Әз Наурыз ұлт пен ұлысты ұйыстырып, берекенің тайқазанын тасытқан ұлық мереке. Сол үшін де қазақ халқы бұл мейрамды Ұлыстың ұлы күні деп ерекше әспеттеген. Халқымыз бұл кезеңді береке-бірлік, ырыс — құт мезгіліне балап, мейрамды кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі деп санаған.
Бүгін Ұлыстың Ұлы күні шарасы «Еңбек ерлері» аллеясына шырша отырғызумен басталды. Аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, құқық қорғау органдары басшылары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов пен кеңес мүшелері, мекеме, бөлім, кәсіпорын басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиылғандар берекеміз арта берсін деген ниетпен аллеяға 20 түп шырша ағашын отырғызды.
Айта кетейік, Наурызнаманың онкүндігі аясында ауданымызда «Жасыл желектерді отырғызу» акцияларын өткізу бойынша «Жасыл қала», «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» және «Жаңару күні» акциясы аясында 5700 — ге жуық түп тал көшеттері отырғызылған болатын.