Ұлытаудың болашағы – туризм саласы
Ұлытау туризмі қалай даму керек? Деген сұрақтың жауабы әр Ұлытау азаматының ойын толқытып арман – қиялын сан-саққа жүгіртері ақиқат. Ал мұның жауабын ел аймақтарындағы және елден тыс жерлердегі туризм дамыған жерлердің іс-тәжірибесін зерттеп қана жүзеге асыруға болатыны сөзсіз. Осы ұстанымды негізге ала отырып, «Ұлы тағзым» қоғамдық қоры жыл сайын Қарағанды облысынан тыс жерлерге баруды тәжірибе алмасуды басты назарға алып, көш басында келеді. Соңғы 10 жылда Қазақстанның бірнеше аймақтарында болды. Шет мемлекеттерге де арнайы барып, іс-тәжірибе алмасты. Солардың бірі — Қырғызстан, Ресей, Түркия, Израйль, Англия, Испания, Тайланд, Камбоджа, Япония, Мврикий. Іс сапарлардың басты мақсаты осы елдердегі туристік тағзым орындардың жұмыстарымен танысу.
Мұндай ұқсас, тәу ететін жерлер Қазақстанда бар, дәлірек айтсақ Ұлытауда. Бізге керемет, алып құрылыс салып қажеті жоқ, бізде Алланың берген сыйы бар – Ақмешіт әулие (Әулиетау).
Ұлытаудың ең биік шыңы, жергілікті халықтың ырымдарына, нанымдарына сүйенсек, Ұлытаудың төбесі аспанға жақын, жер мен көктің кездесетін жерінде орналасқан, сондықтан ежелден бұл тау киелі жер. Құдай мен аруақтардың тұрағы, қасиетті күштердің мекені, тәуіп-тағзым ету орыны, табиғат пен адамның байланыс орны деп саналған.
Ұлытаудың киелі тарихы өте ежелден басталады. Бұған дәлел тау маңындағы археологиялық ескерткіштер: қола тас дәуірінен келе жатқан көптеген ескерткіштер, ежелгі көшпенділер дәуіріндегі құрылыстар — «мұртты» қорғандар,түріктердің ас беру дуалдары, оғыз – қыпшақ дәуіріндегі тас мұнаралары, хандарға арналған қорық алаңдары, тарихи тұлғалар мен тау басындағы жеті әулиенің жерленген орындары.
Әулиетау шыныменде Ұлытау бюждетінің ең көп кіріс келтіретін бөлігі бола алады.
Туризм саланың даму үрдістері мынадай; әлемнің белгілі демалыс орындарын жақсы білетін туристер, туристік секторы енді ғана дамып келе жатқан елдерге келуге ұмтылады.
Бұл көрсеткіш жағынан Қазақстанның тартымдылығы өсіп келе жатқан туризм ел экономикасына үш оң әсер береді. Біріншіден: шетел волютасының құйылуы, екіншіден: халықтың жұмыспен қамтылуы өркендейді, үшіншіден: елдің инфроқұрылымының дамуына мүмкіндік туғызады.
Көптеген елдер өздерінің мәдени және тарихи құндылықтарын ақылмен пайдалануда.
Олар тарихи ескерткіштер мен аңыздарды айналымға жіберіп, олардан айтарлықтай пайда көріп отыр. Бұл пайда тек материалды тұрғыда ғана емес көптеген елдерде ішкі туризмде жақсы дамығаның айта кету керек. Оқушылар мен студенттерге патриоттық тәрбие беруде дүниетаным негіздерін қалауда оларды саяхатқа шығарып отырады.
Шетелде туризм өңдірісін « алтын жұмыртқа әкелуші тауық» деп атайды.
Қазақстанда туризм кластерін дамыту мемлекеттік тұрғыда мақсатты түрде енді қолға алыну басталды. Туризмді қаржыландыру әлі дұрыс жолға қойылмаған. Өкінішке орай туризм министрлігі таратылған. Туризм экономиканың өз алдына жеке арнайы басқару ұйымы бар сала болуы тиіс. Сондықтан, Қазақстандағы туризмнің дамуына кедергі жасаушы себептердің бірі – бұл туристік бизнесті мемлекеттің қолдауының әлсіздігі, осыдан барып, туризм жақын арада экономикаға пайда әкелуші саласы бола алмайды. Қолданылып жүрген «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» заң барлық туристік қызметтің қырларын қамтымайды. Бұны ДАВОСС халықаралық форумындағы рейтингі бойынша көруге болады. Эксперттердің бағалауы бойынша алдыңғы қатарда Швейдцария, Австрия, Германия, Исландия, Ұлыбритания бар. ТМД елдерінің ішінде туристік бизнес күшінің басымдылығы жағынан Грузия, Армения, Өзбекстан аталып жүр.
Комиссияның бағалауы үш көрсеткіш бойынша – транспорттың дамуы, туристік инфроқұрылым және ұлттық нақыш болып бөлінеді. Өкінішке орай, бізде тек үшінші көрсеткіш — ұлттық нақыш қана бар, оның өзі әлсіз күйде көрсетіледі. Ал этникалық компоненттер дегеніміз — бұл еуропалықтардың алыс елдерге сапар барысында ақша аямайтындығы.
Бүгінгі күні ішкі туризм елімізде әдемі жақсы жерлерге жанұялық және қысқа мерзімді демалулармен шектеледі. Былай қарасақ, еліміз үлкен ауқымды әсем жерлер өте көп. Бұл сұрақтың жауабы ешкімге құпия емес — бәрі келіп ақшаға тіреледі. Шетелде, Қазақстанға қарағанда демалу бірнеше есе арзан. Жалпы Қазақстанның ішкі туризмнің екі шешілмеген мәселесі бар — жоғары баға және осы бағаға лайық инфроқұрылымның жоқтығы. Туристік саладағы осы екі олқылық, сәйкессіздік Қазақстандық туристерді шошытып, шетел демалысын таңдауға мәжбүрлейді. Сондықтан туристік нарықтың қатысушыларына туристерді жазғы демалыс кездері демалу орындарын таңдағанда, оларды негізгі үш фактор қызықтырады. Қаржының жұмсалуы, демалыс қауіпсіздігі және қызмет көрсетудің сапалы екенін естен шығармау керек. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның барлық көрсеткіштері кенжелеп қалғандығын көрсетеді. Бізде демалуға аса қолайлы орын болғанына қарамастан өте қымбат, жеке бас қауіпсіздігіне өзің жауаптысың.
Қазақстандағы сыртқы және ішкі туризмді дамытудағы басты кемшілік тұстарын айқындап айтатын болсам мыналар:
-мейрамхана, қонақүй, транспорт қызметтерінің жоғары бағалары;
-қонақүй, инфроқұрылым және транспорттық дамудың төмен деңгейі жаксы жолдардың жоқтығы.
-туризм саласында кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі. Еліміздегі туризм алға жылжуына мүдделі бірнеше сауатты жол бастаушылардың болуы керек.
-қызмет көрсету түрлерінін аздығы. Осыдан барып туризм дамуына қолбайлау тұстары кедергі келтіреді.
Ұлытаудың болашығы туризмде, сондықтан елдің ертенің ойлайтын, елім, жерім – деп жүрегі соғатын, әр бір қазақ азаматы ойлануы керек. Келешек ұрпақ қамы үшін атсалысуы қажет. Ұлы жердің ұлылығын өзге елдерге түбегейлі, керемет таңырқайтындай көрсету үшін туризмді іске асырып дамыту керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» — осы.
Өлкетанушы Б.С.Қожахметов