Университет түлектері жұмысқа шақырылады
Өңірге келіп жатқан ірі инвестициялық компаниялардың бірі – Түркияның «Yildirim Holding» трансұлттық корпорациясы. Аталмыш компания Сарысу ауданында сода зауытын салуда. Жергілікті билік бүгінгі күнге дейін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инфрақұрылымын тартып берді. Енді теміржол тұйығын салмақ.
Сондай-ақ зауытқа керекті техникалық су Талас ауданы, Ақкөл көлінен тартылады. Бұл құрылыс жұмысының өзіне 1200 адам қатысып, жұмысшылардың қалашығы Ақкөл ауылында орналасатын болды.
Корпорация басшылары М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұмановпен кездесіп, аймақта жүзеге асырылатын инвестициялық жоба туралы сөз қозғалып, химиялық зауытқа кадр даярлау мәселесі талқыланды.
Жалпы, кәсіпорынның құрылысына 400 мың АҚШ долларына жуық көлемде инвестиция тартылмақ. Сода өндіруді қолға алғанда өнеркәсіпке тұрақты 300 маман күші керек. Кәсіпорын 2025 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондықтан «Yildirim Holding» компаниясы зауытқа қажетті кадрларды алыстан іздемей, Дулати университеті даярлайтын мамандарды жұмысқа тартуды көздеп отыр. Бүгінгі күні шетел инвесторлары оқу орны, студенттер және зауыт арасында үшжақты келісімшарт жасаспақ ниетте. Әлемдік нарықта 60 жылдық тарихы бар корпорация өкілдері оң шешім қабылдаса, жақын арада Дулати түлектері ірі кәсіпорында еңбек ететін болады.
Ерман ҚАНЖАНҰЛЫ. Жамбыл облысы