Университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында: «Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында болуы керек екенін атап көрсетті. Бүгін ұсынылған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың тұрмысын жақсарту және әлеуметтік-еңбек саласында тәсілдерді жаңалау үшін әзірленді. Құжат бірінші кезекте, халықтың нақты табысын арттыруға және жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы іске асырылады. Жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланып отыр. Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, микрокредит беру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға ықпал ететін болады. Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады, ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы іске асырылады. Бюджет қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, педагогтердің жалақысын арттыру көзделген. Бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінеді. Қазіргідей экономикалық жағдайда бұл – күрделі мәселе, алайда оны шешу үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек»,— деді.