ҰЛЫН ӨЛІМГЕ ҚИҒАН СТАЛИН

«Хороший ты себе дом  построил – генерал, – сказал Сталин, – Дети будут довольны! Через неделю, дом генерала, стал Детским домам!». Осы тәріздес әңгімелер  Ио́сиф Виссарио́нович Ста́лин (нағыз фамилиясы — Джугашви́ли, груз) жайында өте көп.

Сталин туралы орыс зерттеушілері басынан аяғына дейін тиянақты зерттеп, зұлымдығының шегі болмағанын айқындап берді. Қаншама деректі фильмдер мен кинолар түсірілді. Әйтеуір, Стекеңді олар аямады. Көрден алды, жерге салды. Ақырында қаншама миллион адамның өліміне себепкер тиран екенін нақты фактілермен дәлелдеп шықты.

Бірден айтайын, бұған менің де дауым жоқ. Жауыздың аты – жауыз!

Бірақ қатал тәртіп пен сұрқия саясат болмағанда, КСРО сияқты алып державаның аяғынан тік тұрып кетуі мүмкін бе еді? Біз осы жағына да кейде көңіл бөлгеніміз дұрыс секілді.

Билікті “меншіктеп” алу үшін, жеке-дара үстемдік құру үшін өзіне бәсекелестердің көзін жою, “маңайын тазарту” Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірден қалған жол емес пе еді? Біз оқыған тарих солай дейді. Бұл екі ханды қаншама әспеттеп көтерсек те, олардың жүріп өткен жолдары да қанға бөгіп тұр! Игі істері де бір-бір төбе, әрине!

Қанша қандыбалақ болса да монғолдар мен өзбектер екі ханның төбесінен шыбын ұшырмайды. Француздар Напалеонды асқақтатып отыр. Орыстар Иван Грозныйды пір тұтады.

Ал осы әлемдік тұлғалардың қатігездігі мен озбырлығы Сталиннен артық болмаса кем емес… Бірақ ұлт батырлары! Мақтаныш символына айналған аңыз адамдар.

Осы жерде қазақтың аймаңдай ақыны Төлеген Айбергеновтың: «Қажет жерінде қатігездік пен қаталдық керек десек те, Адамның заңғар ұлылығын сен, сағынышымен есепте» деген өлеңі есіме түсіп тұр. Ақын қандай мақсатта айтса да, залым Сталиннің де жаңа қоғам құруға деген іңкәрлігі мен сағынышы болғанын ешкім жоққа шығара қоймас.

Сталин – маған идеал емес. Алайда оның қаталдығы мен талапшылдығы, қазына-байлықты талан-таражға салуға жол бермегені, өзінің де қарапайым тіршілік кешкені үлгі. Мұны орыс зерттеушілері де мойындап қойған… Зұлымдығы мен қатігездігі өзінің соры!

Атақты Черчилдің «Сталин КСРО-ны орақпен қарсы алып, космос биігіне көтерді» деген бағасын да ұмытпайық. АҚШ Президенті Рузвельт те Сталинмен санасқан. Құрметтеген… Жақсы пікірлер айтқан…

Иә, Сталин ешкімді аямапты. Өзгені қайдам, қазақтың қаншама арыстарының көзін жойды. Бірі мен бірін қырқыстырып, біріне-бірін айдап салды. Ашаршылықты қолдан жасады. Ұлан-байтақ дала қан сасыды… Құлазыды… Аңырап қалды…

Сөйте тұра, мықты идеологияның арқасында, зұлым саясаттың дегені болып, қазақ халқы да, ақындары да бәрін ұмытып «Сталин жасасын!», «Сталин данышпан» деп жырға қосты. Бәлкім қарапайым халық зұлымдық желінің қай тараптан соғып тұрғанын білмесе керек. Алайда қанды қырғынды көзімен көрген сол кездегі зиялы қауымның өзі қу жан үшін Сталинге бас ұрды. Табынды. Асқақтатты. Қазақ халқы идеал көретін тұлғаларға обал енді…

Біздің елде бір атамыз «Сталин өлді» деген суық хабарды естігенде, қолындағы шай ішіп отырған кесесі жерге гүрс етіп жерге түсіпті. Жалма-жан әйеліне: «Менің түріме қарашы, өзгеріп кеткен жоқ па? Мен өзімді жайсыз сезініп отырмын», депті.

Тағы бір оқиға. Бір басшының баласы сырттан бір зат алып келгенде, әкесі: «Балам-ау, мына ісіңді Сталин көріп отыр. Жаның барында өз орнына апарып қой!» деген екен дір-дір етіп. Міне, қатаң тәртіп! Міне, қорқыныш!

Брежнев тізгінді сәл босатып алып еді, совхоз директорлары топ-тобымен сотталып жатты. Содан бастап ұрлық-қарлық белең алды… (Менің жеке ойым бұл).

Қазір Қонаев ақсақалды да сынайтындар шығыпты. «Орыстың бодауынан шықпады, қазақ мектептері жабылып жатқанда үндей алмады» деген сарында. Қонаевты қоя қой, дәл қазір тәуелсіз мемлекетіміз орыстың «құшағынан» босады ма өзі? 30 жыл болса да неге әлі орыс тілі үстемдік құрып тұр олай болса?

Қалай десек те, қалай даттасақ та Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи тұлға. Сіңірген еңбегі де зор. Қателік-кемшілігі де бір басына жетерлік. Сталинмен салыстыруға келмес.

Қазірдің өзінде тұңғыш президентті соғып жатқандар келешекте талай құпияның бетін ашарына дауым жоқ. Бәлкім Сталиннен де асырып жіберер…

Мен Сталинді қатаң тәртібі үшін сөз етемін. Өзі соған лайық болғаны үшін жазамын… Менің де аталарым «Халық жауы» болып қуғындалған. Айдалған, атылған…

ПЫ-СЫ: Сталин бірде шетелге сапарламақ болыпты. Көмекшілері жаңа етік әкеліп ұсынады. Сонда Сталин: «Менің бұрынғы етігімнің өкшесі кетіп тұр. Әлі киіс береді. Соны шегелетіп әкеліңдер» депті. Бәлкім шындық, бәлкім аңыз.

Сталиннің артында қалған байлығы туралы бір ауыз сөз жоқ. Болса шығар еді… Дүние қумаған. Өзгелерден де соны талап еткен.

Тіпті қысылтаяң сәтте өз баласын да аямаған Сталиннің ер мінезі бүгінгі шенеуніктердің бойынан табыла ма? Әй, қайдам…

Қатігез, залым. Сөйте тұра Сталин тарихи тұлға!

 

Нағашыбай Қабылбек