ҰЛЫТАУДАҒЫ ҰЛЫ ІСТЕР – ҰЛТ КЕЛЕШЕГІНЕ ЫРЫС БЕР!
«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының, «Мөлдір бұлақ» журналының «Nur Otan» партиясымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе қолға алған Қазақстан-2050: «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Қарағанды облысында жалғасын тапты.
Әлемді жайлаған пандемияға байланысты онлайн форматта бастау алған экспедиция сақтық шараларына қатты мән бергенін баса айтқымыз келеді.
Экспедиция мүшелері («Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының бас директоры Сәуле Мешітбайқызы, журналистер Нағашыбай Қабылбек және Қанат Есжан) іссапарды Қарағанды облысы Жезқазған қаласынан бастағанды жөн көрдік. Оның да өзіндік себебі бар.
Атағы арқа жерінен асып, еліміздің бар өңіріне жайылған белгілі меценат Алтынбеков Бекзат Қомарұлы ұйымдастырған «Тұлға» сыйлығының салтанатты кешіне шақырту алғанбыз. Оған қоса Сәуле Мешітбайқызы апайымыз қазылардың таңдауымен «Тұлға» сыйлығына лайықты деп танылғаны және бар.
Жошыхан ескерткішінде
Сонымен еліміздің әр өңірінен жиналған (20-дан астам адам) «Тұлға» сыйлығының иегерлерімен бірге Жезқазған қаласында дем алдық. Арасында «Алаша хан» кесенесіне, «Жошы хан» мазарына, Ұлытаудағы «Хан ордасына» сапарлап қайттық. Не көрдік, не сездік, не аңғардық бәрін осы мақалада қамтуға тырыстық.
Барлық шығынды (Жол шығыны, ас-ауқат, кері қайту) Бекзат Қомарұлы өз мойнына алғанын айтпай кеткеніміз жарамас. Атымтай жомарт азаматтың әр ісіне Алла Тағала берекетін бергей! Бұл «Тұлға» сыйлығы биыл екінші мәрте беріліп отырғанын айта кеткеніміз жөн.
50 мыңнан астам жәдігері бар мұражай
Меценат, елге танымал үлкен азамат Бекзат Қомарұлы Алтынбек тағайындаған «Тұлға» сыйлығына арнайы шақырылған қонақтар ертесіне ұйымдастыру алқасының шешімімен Жезқазған қаласындағы жергілікті тарихи-археологиялық мұражайын араладық. Мұнда не жоқ дейсіз, көнеден күмбірлеп жеткен құнды дүниелер иін тіресіп тұр. Сұрастыра келе білгеніміз, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының қорында қазіргі уақытта 50 мыңнан астам жәдігер бар болып шықты. Соның он пайыздан астамы тарихи құндылығы аса жоғары, сирек кездесетін, бірегей дүниелер екен.
Құнды жәдігерлермен таныстыру аяқталғаннан кейін қазақтың «Қыз Жібегі» атанған Меруерт Өтекешовамен арнайы кездесу өткізілді.
Сөз арасында актриса «Қыз Жібек» картинасына кездейсоқ келгенін, әу баста актриса болу туралы тіпті де ойында болмағанын айтты.
«1967 жылдың соңында Сұлтан Қожықов есімді режиссердің романтикалық драманы түсіргелі жатқанын дүйім жұртшылық болып естідік. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда-жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып барсам, толған қыздар… Әрі бәрі де әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?..» деп ойлап қоямын. Бір қызығы, олардың бірен-саранын есептемегенде, көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне де өткен жоқ. Кейін режиссерден білгенімдей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен», – деді актриса.
Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров пен әкім орынбасары Зинаида Жұманазарқызымен бірге
Кейін өмірлік жары «Төлегені» Құман Тастанбековпен бірге актриса бірқатар кинокартиналарға да түскен. Әйтсе де олар үшін театр жандарына жақынырақ болғанын жасырмады.
Меруерт Өтекешова апаймен жүздесу барысында бір жас қыз: – Меруерт апай, қазір махаббат бар ма? – деп тосыннан сұрақ қойды.
Меруерт апайымыз оған: – Әрине, бар. Махаббат деген ер-азаматыңды сыйлау, құрметтеу. Кейбір еркелігіне көз жұма қарау.
Егер отбасын құрып алып, қит етсе күйеуіне дүрсе қоя беру, көптің көзінше сыйламау, бағаламау, ажырасуға дайын тұру бұл махаббат емес, қарағым. Негізі махаббатты әйел жасайды. Егер еркек үйінен қашпаса, махаббат деген сол!» деді жылы жымиып. Бұған сіз келісесіз бе?
АЛАША ХАН, БҰЛ ҚАЙ ХАН?
Жезқазғандағы тағы бір күнімізді тарихи жерлерді аралауға арнадық. Бұл жолы Алаша хан мен Жошы ханға арнайы ат басын бұрдық. Алаша хан күрежолдың бойында орналасыпты. Оған турист тарту онша қиынға соға қоймас. Ал Жошы хан кесенесі сәл жолдан бұрыстау. Жолы нашар. Әйтсе де бір үміт, Жошы хан кесенесіне мемлекет қолдауымен іргелі істер жасалып жатыр. Олай болса жол мәселесі де дұрыс жолға қойыларына сенейік.
Сонымен Алаша хан! Бұл қай хан? Бұл жерде үлкен тарих, мол мұра жатыр. Әлде қазынаға малшынып көмілген Шыңғыс хан ба? Әйтеуір, ішіне бүккен сыры көп кесене.
Әйтседе Алаш хан – қазақ халқының XVI ғ. билік құрған билеушісі ретінде көрсетіледі. Шын есімі – Орыс хан. Көк түрік халықтарында құрметті хандардың есімімен өздерін атау дәстүрі бар. Мысалға, Өзбек хан, Ноғай аттарымен аталған өзбек, ноғай халықтары. Қазақтарда Орыс ханның құрметіне өздерін алаш халқы деп атаған. Ал қазақ атауын Керей мен Жәнібек қазақтық (өз билеушісінен кетіп еркін өмір сүру) жасағаннан кейін көрші халықтар берген.
Ғалымдар ортасында Алаша ханның шығу тегі жайлы жайлы бірнеше пікір қалыптасқан. Радик Темірғалиевтің пікірінше Алаш хан деп Керей мен Жәнібек хандардың арғы атасы Орыс ханды атаған. И.В. Ерофеева Алаша ханды қазақтың атақты билеушісі Хақназар ханмен байланыстырады. Ол Алаша ханға қатысты деректерді 3 үлкен топқа бөлген. Бірінші топқа шынайы тарихи оқиғаларға жақын деректерді, екіншісіне – тарихи оқиғалармен қатар ұштасқан аңыздарды, ал үшіншісіне, негізінен, мифологияға қатысты мәліметтерді жатқызған.
Қалай десек те, Алаша хан – жай хан емес. Оның қазақ топырағанда жатуы мен аңызға бергісіз әңгімелері соның айғағы.
ЖОШЫ ХАНҒА ТАҒЗЫМ!
Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының кесенесі Алтын орда дәуірінен бізге жеткен ең танымал тарихи мұрағаттардың бірі. Содан болар бұл нысанға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ынтасы ерекше.
«Ұлытау – этнографиялық туризмнің халықаралық деңгейдегі орталығы атануы тиіс. Құрылыс жұмыстары Алтын орданың 750 жылдығы аясында атқарылады. Сол дәуірдің негізін қалаушы – Жошы ханның тарихи тұлға ретіндегі маңыздылығын әлемге танытуымыз керек», – деді мемлекет басшысы.
Жезқазғандағы мұражай аралау сәті
Президент пәрменінен кейін жоба жетекшілері кесененің тек іші-сыртын жөндеп қана қоймай, маңына өзге де нысандар салып, бұл жерді бүтін бір туристік кластерге айналдыру керек деп шешіпті. Жасыл желекті аймақ, тарихи кешен, одан қалды Жошы ханның шатыр астында отырған ескерткіші де жуық арада осы жерден бой көтермек. Туристер үшін қонақ үй, шағын дүкен мен асхана да салынбақшы.
«Үлкен ауқымды қайта қалпына келтіру жұмыстары өтіп жатры. Жалпы Жошы хан кесенесінің тарихына келер болсақ, 1947 жылы профессор Герасимовтың кезінен бастап, содан кейін 1976 жылы, 1998 жылы реставрация болды ол кезде күмбезді қалап шықты. 2012 жылы абаттандыру жұмыстары жүргізілді», – деді бас мердігер Әнуар Төлебаев.
Алдағы жылы тарихи кешеннің құрылысы толық аяқталмақ. Нысан бір мезетте 300-ге жуық туристі қабылдай алады. Жыл он екі ай жұмыс істейтін кешен Қарағанды облысының ғана емес, бүкіл қазақ елінің көзайымына айналары сөзсіз.
Көзбен көріп қайттық, Алтын орда дәуірінен қалған Жошы хан кесенесінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сәулетшілер тарихи маңызды нысанды қалпына келтіріп қана қоймай, осы маңда әлемде теңдесі жоқ туристік кластер салмақшы.
Ұлытау төсіндегі Жошы хан кесенесі осымен төртінші рет қайта жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жолғысы ауқымды. Құрылысшылар нысан қабырғасын тіпті сол 12 ғасырдағыдай етіп қызыл кірпіштен қалапты.
«Көлемі сәл үлкен демесеңіз, арқаның ауа райына төзіп, талай ғасыр тұрады», – дейді мамандар.
«Біраз уақытқа шыдайтындай мықтылығы ғасырларға жететіндей етіп салып жатырмыз. Қазіргі уақытта әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Терезелері қойылған», – деді этно-тарихи кешен жобасының авторы Білім Ыбыраев.
Биыл Ұлық ұлыс – айбынды Алтын Орданың құрылғанына 751 жыл толды. Жошы хан (1180–1227 жж.) негізін қалаған, Алтайдан Альпіге, Ертістен Дунайға дейінгі алқапта билік еткен, Дешті-Қыпшақ даласында шаңырақ көтерген алып мемлекет әдепкіде Ұлық ұлыс деп аталды. Кейін бұл атау орыс, славян, батыс жылнамаларында хан ордасының алтынмен көмкерілген ордалық киіз үйіне қарай Алтын орда деп аталып кетті.
Жошы хан кесенесі – Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, Қаракеңгір өзенінің жағасында орналасқан көне архитектуралық ескерткіш.
«ТҰЛҒА» СЫЙЛЫҒЫ ИЕЛЕРІН ТАПҚАН
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, салтанатты шара жеңімпаздарды қара лимузин көлігімен қала аралатып, Жезқазған қаласының мәдени ошағы – «Достық үйінің алдындағы қызыл кілемнің үстімен жүріп өтуден басталды.
Мәртебелі меценат Бекзат Қомарұлы негізін қалаған биылғы дәстүрлі «Тұлға» сыйлығы ұлттық рух – «Рухани жаңғыру» идеясын насихаттау және ұлы даланың ұлы тұлғасы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен дана ғұлама, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр екен.
Сондай-ақ, биылғы жылы ақпарат, білім, өнер саласына арналған атаулы сыйлықтар қатарына, әдебиет және мемлекеттік қызмет үздіктеріне, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына, кәсіптік-техникалық білім беру саласының 80 жылдығына орай арнайы сыйлықтар да тағайындалыпты.
Бұл салтанатты кеш – 15 жылдан аса қалалық, облыстық және республикалық деңгейде жүзеге асқан іргелі істердің жалғасы, халыққа қызмет етіп, ел келешегіне еңбек сіңіруді мақсат еткен халық қалаулысының ізгілікті ірі ісі деуге тұрарлық бастама.
Салтанатты кештің ашылуындағы сахналық көріністің өзі көп ойға итермелейді адамды. Қыдыр ата кейпіндегі ақсақалды абыздың жас өскін ұрпаққа қобыз бен домбыраны аманаттап жатуы – қазақ болмысының өнерге деген адалдығына берілген баға іспеттес дүние. Бабалар қалдырған мол мұраға адалдық, өнер иелеріне деген құрмет – осы эпизодттардан-ақ анық аңғарылып тұрғандай.
Ізгілікті істердің іргелісі – дәстүрлі «Тұлға» сыйлығының салтанатты кешіне арнайы жазып алынған Қарағанды облысының әкімі Қасымбек Жеңіс Махмұтұлының экран арқылы құттықтауы да жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Облыс әкімі өз сөзінде, өнер адамдарына деген ерекше ілтипаты үшін Бекзат Қомарұлына алғысын білдірді. Жеңімпаздарға ел игілігі үшін жасалған қызметтің ешқашан ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Жезқазған тұрғындарына ынтымақ пен бірлік тіледі.
Жеңімпаздарды құттықтауға арнайы келген Жезқазған қаласының әкімі Әбсаттаров Қайрат Бектайұлы да меценат, ақ-адал азамат Бекзат Қомарұлының игі ісіне ризашылығын ерекше білдірді. Осындай жомарт тұлғалар бар да ел ертеңі жарқын, болашағы айқын деп бағалады. Салтанатты кештің аясында жергілікті өнерпаздар барын салды. Ән де шырқалды, құйқылжыған күй де шертілді. Мың бұралған бишілер мен даналық ойдың жемісі термешілер де бар өнерін салып бақты.
«Тұлға – 2020» сыйлығы биыл 5 аталым бойынша тағайындалыпты. Әдебиет, өнер, білім беру, ақпарат салаларын дамытуға және ұлтаралық татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін үздік бестік ақшалай сыйлықпен марапатталды. Олар әдебиет саласы бойынша Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, адуынды ақын Серік Ақсұңқарұлына, өнер саласындағы жүлде қазақтың «Қыз-Жібегі» атанған Меруерт Өтекешоваға бұйырды.
Білім беру саласында ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Шағангүл Алдамжарқызы үздік атанса, ақпарат саласында басшымыз Сәуле Мешітбайқызы бәйгеден бірінші келді. Ал «Ұлт тұтастығы мен ел бірлігіне қосқан үлесі үшін» «Тұлға» сыйлығы Нәзипа Ыдырысқызына табысталды.
ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚ
Бұл күні сондай-ақ Ұлытау, Жезқазған өңірінен шыққан танымал тұлғалардың атындағы 19 атаулы сыйлық та өз иелерін тапты.
Өнер, мәдениет саласы бойынша:
«Кеңес Нұрланов атындағы сыйлық» – Қайсанов Мейрам Иебекұлы.
«Қоныспек Бегайдаров атындағы сыйлық» – Чукеев Азамат Төлегетайұлы.
«Досжан Жанботаев атындағы сыйлық» – Есендосов Ербол Мағзұмұлы.
«Қайрат Кемалов атындағы сыйлық» – Есей Наурызбай.
«Серік Бұлғақбаев атындағы сыйлық» – Джарқынбеков Ардақ Мейірбекұлы.
«Райхан Ибраева атындағы сыйлық» – Байдалина Қарлығаш Жәнібекқызы.
«Жанат Хаджиев атындағы сыйлық» – Ибраев Бақытжан Қалижанұлы.
Білім саласы бойынша:
«Шабал Бейсенбекқызы атындағы сыйлық» – Тукбаева Айман Бекболатовна.
«Нүрия Жұмажанова атындағы сыйлық» –Төлекова Сапура Сейдуәліқызы.
«Қабден Шыңғысов атындағы сыйлық» – Дүбірбекова Қарлығаш Шәкәрімқызы.
Әдебиет саласы бойынша:
«Сайлаухан Нәкенов атындағы сыйлық» – Қайырбек Сәдуәқасов.
«Баубек Бұлқышев атындағы сыйлық» – Мұқаш Сейтқазинов.
«Аппаз Қаражігітов атындағы сыйлық» – Танакөз Толқынқызы.
Ақпарат саласы бойынша:
«Камал Смайлов атындағы сыйлық» – Баяндинов Бакал Қайроллаұлы.
«Сәбит Байдалин атындағы сыйлық» – «SARYARQA» телеарнасы.
«Зулпа Супьяновна атындағы сыйлық» – Алпанбаева Эльвира Кадиржановна.
«Мұқан Иманжанов атындағы сыйлық» – Мұқан Дархан Қабылдашұлы.
Мемлекеттік қызмет бағыты бойынша:
ҚХА 25 жылдығына орай «Достық» сыйлығы – Рымбекова Гульфайруз Серікқызы.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласының 80 жылдығына арнайы сыйлық – Марал Карибаевнаға табысталды.
ЖҮЛДЕГЕРЛЕРДІҢ ІЗГІ ТІЛЕКТЕРІ
К.Смайлов атындағы жүлде жеңімпазы Байқал Байәділ: «Қазақтың атымтай жомарттығы өнердің адамдарына, қоғамға еңбек сіңіріп жүрген қайраткерлерді қанаттандырады, рухтандырады деп ойлаймын. Осының бәрі ұлттың ұйысуына істеліп жатқан еңбек қой. Бекзат бауырыма алғысым шексіз!».
***
Өнер саласындағы жүлденің иегері ақын Серік Ақсұңқарұлы: «Мен Бекзат жайлы көп айтпаймын. Ол өзі де оданы ұната қоймайтын жігіт. Небір бай мекемелер, компаниялар бар. Солардың тым болмаса бір рет қазақ руханиятына қаржы бөліпті дегенін естімеппін. Тіпті Бекзатты он орайтын байлар бар. Олардың да үні естілмейді. Ал Бекзат – қазақтың жанашыры, оның жақсылығын көрмеген адам аз. Оған ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, ісіне береке тілеймін!».
***
Ақпарат саласына берілген арнайы сыйлықтың жеңімпазы Сәуле Мешітбайқызы: «Бекзат – жаны асыл азамат. Ол қарға емес барын жасырып жейтін, ол қыран тектес тұлға, барын шашып жейтін. Осы Жезқазғанда қаншама байлар бар. Бірақ ешкім шапағатын көрмеген.
Керісінше, үнемі қысылғанды демейтін, қиналғанды елейтін, жоқтың қасынан табылатын, біреу жыласа қамығатын, жүрегі нәзік жігіт қой, бұл, Бекзат.
Негізі иманды адамның игі ісі де көп болады. Оған көзім осы сапарда анық жетті.
Бірнеше күн осында жүріп тағы бір аңғарғаным, қарамағындағы қызметкерлерінің оған деген ерекше құрметі мен сыйластығы. Бұл жайдан –жай болатын нәрсе емес. Демек, Бекзат бауырым бәріне басшы ретінде емес жанашыр дана ретінде қарайды деген сөз. Мен осыған тәнті болдым. Жақын достары мен маңайындағы танитын адамдар да сондай жылы шырайлы. Күліп жүреді.
Бай елміз. Байларымыз да көп. Бірақ көбінің байлығы бір бастарынан артылған емес. Мына жалған дүниеде руханият пен білімге, қайырымдылық пен іигі істерге жұмсалған қаржының сауабы мол болмақ.
Естіп жатырмын, қаншама жас таланттарға қолдау көрсетіп, арнайы степендиялар тағайындап келген осы күнге дейін. Көпшілік қауым соның бірін білсе, бірін білмес. Сондықтан Бекзаттай арыс ұлға алдағы өмірің жарқын болсын деп бата бергім келеді».
ҰЛЫТАУҒА САПАР
«Тұлға» сыйлығын табыс еткен айтулы кештің ертеңіне «Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты және «Мөлдір бұлақ» журналының «Nur Otan» партиясымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе қолға алған Қазақстан-2050: «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Ұлытауға жол тарттық.
«Ұлытауға бардың ба,
Ұлар етін жедің бе?».
Бар қазақ айтатын әңгіме бұл. Бірақ бұлай неге айтады оны көбіміз біле бермейміз. Ұлытау ауданы әкімнің орынбасары Бағдат Байжантаев Тілеуліұлы бұл сөздің шығу тарихын былайша әңгімеледі.
«Қазақ даласының үстімен «Жібек жолы» өткені белгілі. Біздің даладан мал айдап барған саудагерлерден сол замандағы қытайлар «Ұлар етін жедіңдер ме?» деп сұрайтын болыпты. Оның мәнісі, Ұлар етінің күш – қуатымен ерекше шипалығы, дәруменге бай, жұқпалы ауруға қарсы тұрар емдік қасиетіне байланысты болса керек. Кейбір аңқау қазақтар Ұлар етін жегенін сездіріп қойса, қытайлар ебін тауып оны өлтіріп, етін асып жейтін болған.
Медицина ғалымдары сол дәуірде-ақ ұлар етін жеу – жұқпалы дертке ем екенін анықтаған. Соны білетін қытайлар ұлардың етін жеген адамға да қырғидай тиген секілді. Демек ұлар еті жұқпалы дертке қарсы тұрар күшке ие дәрумен!
Сондай-ақ ұлар кез келген тауды мекендей бермеген құс. Әлемде санаулы ғана тауларға тұрақтаған. Соның бірі емес бірегейі – Ұлытау!
Ерте замандарда Еуропа мен ішкі Қытайда жұқпалы аурулар жиі кездескен көрінеді. Ол ауруларға қарсы тұрар «антисептик» ұлар еті екенін айттым. Ал оның мекені қасиетті – Ұлытау екенін бабаларымыз жақсы білген. Олардың азайып кетуіне де жоғары да айтқандарым себеп болуы әбден мүмкін.
Сондықтан да ұлардың құны жоғары, бәсі артық қай заманда да.
Ғалымдардың зерттеуінше ұлардың азығының сексен пайызы арша ағашының дәнегі мен жапырағы.
Бұдан қазақ не үшін арша ағашын қастерлейтінін түсіну қиын емес.
Қазақ тіпті тіс шұқуға анау-мынау ағашты емес аршаны қолайлы көреді. Оның себебі арша талшығы тіс арасындағы етті ғана тазалап қоймайды, тістің эмалін сақтап, құрт түсуін болдырмайтын күшке ие.
Қызық дерек пе? Меніңше, өте қызық!
Ал біз «Ұлытауға бардың ба,
Ұлар етін жедің бе?» дегенді мүлде басқаша түсініп жүрген секілдіміз…
1962 жылдары қыс қатты болып, Ұлытауда арқар қырылыпты. «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» деген тәмсіл сол кезде туған-ау.
Сонымен қойшы, арқармен бірген ұлардың да саны азайып кеткен Ұлытауда.
Мұны неге айтып отырмын, сөйтсек қалың қарда арқарлар тебіндеген кезде ұларлар соңдарынан қойша еріп бірге жайылып жан сақтайды екен. Арқарға зауал төнгенде, ұларлар да «шулап» қоя берген.
Жер бетіндегі жан – жануарды, адамзатты бір-біріне мұқтаж, тәуелді етіп қойған, бұл да Алла Тағаланың бір құдіретті емей не?!
Сонымен ұлар етін жемесек те, қонақжай қазақтың аста-төк дастарханы бір жиылмады. Жезқазғанға келіп тұрып Ұлытауға бармау, ондағы Ұлытау ауданы әкімі Берік Әбдіғалиға соқпай кетуге қалай дәтің барады? Иә, арнайы ат басын бұрдық. Алашшыл азамат Бекең құшақ жая қарсы алды. Киелі жерге табанымыз тиер-тимес зор қошемет көрсетіп, ел анасы Сәуле Мешітбайқызын «Тұлға» сыйлығын алуымен құттықтады. Ағынан жарылып ізгі тілегін арнады.
Осындай мамыражай кездесуден кейін, ел мен жер тарихы, алаш аманаты жайлы келелі әңгіме өрбіді. Жүрген жерін жайнатып жүретін Бекең бұл ауданға да алаш азаматтарына арнап «Тағзым тақтасын», «Қыдыр ата» символикалық мүсінін, қазақ «Хандарына» арнап ескерткіш тұрғызып қойыпты. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбегі бір төбе! Бір кезде Арқалық қаласына әкім болғанда Торғай жұрты қимастықпен шығарып салған «Ақ Берік» деп ән арнаған Берік Әбдіғали осы азамат.
Тығыз шаруасына қарамай бізді қабылдаған Берік мырза «Қазақстан дәуірі» газетімен етене таныс екенін әңгімелеп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін білдірді. Ұлттық мүддені бірінші орынға қойған басылымға сәт сапар тіледі. «Мөлдір бұлақ» журналының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор» деді әкім риясыз көңілмен. «Бұл журналды бала қиялын ұштау үшін әр ата-ана жаздыртып алып оқыса шіркін» деді әңгіме арасында. Әрдайым қолдау білдіруге дайын екенін де жасырмады.
Түс ауа аудан әкімі Сәуле Мешітбайқызынан рұқсат сұрап, жұмыс бабымен облысқа аттанды. Ана сыйлаған алаш баласы осындай-ақ болар. Неткен қарапайымдылық, неткен адамдық болмыс!
Айтпақшы Бекең жол жүріп бара жатып бізді қазақ хандарын ақ киізге көтеріп Хан сайлаған «Хан ордасына» орынбасары Бағдат Байжантаев Тілеуліұлына «аманаттап» кетті. Бағдат мырза да аманатқа қиянат жасамады.
Бір кездегі айтыс саңылағы, ақын Бағдат мырза да оқығаны мен тоқығаны көп азамат екен. Жергілікті жердің өрені екенін аңғартып, Ұлытаудың ұлы тарихынан ұлағатты ойлар айтты. Хан ордасына аман – есен жетіп, топыраққа аунап, бір жасап қалдық, Аллаға сыйынып, дұға жасадық батыр бабалар рухына…
«ҚАЗАҚ БОЛАЙЫҚ»
Ұлытаудан ұлы іс бітіргендей оралдық. Нағыз туризмге сұранып тұрған өңір екен. Ұлытау – қазақ ынтымағының қайнар бұлағы болған жер ғой! Бұл тауда Тоқтамыс хан мен Едіге би жатыр.
Әулие тауда осы аймақта. «Оның басына шығып, Алладан тілек тілеген жанның дұғасы қабыл болады» дейді халық даналығы.
Ең кереметі «Хан ордасына» барған жан энергетикалық қуат алып қайтады.
Ұлытау ауданы әкімі Берік Әбдіғалиұлымен Хан алаңында
Тұла бойыңда күшің тасып, қуатың көбейіп, темір мен тасқа қолың тисе ток ұрады. Бұл да бір тылсым дүниенің бір құпиясы-ау. Оны өзіміз де бастан кештік…
Біз әлі қадір-қасиетіне жетпей жүрген киелі өңірге көрші Ресейден, өзге де шет елдерден өз бетімен келетін туристтер көп болып шықты. Бәрінің айтатыны, Ұлытаудың саф ауасы, кең аурасы, бойға күш беретін жағымды әсері, ерекше қасиеті жайлы хикая деседі.
Ұлытауға апаратын күре жолда тегістеліп жатыр. Шаршап-шалдықпай жетуге бар мүмкіндік қарастырылған.
«Ұлытау – ұлттың ұясы». Оған барғанда арман да, бармағанда арман да.
Ең бастысы Ұлытаудан олжамен оралдық. Ұлытау ауданы әкімі Берік Әбдіғали мырза келген қонақтарына өзінің көп жылдық еңбегі – ұлт руханиятына қосылған кітаптарын сыйлады. Алашшыл азаматтың алаш жайлы жазған дүниелері бір төбе. Ал «Қазақ болайық» кітабы – бүгінгі көп шенеуніктің айтуға дәті бармайтын, жазуға жүрегі дауаламайтын, естіп қалса тізесі дірілдейтін тақырыптарды қаузауымен құнды… Оқуға кеңес береміз.
АҒАШ ҰСТАЛАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІНЕ ЕЛ РИЗА
ПЫ-СЫ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін елдің ұрпағымыз ғой. «Ұлт» сыйлығының екінші жыл қатарынан айбынын асырған, асыл ағаштан ерінбей қырнап, ұлттық нақышпен безендірген ешқандай атағы жоқ, ағаш ұсталары Қаныбаев Мырзабек (Қызылорда облысы Арал ауданынан) пен Садықов Пахриддин (Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы) мырзаларға айтар алғысымыз зор. Еңбектері еленіп, ел алдында абыройлары аспандай бергей!
Ағаштан түйін түйген, Манап Көкеновтың туған жиені Садықов Пахриддин шеберді сөзге тартып, «Тұлға» сыйлығындағы кескіндемелерге «тіл» бітіруін өтіндік.
Ұлттық “Дәстүр” шебер орталығының басшысы Пахриддин Садықов
– «Тұлға» номинациясында менің істеген кәдесыйым – түйе. Ел біледі, түйе қара жұмыстың қара нары. Оны бейнелеудегі мақсат: ар жүгінде, ер жүгінде нарға арттым деген астар. Менің ұғымымда осы номинация иегерлері елдің алдында жүрген қара нарлар.
Түйенің мінер жақ бетінде қобыз бен шаңырақ тұр. Бұл қобыз өз әуенімен қазақтың сәні мен салтанаты, шаңырақ – ынтымақ белгісі. Қамшылар жағындағы бес қаруы – айбалта, найза, қылыш, садақ. Бұл қазақтың бес қаруы. Бұл жерде менің айтқым келгені, қобызда жеті шеге бар. Бір жағында төрт, екінші бетінде үшеу. Үш шеге – Ақарыс, Жанарыс, Бекарысты көрсетсе, тағы да Алаш, Созақ, Қазақты айқындап тұр. Және үш шеге қазақтың үш биінің тұғыры.
Төрт шегеге келсек, қазақтың төрт түлігі: Ойсыл қара, Зеңгі баба, Қамбар ата, Шопан ата. Және бұл төрттік құбыламыздың төртеу екенін меңзеу. Үш пен төрттің қосындысы жеті – жеті ата, жеті қазына. Менің басты көздегенім: қазақтың болмысын таныту. Тұғырдың астында «Тұлға» деген жазу бар. Қазақ «тұғырың биік болсын!» дегенді бекер айтпаса керек» деп ағынан жарылды.
Қазақ аталарымыздың «Шебердің қолы ортақ дегені осы екен-ау!» деп тарқасты «Тұлға» сыйлығына жиналған халық шеберлердің көрмесіне сүйсініп. Тасада жүріп те таудай еңбек жасап, еленбей жатса да елім дейтін осындай азаматтарға Алла Тағала ұзақ ғұмыр бергей!
Нағашыбай Қабылбек