УМРАСЫН САТҚАН ОТБАСЫНЫҢ ОҚИҒАСЫ
«Есікті біреу қақты. Ашсам, қолында кесесі бар кішкентай қыз тұр. «Ауызашарға бір сағат қалды. Сіздерде сорпаға қосатын кішкене күріш жоқ па?» деді қысылып. Күріш салып бердім де, «Кімнің қызысың?» деп сұрадым. Жақында көшіп келген жаңа көршіміз екен. Сұрауға үйренбегені көрініп тұр. Күрішті ала сала үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Келесі күні тура сол уақытта оқиға тағы қайталанды. Ақша сұраса немесе үлкен пакетпен келсе қайыр тілеп жүрген біреу деп ойлар ем. Бірақ қыздың мұң торлаған көзі мен дірілдеген қолы ол ойымның қате екенін көрсетіп тұр. Сұраған күрішін «үйіңді көрсетесің» деген шартпен беріп, қыздың соңынан ердім. Басымда мың сан сұрақ. Бара жатқаным дұрыс па деген түйткіл де жоқ емес.
Жеттік. Кіруге рұқсат сұрадым. Еденге дастархан жайылыпты, үстінде тұздалған қияр мен төрт қасықтан басқа ештеңе жоқ. Айналасына екі кішкентай ұл жайғасыпты. Шақырылмаған қонақтан балалар сескеніп қалды. Бір кезде аналары да көрінді.
Қысылып, қымтырылып:
— Қош келдіңіз, әпке. Қызымның қолын бос қайтармағаныңызға рахмет, — деді.
— Балалар, сендер отыра тұрыңдар. Мен аналарыңмен сөйлесіп келейін, — деп келіншектен сыртқа шығуын өтіндім.
Сыртқа шыққан соң қыздың күнде күріш сұрап келуінің себебі не екенін сұрадым.
— Әпке, жақында көшіп келгенімізден, мына пәтерді жалға алып тұрып жатқанымыздан хабардар боларсыз. Күйеуім қайтыс болған соң бұрынғы пәтерімізден қуып шықты. Мына жер арзанға түсті. Асханаға жұмысқа тұрып ем, жақында қожайынымның ісі жабылып қалды. Бар жиған-тергенімді пәтерге төледім.
Нәтижесінде қызым сіздің босағадан бір-ақ шықты. Басқа көршілер бере алмапты, олардың да жағдайлары біз шамалас болса керек. Қызым мен өзге көршілерді ұялтпайын, бір уыс күріш бүгін де табылып қалар деп тағы сізге жібердім. Дүйсенбі жұмысқа шығамын. Бір кісінің үйін жинап беретін боп келістім. Бірақ балалар бүгін тамақ ішпесе, ұйықтай алмайды ғой. Бала емес пе?! Оларға палау пісіріп берейін дегем. Сіз ренжімеңізші, дүйсенбі кешке күрішіңізді міндетті түрде қайтарамын, — деді ұялып.
Үйге келдім. Тоңазытқышты аштым да, ішіндегінің бәрін түк қалдырмай пакетке сала бастадым. Далаға жүгіріп шығып, ауызашар уақытына жақын арнайы пісірілетін ыстық наннан сатып алдым. Кеудеме өкісік тығылып, бетімді жас жуып, ауызашарға үлгермек ниетпен келіншектің үйіне жүгіре жөнелдім. Қуаныштан бал-бұл жинаған балалардың жүзін көрсеңіздер ғой! Олар менің қалай шығып кеткенімді де байқамай қалды.
Күйеуім екеуміз ауыз аштық. Ол:
— Азық-түлікті ертең алармын. Сәресіге бірдеңе қалдырдың ба? – деді.
— Кеспе мен кішкене ұн болуы керек. Солардан бірдеңе пісірермін, — дедім көзім жасаурап. Күйеуім жылы жымиды, оның көздерінен бүгінге ісімізге риза болғанын байқауға болатын еді. Бұл ауызашар басқа күндерге ұқсамайтын, бір тілім нанды бөліп жеген мүлде бөлек ауызашар болды.
Келесі күні күйеуім азық-түлік алып келіп, ауызашар үстінде жаңа әңгіме бастады:
— Биыл умраға баруға ниет етіп едік қой… Сол умрамызды сатсақ қайтеді? Бұл жолы өтедік деп ойлайық. Бұйыртса, тағы барармыз…
Оның нені меңзеп тұрғанын түсіндім. Ұзақ уақыттан бері тірнектеп жинаған ақшамызды қимай тұрсам да, жүрегім қуанып, күйеуімнің қолынан сүйіп:
— Алла сізге разы болсын! – дедім.
Умраға жинаған ақшамызды пакетке салып, келіншектің үйіне барып, қолына ұстаттым. Әрине, олай жасау оңай болған жоқ.
Үйге келсем, күйеуім намаз оқып жатыр екен. Намаз уақыты әлі кірмеген соң таңғалып:
— Намаз оқып алған едіңіз ғой, — деп едім, ол:
— Мен умра өтеген соң оқылатын 2 рәкағат намазды оқыдым. Сен де оқып ал, — деді жолдасым.
Я, Алла! Умрамызды қабыл ет!»
@umm.hanifa парақшасынан оқыған мына оқиға қатты әсер етіп, сіздерге аударып беруге асықтым. Алла тағалам сіздердің де Алла үшін деп жасаған әр кішкентай амалдарыңызды қабыл етсін! Мейірімді адамдар көп болсын!
Марфуга Шапиян ФБ парақшасынан