Ұлытау бақсылары
Еуразия даласы көшпенділерінің аруақтарды ардақтауы – рухани өмірдің маңызды бөлігі. Бабаларымыз «ата-баба рухы қолдап, жебеп жүреді» деп сенген.
Ғалымдардың пікірінше, «аруақ» ұғымы көшпелі тұрмыс кешкен қазақ халқының наным-сенімдерімен біте қайнасқан. Сыйыну мен құрбандық шалу ғұрпы әлемнің барлық елдерінде – Африкада, Америкада, Азия мен Еуропада да болған. Адамдардың наным-сенім бойынша, бұрынғы заманда о дүниелік болған адамдардың рухы осы өмірдегі жақын адамдарын, қорғап, қолдап, артындағы ұрпақтарын желеп-жебеп жүреді деген түсінік болған. Көптеген халықтарда бұл түсінік әлі сақталған. Қазіргі заманғы қоғамның бір бөлігі саналы түрде немесе мағынасына терең бойламай-ақ, аруақтарға немесе қандай да бір ғұрыптарға сыйынып жатады.
2012 жылы Израилде болған кезімде еврейлердің ата-бабаларының зираттарына бата алып, зиярат етуге баратын көрдім. Қытай мен Жапонияда да ата-бабаларының есімдері жазылған тізімдер үйлерінде сақталады екен. Үйдегі ғибадат ету орындарында да ғұрыптық жоралғылар жасайды. 2013 жылы Таиланд пен Камбоджда болған кезімде буддистердің үйлері мен көшелерге, мекемелердің маңына ата-бабаларына арналған храм-үйлер салғанын көрдім. Храм-үйлерге аруақтарға арнап күнделікті ас пен су қояды екен.
Христиандарда ата-баба аруағы культі әулиелер культінен айқын байқалады. Олардың құрметіне ұлттық мерекелер өткізеді, белгілі бір ғұрыптық жоралғылар жасайды, аруақтарға ас береді. Кейбір мерекелер фестивалдарға айналып жатады. Ата-баба рухына сыйынудың жұрнағы Орыс Православтық Шіркеуінде де сақталған. Орыс христиандарының арасында ІІ Николай, Александр Невский, І Петр және Илья Муромец тәрізді көптеген тарихи тұлғалар әулиелер қатарына көтерілген.
Мұсылман әлемінде ата-баба аруағы култіне деген қарым-қатынас әртүрлі түсіндіріледі. Қазіргі заманғы имамдар аруақтар култін жоққа шығарып, оны Аллаға серік қосу, пұтқа табыну дейді. Бірақ Мұхамед (с.а.с.) пайғамбарымыздың және басқа да пайғамбарлардың зираттарына зиярат ету (с.а.у.) құпталады. Бұл ретте пайғамбарлардың қарапайым адам болғаны жалпыға мәлім. Алла тарапынан уәхи етілгеннен кейін, олар тақуалық жолға түскен.
«Қабір жанынан өткенде Ықылас сүресін он бір рет оқып, оны аруақтарға бағыштаған адам, марқұмдар санына тең сауап алады» деген хадис те бар. Ата-баба аруағы культі мұсылман әлемінде де және христиандықта да, басқа да әлемдік діндерде де толыққанды тіршілік етуде.
Адамдар ата-бабаларының аруақтарына сыйынуды жалғастырып келеді. Рухани құндылықтардың құлдырауы мен біртұтас идеологияның болмауы салдарынан, көптеген адамдар эзотерикалық ілімдерге жүгініп, өздерін толғандырған өзекті мәселердің жауабын іздеуде. Соңғы үміті үзілген адам таңғажайыпқа сенеді. Адамдар марқұм болған туыстарының немесе басқалардың аруақтары желеп-жебеген, тылсым оқиғаларға сенеді. Біреулерін өрттен, апаттан құтқарып, орманға адасқан жолаушыға жол көрсетіп жатса, енді басқаларын қателік жасаудан сақтап, өмірлерін құтқарып та жатады. Тіпті ата-бабасының аруағы дертіне шипа болған, көптеген оқиғаларда кездеседі. Мұндай оқиғалар түсінде де, тіпті өңінде де болған жайттар баршылық. Қазақтар мұндай құбылысты АЯН деп атайды.
Заманауи адамның қазіргі кездегі кең тараған және көбіне дауасы жоқ дерті, ауыр мұңы – жалғыздық. Бүгінгі заманның адамы тіршілік жұмысымен, бітпес қарбаласпен шапқылап жүреді.
Пендешілік өмір, пендешілік арман, пендешілік табыс. Тіпті бізге бұл ұнамаса да, осылай жүре береміз, тіршілігімізді жалғастыра береміз. Сонда ұнамайтын нәрсені неге істейміз деп ойланбаймыз?
Жанталасып өмір сүреміз, ол үшін қанша күш-қуат жұмсаймыз! Бірақ мұның тіршілік қамы, уақытша екенін білмейміз! Ақыр аяғында, бір мезетте тіршілігіміз көмескіленіп, өңінен айырылып, өмір өзінің мәнін жоғалтады. Іштей шарасыздыққа, үмітсіз депрессияға ұшыраймыз. Жүйкең тозып, селқостыққа, құлдырауға бой ұрасың, олар өміріңнің бір бөлшеігіне айналады. «Мен кіммін? Бұл жағдай неге тек менің басыма түсті, ал басқалар бақыты ғұмыр кешуде?»,-деген сансыз сұрақтарды мазалайды. Сыртқы әлемнен шеттеп, сәтсіздіктеріміздің жауабын іздейміз. «Құдай мені жақсы көрмейді, менің осы күйіме айналамның барлығы, бұған экология кінәлі. Иә! Әрине, бұған Үкімет те кінәлі. Олар маған тыйым салады, шектейді, бөтен біреудің тәжірибесін, пікірін, ұғымын маған зорлап міндеттейді». Міне, көңілі толмайтындар үшін осындай түсініктердің өзі жетіп жатыр. Жаман ойлардың салдарынан бойға теріс энергия жиналады, ал ол болса, проблемалар, түрлі аурулар тудырып, адам көмекке мұқтаж болады.
Сөйтіп мұндай күйден шығудың жолын іздеген адам психологтарды, дәрігерлерді адақтай бастайды, кейбіреулері ішімдікке салынып кетсе, енді бірі өз-өздеріне қол жұмсап, өмірмен қош айтысады. Яғни, бұл адамдарға тығырықтан шығудың жолын іздегеннен гөрі, қолды бір сілтеу оңайырақ болып тұр. Тоқтап, ойлануға уақыт жоқ. Бірақ ең қиыны – құндылық, рухани дүние туралы ойлау. Шынтуайтында, мұндай күйге ұшыраған адам тоқтап, ойланып, талдауы керек.
Кейбір адамдар мұндай жағдайда, өзін басқа қырынан көреді. Олар «Неліктен тап осы жағдай менің басымнан өтіп жатыр? Бәлкім, мұның бір сыры бар шығар?» деп өз-өзіне сұрақ қойып, ішкі әлеміне үңіліп, өзін тануға ұмтылып, сауалына жауап іздей бастайды. Өзгеру, өз өмірін зерделеу ниеті пайда болады. Бұрын елемеген нәрсеге құлақ түре бастайды. Содан рухани тазару жолдарын іздей бастайды.
Ата-бабасынан келе жатқан бақсылық қасиетті ұстанған Бақберген Аяшевпен кездесіп, жолым болған адаммын. Оған жолығуыма 1998 жылы теңге құлдыраған кездегі қаржылық ахуал мен денсаулығымның нашарлауы себеп болды. Әрине, кейіннен мұның бақсымен, Бабалар әлемімен және Құдай заңдарымен танысуыма түрткі болғанын түсіндім. Досым Алмат Құдабаев Бақберген бақсымен танысуыма себепкер болды. Дәл сол кезде жеке басым мен отбасым үшін күрделі шешім қабылдап, Қарағандыдан, Ұлытау ауылына көшіп, қала жағдайын, ауыл өміріне алмастырдым.
Қазір киелі Әулиетауға, құдайшылық қағидасына қызмет етіп жатқаныма бақыттымын. Құдайшылық қағидасын, ата-баба өсиеттерін әрдайым ұстана алмай жатсам да, бағытымның қандай екенін және өз өмірімдегі маңызды мәселелердің жауабын білемін. Осы жолды тани білгенім үшін бақыттымын.
Ұлытау ауылының тұрғыны Бақберген аға ата-бабалар рухының желеп-жебеуімен адам емдейді, дуаны қайтарады, қорғаныш қояды, жолыңды ашады. Адам емдеуге рұқсат беретін, сертификаттары, дипломдары мен куәліктері де бар. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Халық емшілері қауымдастығының «Тілеуғабыл Өтейбойдақ» медалімен марапатталды. Бақберген аға «Сендерді ата-бабаларыңның аруақтары, әулие-әмбиелер рухтары емдейді. Менің міндетім – аруақтармен байланыс орнату, дәнекер болу»,-дейді. Ол жиырма жылдан бері адам емдеумен айналысып келеді. Ұлытауға Қазақстанның түпкір-түпкірінен, көршілес Ресей мен Өзбекстаннан да ағылып келіп жатады. Жазылған адамдардың тарихынан бірнеше том шығар еді.
Осындай оқиғалардың барлығын жай ғана сәйкестік дей салсақ, дұрыс болмаған болар еді. Емнің мәні – марқұм болған туыстардың рухани энергиясы қорғаушы періште бейнесіне айналады. Егер сіз «Экстрасенстер шайқасы» телехабарын көрген болсаңыз, Құдай Тағала ата-бабалар рухы арқылы адамдарға тылсым күштер сыйлайтыны жайлы ойланар едіңіз. Наным-сенім бойынша, марқұм туыстардың рухтары ғана емес, сонымен қатар, сол өңірдің рухтары да адамды желеп-жебейді. Ол рухтардан жоғары әулиелер мен пайғамбарлар тұрса, ал олардан жоғары Алла Тағала бар. Осы иерархиялық жүйе биліктің тікелей жүйесін еске салады. Бәлкім, Тәңірден тілек тілеген, бұрынғы қазақтардың ата-баба рухына сыйынуына да осы себеп болған шығар?
Бақберген ағаға дертіне дауа іздеп, үмітін үзген, обыр (онкология) дерті, психикалық ауытқуы бар, диагнозы нақтыланбаған науқастар келіп емделіп жатады.
«Емдеу нәтижесінің кепілі бұл – Құдайға және ата-баба аруағына сену»,-дейді Бақберген аға. Күш-қуатым мен білімімнің сыры – киелі Ақмешіт әулиенің (Әулиетаудың) мәңгілік энергиясы дейді. Адамдар Бақберген ағаның ата-баба аруағы арқылы жіберілетін, сакралды тәжірибесіне сенеді. Бәлкім, марқұмдардың, әулиелер мен пайғамбарлардың рухтарымен тілдестіру, өлгеннен кейін өмірдің бар екенін, марқұмдардың энергиясы тірілерді желеп-жебейтінін ұқтыру, Құдай Тағаланың бізге осының бәрін көрсетуі үшін қажет болар?!
Бақберген ағаның осы жолға қалай келгенін түсіну қиын. Ол бақсылықты өзі таңдаған жоқ. Ешкім бақсы болғысы келмейді. Бақберген аға қарапайым өмір сүріп жатқан еді. Оның отбасы, достары, өз міндеттері, дағдылы проблемалары болды. Ерекше жағдайының барлығы науқастанудан басталғандай көрінді. 9 жыл бойы ауырып, 9 жыл аурухана жағалады. Бірақ диагнозын ешкім нақтылай алмаған. Емделмеген жері қалмады. Жылдар бойы не болып жатқанын ешкім дөп басып айтып бере алмады. Не істерін де білмеді. Ірі денелі жігіт жыл өткен сайын, «әне жерім, мына жерім ауырады» деп шағымдана берді. Ауруына қоса, көзіне елес көре бастады. Түсінде де, өңінде де бейтаныс адамдар, тіршілік иелерін көре берді. Оларды көру, есту азапқа айналды. Жігіттің басынан өтіп жатқан жайды ата-бабасының рухтары түсіндіруге тырысты.
Бір күні ауруханада жатқан жігіттің түсіне кірген әйел: «Сен мұнда неге жатырсың?! Жүрші, мен саған не істеу керек екенін көрсетейін»,-дейді. Ол жігітті бұлақ басына ертіп әкеліп: «Міне, бұлақ. Көзі бітеліп қалғанын көрдің бе, тазала»,- дейді. Жылдар өте келе ол бұл әйелдің шипалы Ембұлақ иесі Гүлсара ана екенін түсінеді.
Бұдан кейін қария келіп, Бақбергенді Әулиетау етегіне ертіп апарады. Ақсақал: «Бұл тау Әулиетау деп аталады, мешітке ұқсайтын ақ ғимаратты көрсетіп, ал мынау Ақмешіт, бұл жерде бақсылар зиярат етушілерді қабылдайды. Бұл аурухана тәрізді. Әр бақсының өзінің емдеу тәсілі болады. Біреу сынықшы, енді біреу ішкі ағзаларды емдейді, тағы біреу ота жасайды. Сен бақсы болып, адам емдеуің керек!»,-депті.
Осылайша, Бақберген ағаға аян беріпті. Қанша жыл аруақтар түсіндіргісі келген, бақсылық осылай қоныпты. Негізінен бақсылық адамның келісімімен қонады, бірақ ауру титықтатқан Бақберген ағаның таңдауы болмады. Осылайша, ол өз қабілетін меңгере бастайды. Рухани ізденіс жолы оңай болмады. Ата-баба аруақтарымен тілдесті, олардан емдеу тәсілдерін, жын-шайтанды қуу жоралғысын үйренді. Сан ғасырдан келе жатқан ғұрыптар жасау тәжірибесін үйренді. Домбыра үйренді. Аруақтар тіпті Құран аяттарын көмеймен оқуға бұйырды. Көмеймен ән салу бірқатар түркі халықтарына тән өнер. Оны Алтай, Сібір және Тибет бақсылары қолданады. Ол рухпен тілдесу деп саналады.
Неліктен уағызшы қабілетін беру үшін Бақберген ағаны таңдады? Негізінен, қасиет атадан балаға берілетін қасиет. Әрие, туабітті бақсылар да болады. Бірақ бір білетініміз, бақсыны халық сайламайды. Бақберген ағаның өмірбаянына қатысты деректерді қайта-қайта қарап, ол кісінің өзі де көңіл аудармаған, бір фактілерді анықтадым. Өзінің бір әңгімесінде бала кезінде қыстауда бұлақ басында екі қызбен ойнағанын айтады. Олар марқұм болған балалардың рухтары ма немесе әкесі айтқандай жын-пері ме, оны қазір дөп басып айта алмайды. Сол оқиға ақыр аяғында, Бақберген ағаның әкесі Аяш ата тонын киіп, қолына дырау қамшысын алып, айғайға басып, жын-пері қыздарды қуып шығуымен аяқталыпты. Бұдан кейін ауруханаға жатып, Гүлсара ана мен Сапар атаның рухтарына жолыққанша, ана дүниеден келген ешкімді көрмепті, ешкіммен кездеспепті. Есейген кезде сол қыстаудағы құдықтың басында өзінің әпкелерінің де ұл балалармен ойнағанын біліпті. Бүгінде әпкелері де дәстүрлі емес, емдеу жолымен айналысып жүр. Сонда аруақтармен Бақберген ағаның әпкелері де, өзі де және әкесінің де тілдескені анықталып отыр ғой. Әкесі қатал, бірбеткей, қара күш иесі болғанына қарамастан, босана алмай жатқан, аяғы ауыр әйелдердің үйлеріне барған сәтте жүкті әйелдер жеңіл босанады екен. Мұндай аңыз-әңгіме көп. Осы дерекке қарағанда, Бақберген ағаға бақсылық ата-бабадан дарыған қасиет екені түсінікті болып отыр.
Бақберген аға адамдар мен сакралды дүние арасындағы дәнекермін, бақсымын дейді. Ол ертеде қайтыс болған, ата-бабалар аруағымен тілдесіп, өлілер әлемін көре алады. Адамның ата-бабаларымен тығыз байланысына сенеді. Жануарлардың, тастар мен шөптердің рухтарымен де тілдеседі.
Бақсы жануарлар рухын адаммен байланыстырады. «Эзотерикада барлығы терең түсіндіріледі! Кемшіліктерден құтылму керек, оны жеңу керек. Өзгеру керек. Рухани күшіңді нығайту керек! Жер жүзіндегінің барлығының жаны бар, сондықтан, олармен тілдесуге болады. Бұл қоршаған әлеммен қарым-қатынас жасайтын ғылым тәрізді. Адамдардың қарым-қатынас жасауына көмектесемін. Өзіңді жетілдіріп, өз-өзіңмен жұмыс істеуің керек»,-деуді айтудан жалықпайды Бақберген ата. Және де бұл оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне, жай адамдар көре алмайтын, білмейтін, тылсым әлеммен үйлесімді өміріне айналды.
Бақсылықың жолын берік ұстанған Бақберген ағаға жеке өмірінен, жоспарларынан, отбасылық міндеттерінен бас тартып, халыққа қызмет етуіне тура келеді. Жауапкершілік жүгі қара басының қамы үшін өмір сүруге жол бермейді. 20 жылдан астам уақыт бойғы оның басты жұмысы – адамдарға көмектесу. Гиппократ антын қабылдамаса да, біреуге көмек беруден бас тарта алмайды. Бақберген аға үшін дертіне дауа іздеген науқасты елемей, қарамай қоюдан, асқан сорақылық жоқ шығар, сірә?
Бақберген ағаның күндері осылайша өтіп жатыр. Өзінің қалауынша, бақсылықтан бас тарта алмайды, олай еткен күннің өзінде басы ауырып, буындары ісініп, іші ауырып, мазасыз күйіне қайта түсер еді. Ал бұл жалғаса берсе, ақыр аяғында өлімге әкелуі де мүмкін. Бұл – қызмет, парыз, ауыртпалық, міндет. Оны өзгертемін деп, еш нәрсе жасай алмайсың. Бұл жолды таңдаған адамға, басқа жол жоқ. Және де ол дағдылы деңгейге түсе де алмайды. Оның түсінігінде адам басқаларға көмек беріп, жамандық жасамауы тиіс, көмек қолын созудан бас тартпауы керек. Ол өзі кез келген сәтте, тәуліктің кез келген уақытында көмек қолын созуға әзір.
Бақберген бақсы Ұлытаудан алысқа кеткенді ұнатпайды. Киелі тау иелерінің рухын ашуландырып алудан қорқады. Ұлытаудан алыстаған сайын, күш-қуаты азая бастайды. Оның айтуынша, кезінде ауылды дұрыс салмаған. Ол сакралды энергетика аймағында орналасқандықтан, күнделікті ұсақ-түйекпен, пендешілікпен ластанады. Адамдардың күнәлары жағымды энергияның дамуына жол бермейді.
Бабаларымыз ежелден Ұлытаудың киелі мекен, қорық аймағы екенін білген болар? Өйткені хан тұрақтарының орналасу ерекшелігіне қарасақ, барлығы Әулиетаудан 30-80 шақырым жерге орналасқан. Бабаларымыз киелі таудың аурасын кірлестпес үшін, тау жанына жақын қоныстанбауды білген шығар? Өкінішке орай, 1843 жылы «Ұлытау» казак пикетінің құрылысы үшін, жер бөлігін таңдағандарға бұл жайт беймәлім болды ма, әлде бұл патшалық үкіметтің саясаты ма, ол жағын енді біле алмаспыз.
Бақберген аға дауасы жоқ, ауру болмайды, дауасыз адамдар болады дейді. Тіпті еш нәрсеге сенбейтін, қырсық, өркөкірек науқастарды қабылдағаннан кейін, өзі де науқастанып қалады. Кей-кейде науқастың дертін өзіне қабылдап қоятыны да бар. Кейін өзін тазартуға көп күш-қуат жұмсайды. Бір қызығы, ол «емге барамын» деп, деп ниет қылған жанды сезіп, оны күтеді. Егер ол адам келмей қалса, бақсы ауырып қалады. Осылайша, өзімізде сезбей, бақсының жай-күйіне әсер етеді екенбіз.
Бақберген аға дәстүрлі медицинамен бірлесіп, ауыр науқастарды емдеу әсерін күшейтуге болатынына сенімді. «Дәстүрлі медицинаның көзі – халық медицинасы»,-дейді ол. Осы пікірін Ұлытау ауылының көптеген тұрғындары да қолдайды, өйткені ауылда баласын бақсы емдемеген отбасы кемде-кем. Бақберген ағаны тіпті қалада, қоғамдық көлікте балалар да танып жатады. Егер оны көргенде жылап, мазасыздана бастаса, бұл Бақберген ағада емделген бала.
Бәкенің ең үлкен өкініші, шәкіртінің болмауы. Шәкірттерім болады-ау деп жүргендері уақыт өте келе, пенделік өмірді таңдап кетеді. Имамдарға қарағанда, адамдардың дін жолына, Құдайға, намазға келуіне көп көмегі тиіп жүрген жан. Сондықтан тәжірибесі де сенімді. Сеанс кезінде адамдар Құдай Тағаланың бар екеніне тез сенеді. Көбі бақсы ойнақ (транс) кезінде ата-бабаларының, әулиелердің дауыстарын естиді. Кейбіреуі олармен тілдеседі. Ол ана дүниенің бар екенін, барлығы Алланың қолында екенін дәлелдеп, адамдардың сенімсіздіктерін сейілтеді.
Бақсы – елкезбе, тақуа, мүсәпір, ерекше ілімді меңгерген, айрықша қасиетке ие.
Бүгінде олар халық мәдениетінің негізгі таратушысы. Әсіресе ауыл бақсылары, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаушылар, ежелгі жоралғыларды жаңғыртушылар. Табиғатпен үндестікте өмір сүретін, қатал, адал, жан-жақты, мықты, құрметке лайық адамдар. Бірақ бақсыларға әрдайым мұндай жақсы көзқарас болған жоқ. Бақсылардың киімдеріндегі жапсырылған әшекейлерге, олардың ана дүниеге деген ерекше қарым-қатынасына біржақты қараған замандар да болған. Адамдар өзі білмейтін, тылсым нәрседен қорқады, оны қаралайды, жамандайды. Бақсылар кез келген адамның санасын өзгертеді, бағы таяды деген деген ой, қорқыныш тудырды. Барлық жерде бақсыларды қудалап, ғұрыптық жоралғылар жасағаны үшін соттады, атты. Ғалымдар бақсыларды өздерінің бәсекелестері деп санады. Басқа заман орнап, біреулер мұсылманға, басқалары христианға, енді біреулер буддистге айналды.
Бақсылардың жасайтын ғұрыптары ұқсас тәрізді көрінгенмен, ілімдері, шеберліктері өзгеше, бақсылық деңгейі мен энергетикасы, күші мен тәжірибесі әртүрлі. Негізінен олар дағдылы ғұрыптарын немесе өздерінің ерекше жоралғыларын жасайды. Барлық бақсылардың негізгі мақсаты – жоралғыларды дұрыс жасау, трансқа кіре алу, ішкі көзімен көре білу, түпсанамен жұмыс істеу. Бақсы тылсым әлеммен, аруақпен байланысқа еніп, түрлі рухтарды шақырып, науқастың денесінен дертті шығара бастаған кезде тазалау жоралғысы басталады. Дәрігер, рентген түсірілімі тәрізді көре алатын бақсылар да болады. Барлық бақсылар ем соңында міндетті талап қойып жатады, өкінішке орай, көп адамдар бақсының ақылын тыңдамай, ол талапты орындамайды.
Егер тазарту рәсімі сеансы жайлы айтар болсам, бұл әрдайым есеңгірететіндей, әсерлі көрініс. Анимистикалық жоралғылар, оккульттік сала, тылсым дүние, бойыңа үрей ұялатады. Бөгде көзден жасырын, түсініксіз, құпия процестер жүріп жатады. Транс жағдайындағы жай-күй де ерекше болады. Транс кезінде бақсы ырылдап, ысылдап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығарып, ерекше дауыспен, көмей әнін айтады. Көмеймен ән айту – бұл ежелден келе жатқан өнер түрі. Ол – әннің құдіретімен арбау деңгейіндегі байланыс. Не болатынын, не күтіп тұрғанын білмейсің. Әуен бе, жыланның ысылдағаны ма, еріксіз есінеп, ықылық ата бастайсың. Психо-энергетикалық, есеңгіреу күйіне еніп, жүйке жүйеңе әсер ете отырып емдей бастайды. Болып жатқанның барлығы ақылға сыймайтын нәрседей көрінеді. Трансқа түсіп, санаң кеңейеді. Рухың көтеріледі. Шынайы әлем шекарасынан шығып, ана дүниемен қарым-қатынасқа түсесің. Бейне бір, бір күйден, екінші күйге өтіп, өзге әлемге саяхаттағандай әсер аласың. Өзге логика. Бақсы табиғаттың құдіретті күштеріне иландырып, өзіне баурап алады. Әрине, бұл әркімнің қолынан келе бермейтін іс.
Ғылыми көзқарас тұрғысынан түсініксіз дүние. О дүниемен, бұ дүние арасында күй. Қабағың ауыр тартады. Ұшып жүргендейсің. Сиқырмен ұшып жүрген сәтте өзіңді де, уақытты да, кеңістікті де сезбейсің. Барлығын мүлдем ұмытасың. Қорқыныш туады. Бәзбіреулер барлығын ұмытса, енді бірі терең комаға түседі екен. Біреулерге жағымсыз көрінеді. Бірақ кінәлауға да, күлуге де болмайды, өзіңізге қиын болады. Галлюцинацияның айқын болғаны соншалықты, шынайы өмірдегідей күйге енесіз. Біресе күш-қуатың тасыса, біресе денең босаңсып, әлсірейсің. Сеанстың соңында кенеттен сергіп қалғандай сезімде боласың. Әлдебір құпияның сырын ашқандай, түсіңде аян бергендей әсерде боласың. Өз-өзіңе бажайлап қарап, «Бұл жағдай менің басымнан өтіп жатыр ма?! Мүмкін емес! Мен сеанстарға берілмеуші едім ғой»,-дейсіз. Сосын бұл жерге неге келгеніңіз есіңізге түседі. Бұл жерге жай қызығушылықпен ғана келген жоқпын, проблемаларымның жауабын іздеп, өз жолымды табу үшін келдім емес пе дейсіз.
Аруақтардың құпия әлемі. Толған мистика, көне дәстүрдің көлеңкелі әлемі. Мистика мен шындықтың арасындағы шек қайда? Санамыздан тыс мүлдем басқа құпия әлем сияқты сезімге берілесің.Тылсым сыр. Сосын күмәндана бастайсың. Оларды кім басқарады? Құдайдың еркімен ата-бабалар рухы ма немесе шайтаннан да жаман, жындар ма? Күшті иланым ба немесе шынайы дауа ма? Ата-бабаларыммен байланыс орнаттым ба? Осы ойлар мені алғашқы жылдардан-ақ қатты мазалап, санамды сансыратты. Уақыт өте келе, бақсының қателеспегеніне көзім анық жетті.
Бақберген аға аруақтардың әрқашан белгі беретіне сенімді. Тек оны тани, тыңдай және қабылдай білуіміз қажет. Аруақтар бізді желеп-жебейді, көмек көрсетіп, ой салады. Егер күнделікті, сәт сайын болып жатқан нәрсенің барлығы Құдайдың ісі екендігіне сенсек, онда құдай күшіне және ата-бабалар рухына, олардың желеп-жебейтіндігіне деген сенімді, құдайдың қалауын қабылдауымыз деп түсінуіміз қажет.
Дуалау, дуаны қайтару, көз тию. Қарғыс жіберу. Дуалау– энергияның күшті әсері. Дуадан қорқу- бұл жергілікті тұрғындар үшін күнделікті жайт. Бұл дағдылы өмір. Дуамен ойнауға болмайды. Адам түсініксіз жағдайға ұшырап, бақсы араласқаннан кейін ғана жазылған оқиғалар да аз емес. Адамға неге қорқынышты түстер кіреді, қиындыққа ұшырап, ауру айналдырады. Тылсым әлеммен байланысқа еніп, рухтарды шақыратын, емшілерге неге барамыз? Олар параллельді кеңістікке кіріп, рух пен адам арасындағы көрінбес дәнекерге айналады. Өзара тілдесуге көмектеседі. Ақыр аяғында, адам бойындағы жағымсыз энергияны шығарып, оның жаны мен тәнін емдейді. Міне, Бақберген ағаның басынан күнде осындай таңғажайып оқиғалар өтіп жатады.
Соңғы 50 жылда адамзат көптеген жетістіктерге жетті. Ғарышты, медициналық технологияларды игерді, гаджеттер пайда болды. Бірақ заманауи дүние қазақтардың ежелгі дәстүрін ұмыттыра алмады. Бақсылық дәстүр ғұрыппен әбден біте қайнасқан. Адамдар аруақтың желеп-жебейтініне әлі де сенеді. Көшпенділердің ұрпақтары үшін ата-бабасының, әулие-әмбиелердің аруақтарының желеп-жебеуі, қолдауы маңызды. Мүмкіндігінше, жақын-туыстарын жақын маңға немесе жол бойына жерлейтін салты да осыған қатысты болар, бәлкім? Аруақ қолдасын! Аруақ!
Адамдар мыңдаған жылдар бойы барлығы аруақтарға байланысты деген наным-сенімде болған. Ұлытауда көріпкелдер көп болды. Бір бақсы өмірден өтсе, екіншілері келіп жатты. Бақберген ағаға дейін, Күләй Рамазанқызы деген тәуіп болған. Негізінен ол балаларды емдеген екен. Ол үнемі меннен кейін «қара бала» келеді дейді екен. Оған дейін Асылбек молда, оның алдында Жұман пірәдір болған.
Қазы ишан, Әбусақ қожа, Сары молда деген күшті бақсылар өмір сүрген. Туыстары мен ауылдастары ғана емес, 70-жылдары әулие өмір сүрген Дулығалы ауылына қатысы бар, аудан тұрғындары, аңшылар, зиярат етушілердің өздері де Қазы ишан жайлы таңғажайып оқиғалар айтады.
Құдіреттер мекені. Жердің энергетикалық белсенді орындары. Ғаламдық энергия. Тау құдіретінің оянуы. Табиғаттың осындай ғаламат жерлерін көру, адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасына, энергия алмасуына себепші болады. Көптеген бақсылар Ұлытаудан ғана күш жинауға болады деп сенеді. Бұл жерде транс күйіне жету оңай. Жануарлар мен құстар да бақсының көмекшісі бола алады. Табиғаттағы тіршілік иелері науқастардың дертіне шипа болуға, рухани өсуіне мүмкіндік береді.
Тауға шығу, жел үнін тыңдау, тастармен сөйлесу. Иә, тастардың да жаны бар. Әр таудың да өз иесі болады. Ғылым күшті емес, тірі табиғат құдіретті. Заманауи технология соңында жүріп, адамзат табиғаттың құдіретін ұмытты.
Тілдесудің өзі қажеттіліктен туындайды. Біз әрдайым Құдаймен тілдесеміз. «Мені шақырасыздар, белгі бер дейсіздер ме?! Бірақ Мен әрдайым сіздермен біргемін ғой. Бар мәселе, тыңдай білуде!». «Құдай сені анда-санда келіп, жазалап отырушы емес, ол әрқашан сенің жаныңда, әрдайым саған белгі береді. Тек сол белгілерді тыңдай білу керек»,-дейді Бақберген аға.
Емдеу әсері біріншіден, сенімге байланысты. Тек сенгендердің емі шипа болып, дауалы болады. Бұл жерде діни сенімнің қатысы жоқ, барлығы Құдайдың құдіретіне, аруақтардың, бақсының құдіретіне деген сеніміңізге, қаншалықты «таза» немесе «лас» екеніңізге байланысты. Сізге көмек беру үшін олардың «тазалығы» жете ме, табиғатпен үйлесімділігіңіз қандай? Жасаған әрекетіңіз бен ниетіңіздің Құдай Тағала үшін маңызды болғаны соншалықты, туыстарыңыздың аруақтарынан да биік рухтарды, мәселен әулиелер немесе пайғамбарлардың рухтарын жіберуі де мүмкін!
Психотерапия, сиқыр әдістері, емдік шөптер, бұл тек басы ғана, бұдан соң, құдай заңдарының қағидаттарына сәйкес, дұрыс қарым-қатынас пен мінез-құлық үшін үлкен жұмыс жүргізу керек. Көптеген бақсылар адамды емес, жан ауруын емдейміз дейді. Пәленің барлығы өзімізге қатысты. Әр рухтың өз энергетикасы мен қабілеті болады.
Бақберген ағаның аруақ шақыратын барлық құралдары әзір: дырау қамшы, пышақ, қайшы, қоңырау, тіпті бұрауышы да бар. Мұның барлығын көруге болады, бірақ ұстауға болмайды. Қамшы мен пышақты және домбыраны жиі қолданады. Ең ерекше құралы – бұл «қысқа найза» дер едім. Бұл шетінде темір ұшы бар, майыстырылып жасалған, бір метрлік таяқ. Ол Бақберген ағаның көмекшісі Айгүлдің бақсы әжесінен қалған мұра.
Бақсы сеанс барысында домбыраны жиі қолданылады. Бастапқыда домбырада қарапайым, көпшілік білетін әндерді орындап отырғандай көрінеді. Бірақ, музыканың күшімен, «аруақтарды шақырып» тұратын керемет көрініс. Көпшілік адам транс күйіне ырғақты әуенмен түсуге болады деп ойлайды. Өз басым, домбыра үнін естігеннен-ақ трансқа түсемін.
Мұндай жағдайда адам домбыраның үнімен, бір күйден, екінші күйге өтеді. Ол – тілдесудің бір түрі, байланыс құралы, әлемдер арасындағы көпір, дәнекер. Белгілі бір ырғақ ойнаған сәтте адамдар елтіп, сол әуен тұңғиығына бойлай бастайды. Бақсы ата-бабалардың аруақтарын, әулие-әмбиелердің аруақтарын, тіпті жануарлар мен өсімдіктердің «рухтарын шақыра» бастайды. Олардың барлығы «тірі», олардың барлығымен «тілдесуге» болады. Қоршаған әлеммен қарым-қатынас ғылымы деген осы! Ал қамшыны бақсы көбіне жын-шайтандарды қуу үшін пайдаланады.
Дегенмен де, ең құдіретті аспап – бақсының қолы. Қолдары өте күшті, қарулы. Сеанстың соңында ол емделушілердің барлығына массаж жасайды. Бақсы басыңнан аяғыңа дейін, бүкіл денеңді уқалаған сәтте бейне бір, бүкіл денеңе сансыз инелер шаншылғандай әсерде боласың.
Бір қызығы, бақсы өзін және отбасын емдей алмайды. Ол сеанстан басқа уақытта өзіне тән артықшылықтары мен кемшіліктері бар, қарапайым адам. Бәлкім, біз еркінен тыс, айрықша жолды таңдаған, адамдардың арқасында ғана өмір сүріп жүрген болармыз?! Мүмкін, болашақта арамызда жүрген осындай адамдарды әулиелер қатарына қосатын да шығармыз?!
Мұндай адамдар сирек, бірақ әр елде өмір сүрген және өмір сүре бермек. Тылсым күштің таңдаулылары. Олар түрлі мамандық иелері: философтар, мәдениет өкілдері, ақындар, композиторлар, ауыл тұрғындары. Өркениеттің ешқандай жетістігі оларға әсер ете алмады. Олар құдірет иелері, Құдайдың өзі ғана білетін, сауалдардың жауабын білетіндер. Басқа кеңістікті, тылсым дүниені көріп, өзге әлемге саяхаттай алады, ата-баба рухтарымен тілдесіп, аруақтар әлеміне кіріп, өз сауалдарына жауап ала алады. Исламның келуімен, тылсым әлемнің дәнекерлері жоғала қойған жоқ. Олар исламды тәңіршілдікпен үйлестіреді. Базбіреулер оларға үрейлене қараса, басқалары құрметтейді. Енді біреулері: «ХХІ ғасырда бұл не керек, кімге керек?!»,-деп ашуланады. Бірақ, денсаулығын, сәтті өмірін ойлайтын адамдар аз емес. Бақсылардың келешекті болжайтынына, адамның тағдырын шешіп, оның ойын сезіп тұратынына, өткен өмірін де ашық айтып бере алатынына, табиғи құбылыстар тудыра алатынына, жын-шайтандарды қуатынына халықтың белгілі бір бөліктері бұрын да, кейін де сенді. Оған негіз де жоқ емес еді. Адамның өз табиғатындағы ғылым ашпаған жұмбақтар әлі толып жатыр. Сондықтан, бақсыларға баратындар саны азаймақ емес.
Көпшіліктің пікірінше, ғылым үнсіз, медицина дәрменсіз болған сәтте, ең соңғы үміт дәстүрден тыс медицинаға, халық медицинасына ғана келіп тіреледі.
Кейінгі кездері Батыс елдерінде де сан ғасырлық тәжірибесі бар, Шығыс даналығына жүгінетіндер шығып жатыр.
Бақберген аға әлемнің адамзат пен жан-жануарлар, өсімдіктер үшін жаралғандығына және олардың үйлесімділікте тіршілік етуі керек екендігіне сенімді. Біз олардың, олар біздің бір бөлшегіміз. Бұрынғы заман адамында осындай мифологиялық түсінік пен ұғым болған. Адамзат баласы біртіндеп бұл қасиеттен ажырап қалған.
Бақсылықтың болашағы – табиғатты қорғау, табиғатпен үндестік, игі, сауапты істер, әрекеттер жасау, табиғаттың рухын құрметтеу, дүние танымды жетілдіру.
Өз басым, бақсылар құдіретіне деген көзқарас өзгеріп, экстрасенстер жайлы оң пікір қалыптасатындығына сенімдімін.
,
Өлкетанушы Бақтияр Қожахметов