ҮНДЕУ

Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды ұстанатын
ата-аналар мен аудан тұрғындары!
Әр адам өз заманының баласы. Бүгінгі ұрпақтың тағдыр-талайы өркениеттің дамыған кезеңіне тұспа-тұс келіп отыр. Бұл қай салада болмасын, адамға қажеттіліктің бәріне қол жетімділікті қамтамасыз етуде.
Бұл бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан ұрпақ тәрбиесінде өз зардабын тигізбей отырған жоқ.
Заманауи үрдіске ілесеміз деп бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқандаймыз.
Заман түзеліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарды. Бұл қуанарлық құбылыс. Дегенмен, осының екінші жағы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізуде. Санада материалдық құндылықтарға басымдық берілу салдарынан рухани құндылықтардан ажырап, бала тәрбиесінде орны толмас олқылықтарға жол беріліп жатыр.
Ата-аналар тарапынан көп жағдайда бала тәрбиесіне өз деңгейінде жете мән берілмей, тәулік бойғы іс-әрекеттеріне көңіл бөлінбейтіндігі салдарынан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, ерте жүктілік және қылмыстық әрекетке бару сынды теріс әрекеттер бой көрсетуде.
Бала деген жас өскін — талшыбық. Қалай тәрбиелесек, солай өседі. Сондықтан балалардың жан дүниесіне көбірек үңілейік. Мектеппен, ұстаздармен үздіксіз байланыста болайық. Тәрбиеден кеткен қателікті мектептен ғана іздемей, білім мен тәрбие беріп келе жатқан Ұстазды ұлықтауды үйретейік.
Бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілік өзімізде екенін үнемі есте ұстайық.
Бала тәрбиесі-баршамызға ортақ. Бала біздің болашағымыз, еліміздің кемел келешегі.
Сондықтан «Тәртіпке бағынған құл болмайды»,- деген қазағымның қанатты сөзін естен шығармай, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге тәлімді тәрбие беріп, оларды қоғамға жат әрекеттен бойларын аулақ салуға баршамыз жұмылайық. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Ел боламын десең- бесігіңді»,- түзе деген ұлағатты сөзі ұлтымыздың санасынан шықпауы керек.
🔹️Талас аудандық Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі және Әкелер кеңесі!