Ұлытау ауданының мұражайында оқушыларға арналған өлкетану сабақтары өткізіледі
Ұлытау ауданының жергілікті мұражайында «Өлкетану» курсын құрайтын тарих, география, әдебиет және музыка бойынша кіріктірілген сабақтар өтуде. Сабақ барысында оқушылар туған өлкенің тарихи оқиғаларын немесе географиялық ерекшеліктерін зерттеп қана қоймай, киелі және көрікті жерлермен танысады.
5–7 сыныптарға арналған «Өлкетану» курсы 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленді. Оны құрумен Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдарынан, Облыстың білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлерінен тұратын авторлық ұжым жұмыс істеді. Сондай-ақ өлкетанушылар, тарихшылар, өңірлік тарихи-өлкетану мұражайларының қызметкерлері көмек көрсетті. Олардың бірлескен жұмысының арқасында өңір мектептерінде кеңінен қолданылатын «Өлкетану» оқулығы жарық көрді. Сондай-ақ оқу орындарында «Мұражайдағы сабақ» жобасы енгізілді.
– Біз «Өлкетану» курсын мектеп бағдарламасына енгіздік және «Мұражайдағы сабақ» жобасы аясында апта сайын балалар үшін кіріктірілген сабақтар өткіземіз. Карантин кезінде біздің мұражайлардағы сабақтар тоқтатылды. Шектеу шараларын жеңілдеткеннен кейін біз оларды қайта бастадық. 17 мектептің мұғалімдері кезектеседі. Бұл сабақтар барлығына пайдалы болуы үшін және санитарлық нормаларды бұзбау үшін біз оларға мектептерді ZOOM платформасы арқылы қосамыз, – деді Ұлытау ауданының білім беру бөлімінің әдіскері Света Омарова.
Біріктірілген сабақтар «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығында өтеді. Олардың міндеті – оқушыларға туған жер туралы білім беру ғана емес, сонымен қатар зерттеу дағдыларын қалыптастыру.
Жомарт Шаймұрат