Ұлық болсаң, кішік бол!.. немесе көш бастаған колледждің білікті басшысы туралы бірер сөз

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Білім беру ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарының иегері, екі мәрте (2015, 2017 жж) жылдың ең үздік басшысы ұлттық сертификатын иеленген, Астана қаласындағы Гуманитарлық колледждің директоры Әділхан Шаймағамбетұлы Жүсіпов 2017 жылдың 13 қарашасында 63 жасқа толады. 16 жылдан астам уақыт Арқадағы мұғалімдер дайындайтын алғашқы оқу ордасының тізгінін ұстап, жас ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосқан ел азаматының үш қыры туралы жазбақ болып, қолыма қалам алдым.

 

Еңбекқор

Орыс жазушысы Максим Горкийдің «Жер бетінде Адам атанудан артық міндет жоқ. Россия ақылды және адал адамдарға зәру» деген қанатты сөзі бар. Әрине ақылды, білімді және адал адамдар қай қоғамға да, қай елге де қажет. Біздің қоғамдағы осындай адамдардың бірі – Әділхан Жүсіпов. Елордамыздағы бақ-беделі жоғары оқу ордасының білікті басшысының азаматтық болмысын танытатын бірер мысал айталық.

Әділхан Шаймағамбетұлы еңбек жолын Торғай облысы, Жаңадала ауданы, Титов атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі қызметінен бастады. «Білім дегеніміз – күш, күш дегеніміз — білім», — деп Фрэнсис Бэкон айтқандай, өзі сүйетін кәсібіне адалдық танытып, балалардың білімге деген қызығушылығын оятып, ә дегеннен-ақ іскерлігімен, білімділігімен көзге түсті. Білімдар мұғалімді мектеп директоры келер жылы өзінің оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Әділхан ағамыз үш жыл осы қызметті абыроймен атқарды. Ауылдағы алақандай мектепте ісіне бекем, жауапкершілігі жоғары, бір-бірін бағалайтын берік ұжым қалыптасты. Соның нәтижесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Екі түлек мектепті алтын медальге бітіріп, төрт түлек Мәскеудегі беделді жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Еңбекқор азаматтың кәсіби тұрғыдан қалыптасуын жоғары бағалай келе 1979 жылы аудан орталығынан 120 шақырым жердегі Шалғай ауылына мектеп директоры етіп жібереді. Сол уақытта шалғайдағы мектептердің ең күрделі мәселесі – мұғалім мамандардың жетіспеушілігі болатын. Жергілікті жерде мүғалім жоқ, ал сырттан шақырылған жас мамандар ауылға тұрақтамайды. Алайда Әділхан Шаймағамбетұлы екі білегін сыбанып, іске кірісті. «Әділ істің арты игі» деген сөз бар. Игілікті істің нәтижесінде мұғалімдер тұрақтап, маман мәселесі толық шешілді. Іске және шәкіртіне деген сүйіспеншілігі бар мұғалімдар көбейген соң – білім сапасы жақсарды.

1983 жылы Жаңадала аудандық атқару комитеті оқу бөлімінің меңгерушісі қызметіне шақырылды. Жеті жыл осы қызметті де табысты атқарды. Аудандық білім беру саласына 15 жыл бойы сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, 1990 жылы Торғай облыстық білім беру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Торғай топырағы – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты Алаш арыстары, әйгілі Иман батыр мен оның ұлы Амангелдідей қазақ батырлары, майталман ақын-жазушылар, өнер саңлақтары, ғалымдар мен күрескерлер дүниеге келген жер. Ұлт ұстазы атанған Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларының алғаш сауатын ашып, мектеп құрған киелі өңір. «Қазақ даласындағы ілім-білімнің ошағы болған аймақ білім беруде де көш басында болуы керек» деген ой Әділхан ағаны үнемі рухтандырып, алға жетелеп отыратынын айту ләзім. Облыстық басқармаға қарайтын 169 балабақша, 266 мектеп, 25 мектептен тыс мекеме, 12 кәсіптік-техникалық училище, мұғалімдер білімін жетілдіру институты, спорт мектебі, жас туристер мен натуралистер станциясының жұмысын жандандыруға қыруар күш-қайрат қажет болатын. Әділхан аға өмір тәжірибесінде Ыбырай Алтынсаринның: «Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма – аймағың кетпес алдыңнан» деген қанатты сөзін бағдар етіп ұстады. Қай кезде болса да жігерлік пен табандылық таныта білді.

Торғай облысы жабылған соң еңбек жолын Астанада жалғастырып, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы директорының орынбасары болып қызмет етті. 1999 жылы Денсаулық сақтау, білім беру және спорт министрлігінің кәсіптік білім беру басқармасының бастығы, кейінірек орта кәсіптік білім беру департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. Аталған департамент жабылғаннан кейін, жоғары білім департаментінің бас маманы болып тағайындалып, орта білім мекемелерін лицензиялаумен айналысты. Бұл елімізде нарық талабына сай жаңа мамандықтар ашылып, университеттердің жанынан колледждер бой көтеріп жатқан кез болатын. «Білім беру туралы» заңға сәйкес, жеке меншік колледждер де құрыла бастады. Осы оқу орындарындағы маман дайындау сапасы, оның қоғамға қажеттілігі сараланып, тексеріс жүргізілді. Мұндай аса жауапты, күрделі жұмысты алғыр, іскер, әділ және аса тәжірибелі маман ғана атқара алатын еді. Әдекең осы сынақтан сүрінбей өтті. Елдің ертеңі үшін жасалған жаңалықтардың жаршысы бола білді. Көп ұзамай, анығын айтқанда, 2001 жылы Білім және ғылым министрлігі Әділхан Жүсіповке Астана қаласы Гуманитарлық колледжін басқаруға ұсыныс жасады.

 

Стратег

 

Өзінің тарихын сонау 1928 жылдан бастайтын Астана қаласы Гуманитарлық колледжі – Арқадағы мұғалімдер дайындайтын алғашқы оқу орындарының бірі. Тарихына үңілсек, ол 1944 жылы 6 маусымда Ақмола педагогикалық училищесі болып құрылды. Атап айтарлығы, 73 жылдық тарихында бірнеше мәрте атауы өзгерген колледжге 2001 жылы «Астана қаласы Білім беру департаментінің «Гуманитарлық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны» деген тұрақты атау берілді.

Осыдан 16 жыл бұрын, Әділхан Шаймағамбетұлы Астана қаласы Гуманитарлық колледжіне директор болып келгенде бар-жоғы 401 студент (73 оқытушы ғана болған) 5 мамандық бойынша ғана білім алып жүрген еді. Яғни, кәсіптік білім беруде заман талабына сай, бәсекелік қабілеті жоғары мамандарды дайындау мәселесі алда тұрды. Білімдар басшы іске құлшынып кірісіп, стратегиялық жоспар құрды. Ең алдымен, оқу орнының нормативтік құжаттары реттеліп, жарғысы даярланды. Бұрын болмаған әкімшілік қызмет құрылымы жасақталды. Арнайы оқу бөлімі ашылды. «Даму» атты байыпты бағдарлама әзірленді. Әсіресе, оқытушылардың білімін жетілдіруге назар аударылды. Қазір осы ұстаным сәтімен жүзеге асырылып келеді. Колледж оқытушылары 2005, 2006, 2007 жылдары Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында білімін жетілдіру курстарына қатысты. 2011 жылы АҚШ-қа, 2012 жылы Ұлыбританияға екі оқытушы жіберіліп, ағылшын тілінде заманауи оқытудың әдістемесінен халықаралық тәжірибеден өтті. Екі оқытушы 2013-2015 жылдары кәсіптік-техникалық білім беру саласы бойынша Минскіде білімін жетілдірді. Бұл – іргелі оқу орны басшысының стратегиялық саясатының жемісі.

«Білім  — мақсат емес, ол қару» депті өз заманында орыстың ойшылы Лев Толстой. Осы тәмсілді көкірегіне түйген білімдар басшының бастамасымен жаңа заманға қажетті мамандықтарды ашылды. 2001-2003 жылдары: «Дене тәрбиесі», «Музыкалық білім беру», «Бейнелеу өнері және сызу», «Технология», «Филология»;  2005-2006 жылдары «Информатика және есептеу техникасын оқыту», «Бастауыш сыныптың информатика мұғалімі», 2009-2011 жылдары «Мектепке дейінгі тәрбиеші», «Гувернер», «Практикалық психолог», «Негізгі орта білім беру», «Мемлекеттік тілде оқымайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары пайда болды. 2002 жылы колледж ішінен «Педагогикалық жаршы» журналы тұңғыш рет жарық көріп, этномәдени зал ашылды. 2004 жылы колледж тарихы туралы кітап, оқытушылар туралы энциклопедия жарыққа шығып, оқу ордасының мұражайы жасақталды. Әлемдегі үздік тәжірибеден шет қалмай, оқу ордасы Кембридж аймақтық колледжімен (Ұлыбритания), Түркияның ұлттық білім беру министрлігінің техникалық колледжімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Бір сөзбен айтсақ, 16 жыл ішінде барлық мамандықтар үшін оқу-материалдық базасын толықтай жабдықтаған, заманауи ақпараттық технологияларды енгізген колледж үздіктердің үздігі атанды. Әділхан Шаймағамбетұлы басқарған 16 жылдағы жетістіктерді тізбелей берсек, ақ қағаздың бетіне сыймайды. Мысалға, бір ғана 2017 жылғы жетістіктерін сөз етелік. Жалпы білім беру пәндері бойынша 27 колледж арасында өткен қалалық олимпиададан 1-інші орынға ие болды. Екінші мәрте  (біріншісі 2008 жылы) Астана әкімінің «Үздік колледж» грантын жеңіп алды.

Білім беру сапасын қамсыздандыру Тәуелсіз Қазақстандық агенттігі тарапынан институционалдық аккредитациядан үлкен жетістіктермен өтті. Сондай-ақ, 16 қазанда Қазақстан Республикасы Ұлттық бизнес рейтингінің «Жыл көшбасшысы» жоғары атағына ие болды. Биыл қараша айында мамандандырылған аккредитациядан өтуі жоспарланып отыр. Қазақстанның педагогикалық колледждерінің рейтінгісі бойынша 2015 және 2017 жылдары 1-інші орынға ие болды. «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесіне арналған «Біз – Қазақстанның болашағымыз!» атты спартакиадада 1-інші орынды жеңіп алды. 2016-2017 оқу жылдарының қорытындылары бойынша, «Техникалық және кәсіби білім беретін ең үздік мекеме» атанды. Бұл жыл сайынғы жетістіктердің бір парасы ғана.

 

Патриот

 

Көш басындағы колледжде қазір 9 мамандық бойынша 2 мыңнан астам студенттер дәріс алады. Бірлігі бекем, тірлігі сүттей ұйыған ұжымда 72 қызметкер, 161 оқытушы еңбек етеді. Колледждің қалыптасқан өзіндік дәстүрлері бар. Атап айтсақ, шәкірттер мен оқытушылардың тұлғалық өсуі, кәсіби жетілуі, шығармашылық шыңдалуы үшін аса қолайлы жағдай туғызылған. Мәселен, педагогтардың озық тәжірибесі, инновациялық жұмысы «Педагогтар аллеясында », «Педагогикалық жаршы» журналында, оқу ордасының сайтында жарияланады. Әр оқытушының жұмысының сапасы рейтингпен бағаланып, жыл бойы мониторинг жүргізіліп, көшбасшы анықталады. Директордың бұйрығымен ең үздік оқытушылар сыйақымен ынталандырылады. Солардың ішінен «Жылдың ең үздік педагогы» анықталады. Бүгінге дейін 23 оқытушы жоғары кәсіби шеберлігі және еліміздің игілігіне аянбай еңбек еткені үшін «Лучшие в образовании» энциклопедиясына еніп, «Білім беруді дамытудағы үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Бауыржан Момышұлының «Тәрбиелі – тәртіптің құлы» деген қанатты қай қоғам, қай орта үшін де маңызды. Бүгінгі жастарды белгілі бір адамгершілік дағдыларына баулу мақсатымен осы колледжде «Оқытушылар мен студенттердің ар-намыс кодексінің» қабылдануы таң қалдырарлық жайт. Жас ұрпақты жемқорлық деген жегіқұрттан жирендірудге шақыратын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін комиссия барын да біреу білсе, біреу білмейді. Білім мен ғылымда, өнер мен спортта, рухани даму сайысында көштің басында жүрген колледждің түлектері қала мектептерінде, еліміздің түкпір-түкпірінде, алыс-жақын шетелдерде табысты еңбек етіп жүр. Мұғалімдер дайындайтын бірден — бір оқу ордасының түлектеріне деген үлкен сұраныстың болуы да заңдылық. Сайып келгенде, толайым табыстар мен жоғары жетістіктердің барлығы өз елі мен жерін шын сүйетін, ұлтының бүгіні мен ертеңіне жанашырлықпен қарайтын, парасатты басшының ерік-жігері мен маңдай терінің нәтижесі.

«Бұл өмірде армансыз өткен пенде жоқ, сол асқақ арманға қол жеткізуде мақсатыңды орындауға талпынуың керек. Ол үшін үлкен жүрек, болаттай берік төзім керек деп ойлаймын»,- дейді 35 жыл педагогикалық жұмыспен айналысып келе жатқан Әділхан Шаймағамбетұлы. Міне, бұл туған еліме, өз халқыма адал қызмет етсем, бүгінгі жастардың терең білім алып, саналы адам болып қалыптасып, өмірден өз орнын табуына, бағыт-бағдарын айқындауына көмектессем деген жанның жүрегінің түкпіріндегі сөзі! «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демей ме, қазақ! Шынайы бақытын еңбектен тауып, білім беру ісіне күллі ғұмырын арнаған Әдекеңе ұжымдағы әріптестері де, оқу орнының студенттері де ерекше құрметпен, ізгі ілтипатпен қарайды. Соның дәлеліндей: «Қадірлі Әділхан Шаймағамбетұлы! Сіздің осынау ғибратты өмір жолыңыз бен еселі еңбегіңіздің еленген шағында пайғамбар жасына жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Еңбек – бақыттың көкесі! Осы зейнеткерлік жасыңызға дейін атқарған қажырлы еңбегіңіз әрі қарай еселеніп, арта берсін! Сізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, кетпес дәулет, аласармас абырой тілейміз!»,-деген жүрекжарды лебізін жеткізіпті. Осынау тамаша тілекке қосыла отырып, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген Әділхан Жүсіпов ағамызға шыққан биігіңізден ешқашан төмендемеңіз дегіміз келеді.

 

Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана.

 

Суретте: Әділхан Шаймағамбетұлы Жүсіпов.

Колледж көріністері.