Ұлытау облысындағы шахтадағы төтенше жағдайдың алдын ала себебі белгілі болды

«Қазақмыс» корпорациясының баспасөз қызметі Ұлытау облысындағы шахтадағы төтенше жағдайдан кейін ресми мәлімдеме жасады.

«Алдын ала мәліметтер бойынша «Қазақмыс» корпорациясының кеніштері үшін тән емес табиғи газ жарылысы болған. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, қайғылы жағдайды тергеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны айтылды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС трагедияның барлық мән-жайын анықтауда толық көмек көрсетіп жатыр. «Қазақмыс» басшылығы мен ұжымы қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», — деп жазылған хабарламада.

Артынша компания өкілдері «Жомарт» кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

«Қазақмыс ұжымдық келісімшартта көзделгендей, «Жомарт» кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажет көмекті көрсетеді. Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін қаза тапқандардың отбасыларына жұмысшының орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден аса қаржы жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған», — деп жазылған хабарламада.

Оқиғаның мән-жайы

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.

«Жомарт» кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал «Қазақмыс» корпорациясының ірі акционері — Kazakhmys Copper.

Фото: depositphotos.com

Ж. Қадыржанова

https://massaget.kz/news/ulyitau-oblyisyindagyi-shahtadagyi-totenshe-jagdaydyin-125390/?fbclid=IwY2xjawIhDPVleHRuA2FlbQIxMQABHdqPWYs2hoOdiB6NogCR0icl-jJPVwOCnqfMjGdgTk8bu9oHWwhtvq-WOw_aem_3VHgz1wdCZGEJ7UxuWA40A