Ұлыс көже
Есте жоқ ескі заманда Қазақ деген қарияның Алаш, Ұлыс есімді екі ұлы болса керек. Бәрі де жазудан ғой. Алаштан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс есімді үш бала туыпты да, Ұлыс бұл дүниеден ұрпақсыз өтіпті.
Күндердің күнінде Ұлыс әбден қартайып, жарық жалғанмен қоштасар шағына жетеді. Сонда Ұлыс өзімен бір туған бауыры Алаш пен оның балаларын шақырып алып соңғы өсиет- тілегін айтады.
— Тағдыр маған ізімді жалғастырар ұрпақ сыйламады. — дейді Ұлыс. Енді сендер Қазақ атамыздан қалған байтақ далаға өркен жайып, өсіп -өнсе екен деп тілеймін. Сендерге Жаратқан Ием жар болсын. Дүниеден көшер алдында өздеріңе аманат етсем бе деген өсиет -тілегім бар. Мен дүние салған соң, жыл сайын менің қайтқан күнімді естеріңе алып, рухымды жаңғыртып отырғандарыңды қалаймын. Жәй ғана еске алып қоймай, жеті тағамның басын қосып, Құдайы көже жасап, жеті атаның ұрпағына дәм тарттырып, мені дұғаларыңа қосып отырсаңдар екен. Сонда менің де атым ұмыт болмай, Ұлыс атым ұрпақ аузында жүрер еді. Айтайын деген өсиет- тілегім осы.
Осындай өсиет — тілегін айтқан Ұлыс қария көктемнің күні мен түні теңескен шақта дүние салды. Бірге туған бауыры Алаш пен оның балалары Ұлыс қарияның өсиетін бұлжытпай орындайды. Сөйтіп көктемдегі күн мен түннің теңесер шағын ,,Ұлыстың ұлы күні,,- деп атау, ал Құдайы көжені ,,Ұлыс көже,, деп атау исі қазаққа рәсім болыпты дейді. Қәзіргі ,,Наурыз ,, деп жүргеніміз сол Ұлыс бабаның жанама атауы болса керек.
Ақселеу Сейдімбек. «Қазақтың ауызша тарихы», кітабынан.