқыды. Заман сырғып 605 жылға келгенде Суи династиясында Яңгуаң таққа отырып өзін Яңди патша деп жариялады. Яңди билікке келісімен мемлекетті көркейту ісінде табандылық таныта білді. Мемлекет ішіндегі жол қатынастарын үсті-үстіне жақсартып, Қытайдың солтүстігі мен оңтүстігін тұтастыратын алып су жолы Даюнхы каналының құрлысын сәтті ақырластырды. Алайда оның алдында тағы бір маңызды міндет тұрды, ол — сауда істерін дамыту арқылы Батыс аймаққа ( ежелгі заманнан бері қытайлар Орта Азияны Шиүй -Батыс аймақ деп атап келді) жол ашу еді.
Сол тұста патша ордасында көреген де білімді, сыртқы байланыстарға шебер Пейжүй деген уәзір болған-ды. Оның арғы аталары да патша ордаларына адал қызмет атқарған сенімді ұлықтардан болыпты. Пейжүй Түрік қағанаттығының екіге жарылуына себепкер болған адам. Ол өзінің сыртқы байланыстардағы айлакерлік әдістеріне сүйене отырып түрік қағандарының ортасына от жағып, араздық туғызған. Сондай айлакер саясаттың кесірінен бүтін түрік қағанаттығы батыс және шығыс түрік қағанаттығы болып екіге жарылды. Сол Пейжүйдің қулығы негізінде Суи патшалығы өзінен неше есе күшті Түрік қағанаттығын соғыссыз жеңіп алғанды. Суи Яңди таққа келген соң Пейжүйді ордадағы ең сенімді бес уәзірдің бірі етіп тағайындады.
Күндердің бірінде Суи патшасы Пейжүйді ордасына шақырып кеңес құрғаннан кейін оны Хыши дәлізіне орналасқан маңызды суда орталығы Жаңие (қазіргі орны Гансу провинциясы, Жаңие қаласы) қаласына барып барлау жасап, сауда істерін реттеуге жұмсайды.
Хыши дәлізі ежелден ішкі Қытайдың батысқа бағыттаған сауда жолы өтетін маңызды аймақ болып есептеледі. Оңтүстік қапталында алып Чилиян (Кілен, ежелгі ғұн тілінде тәңір деген мағынаны білдіреді) тауы шығыстан батысқа созылып жатады, солтүстік қапталында біріне бірі тізбектелген шөлді аймақтар батыстан шығысқа қарай созылып жатады. Сол Суи патшалығының тұсында Хыши дәлізінің оңтүстігінде тұйғындар, ал сол- түстігінде түріктер мекен ететін. Қытай елі үшін осы екі ұлыстың қыспағы ортасынан Батыс Аймаққа шығуға тек Хыши дәлізінің ғана көмегі тиетін.
Батыс Аймаққа жол ашу, сауданы дамыту, өзге елдермен қарым-қатынас орнату, шекараны кеңейту — Янди патшаның аңсаған арманы еді. Сондай арманды арқалаған оның уәзірі Пейжүй 606 жылы патша ордасы Лояңнан аттанып Чиңлиң асуын асып, Хуаңхэдан өтіп Хыши дәлізіне жеткен соң ондағы Жаңие, Увей сияқты жерлерге барлау жұмыстарын жүргізіп, Жаңие қаласындағы сауда істерін реттеуді қолға алады.
Суи патшалығы тұсында Жаңие қаласы шетелдермен сауда қатынастарын орнатуға қолайлы орын болып табылды. Қытайдың орта жазығында ұзаққа созылған соғыс болғандығы үшін Батыс Аймақтан келетін суда керуендері ішкі Қытайға өтуден тартынып тек осы арадан ғана сауда жасап кері қайтатын. Жаңие қаласына сол тұста арысы Парсыдан, берісі Батыс Аймақтағы Гаучаңнан, түстігі тұйғыннан, терістігі түркі ұлыстарынан саудагерлер келетін. Сол қалада Батыс Аймақтан нефрит тастар, қош иісті заттар, металдан құйылған ыдыстар, кептірілген жидектер және көшпенділер тарапынан түйе-жылқы, бағалы аң терілері, құс қауырсындары, жүн-тері сияқты заттар саудаға салынатын. Сонымен қатар Қытайдың жібегі, шайы, фарфордан жасалған ыдыстары жан-жаққа сауда керуендері арқылы тасымалданып жататын. Тағы бір айта кетерлігі алыс шалғайлардан келетін сауда керуендеріне ілесіп миссионер, елші, әнші-биші, саяхатшы сияқты әр түрлі адамдар да сол қалаға баратын.
Пейжүй Жаңиеге келісімен шетелдермен болатын сауданы барынша қолдап, саудагерлерге түрлі қолайлы жағдайлар жасап, шетелдіктердің Суи елімен етене болуына жағдай жасаса, енді бір жағынан шетелден келген түрлі саладағы адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен ашық-жарқын әңгімелесті. Ол өзінің уәзірлік мәртебесіне қарамастан кез келген адаммен еркін кеңесіп ,түрлі ақпараттарды жинады. Соның нәтижесінде шалғайдағы елдердің ішкі жағдайларын біле бастайды. Ол Жаңиеге келген әр бір шетелдіктен өзі келген елінің орналасқан жерін, тау-суларын, елінің басқару жүйесін, салтын, тілін, жейтін тамағын, киетін киіміне дейін егжей-тегжейлі сұрап алып хатқа түсіреді, әрі сол адамдардың түр тұлғасының суретін аса шеберлікпен қағазға салып алады.
Пейжүй Жаңиеде бір жыл жайлап жатып, тынбай еңбектеніп «Батыс Аймақтың суретті жазбалары» атты үш томдық кітапты жазып шығады. Аталмыш кітапқа Батыс Аймақтағы мемлекеттердің жағдайы, орналасқан жерлері, жол қатынастары, мемлекеттің басқару жүйесі, елінің салт-санасы, тілі, ғұрып әдеттері, сауда істері туралы мәліметтер мен әр елден келген адамдардың суреттері және жол карталары енгізілген.
606 жылы Пейжүй Суи елінің астанасы Лояңға қайта барып, патшаға Батыс Аймақтағы елдердің жағдайын толық түсіндіріп, өзі жинақтаған «Батыс Аймақтың суретті жазбалары» атты кітапты табыс етеді. Патша шексіз қуанышқа бөленді. Сол сәттен бастап ол Пейжүйдің мәліметтеріне сүйене отырып болашақ жоспарларын жасады. Содан көп өтпей Хыши дәлізінің оңтүстігіндегі тұйғындарға тұйықсыз шабуыл жасап, тұйғындарды бас көтерместей етіп жеңді. Артынша Қытаймен Батыс Аймақ арасындағы сауда жолын ретке салып, батыстан келетін сауда керуедерін ішкі қытайдың Чаңан (бүгінгі Қытайдың Ши-ань) қаласына дейін қатынауына жол ашты.
Аталмыш «Батыс Аймақтың суретті жазбалары» атты кітапта Қытайдан Батыс Аймаққа қатынайтын сауда жолының үш бағыттағы картасы көрсетіліп, Батыс Аймақтағы тохар, таңғыт (даңшияң), тұйғын, түрік сияқты 44 елдің мәліметтері мен оларға қатысты суреттер берілген. Бұл сол кездегі патша ордасы үшін үлкен жаңалық, баға жетпес құнды құжат болып табылды. Өкінерлігі, бұл кітап сол алмағайып замандарда жоғалып кеткен, біздің заманымызға тым болмағанда жыртық парақшалары да жетпеген. Ал кітаптың мазмұндары жайлы дерек бар, ол « Суи жылнамасы: Пейжүйдің өмір баянында» көрсетіледі. Онда «Батыс Аймақтың суретті жазбалары» атты кітапттың кіріспесі берілген. Жылнамада былайша хатталған:
« Керуен жолы Жаңиеден шығып Донхуаңға (Дахата, Дон хуаң — Хыши дәлізінің батыс қақпасына орналасқан маңызды кент, Ұлы жібек жолы бойындағы батыс-шығыс мәдениеттерін түйілістірген мәдениет орталықтарының бірі. Хань Уди Хыши дәлізіндегі ғұндарды ығыстырып шыққанан кейін құрған батыстағы төрт әкімшілік орталықтарының бірі. Қазіргі орыны Қытайдың Гансу провинциясындағы Донхуаң қаласы) жеткен соң жол үшке бөлініп кетеді. Үш жолдың үшеуі де маңызды керуен жолдары.
Терістік жол Донхуаңнан шығып Үбір (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Құмыл қаласы), Барыс көл (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Баркөл ауданы), теле тайпалары мен түрік қағанаттығының жерлерін басып солтүстікке ағатын өзеннен (қазіргі Іле өзені) өтіп Рум жеріне жеткен соң батыстағы теңізге ( бүгінгі Жер Орта теңізі) барып тіреледі.
Ортаңғы жол Донхуаңнан шығып Гаучаңды (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Тұрпан қаласы), Янжиді (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Янжи ауданы), Кучаны (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Күшар ауданы ), Шәлікті (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Қашқар қаласы) басып Цоңлиңнан (Памир) асып Ферғана еліне жетеді, одан ары қарай Шутыршна елі, Қаңлы елі, Кебут елі, Кошания елі, үлкен Арсак және кіші Арсак, Амол елдері арқылы Парсыға өткен соң батыс теңізге (бүгінгі Парсы шығанағы) барып тіреледі.
Оңтүстік жол Донхуаңнан шығып Пішамшанды (орыны қазіргі Шыңжаңдағы ежелгі Кроран қаласының орыны), Ұдынды (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Хотан қаласы), Сакукті (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Қағылық ауданы), Кавантаны (орыны қазіргі Шыңжаңдағы Тасқорған ауданы) басып Цоңлиңнан (Памир) асып Уахан (орыны қазіргі Ауғаныстандағы Уахан қаласы), Тохар (орыны қазіргі Ауғаныстандағы Абат жері), Абдал (орыны қазіргі Ауғаныстандағы Заришап), Бамиян (орыны қазіргі Ауғаныстандағы Бамиян), Жагуда (орыны қазіргі Ауғаныстандағы Жагуда) жерлері арқылы солтүстік Брахманға (Бүгінгі Пакстан жері) өткен соң барып батыс теңізге ( Араб теңізі) тіреледі.
Жоғарыда аталған үш жолдың бойындағы елдер оңтүстіктен солтүстікке, солтүстіктен оңтүстікке баратын жолдар арқылы бір бірімен байланыста болып тұрады. Шығыс Қыз елі ( сол замандағы Ферғананың батысындағы бір ел) мен оңтүстік Брахман (қазіргі Үндістан) елі бір бірімен оңтүстік-солтүстік бағыттағы жол арқылы қатынай алады. Үбір, Гаучаң, Пішамшан қалалары Батыс Аймақтағы маңызды өткелдер, ал тоғыз жолдың торабындағы Донхуаң болса Батыс Аймақтың бас қақпасы», делінген.
Яңди патша осындай маңызды жазбаша мәліметке сүйене отырып елінің кейінгі болашағын болжады. Батыс Аймақтағы елдермен байланыс орнатып, сауда істерін барынша дамытты. Батыс Аймаққа қатынайтын сауда жолдарының картасы салынды. Ол картадағы жолдар бүгінгі біздер айтып жүрген Ұлы Жібек жолы.
Ал Пейжүй жазған кітап қайда, қашан жоғалды, дәп басып айту қиын. Кім жоғалтты, ол жағы да белгісіз. Тек бір анығы ол кітапта бүгінгі Орта Азияда кезінде қандай елдердің болғаны, Түрік қағанаттығының жалпы жағдайы қалай болғаны туралы көп мәліметтердің болғаны рас. Оның ішінде патша ордасында бұрмаланып жазылған жылнамаларға қарағанда дәп басып айтылған шындықтардың болғаны да рас. Өкініштісі ол кітап қазір жоқ. Бәлкім күндердің күнінде бір дерегі шығып та қалар.
Қалбан Ынтыханұлы
деректанушы, аудармашы
Астана қаласы