Үнсіздік – шипалы ем
Аурудың астан болатынын атам қазақ баяғыда айтып кетсе де, қазіргі күнгі тамақтану үрдісіміз өз-өзімізді ажал аузына айдап апарғанмен бірдей екенін жасырмаймыз. Ал шу туралы әлі де ойланып көрген жоқпыз. Өйткені, дамыған мемлекеттер шектен тыс шуылдың адам денсаулығына кері әсерін зерттеп, оған өздерінше шектеу қойып, түрлі заңдар шығарған. Мәселен, АҚШ-тың Оушен-Гроуф қаласында жексенбі – тыныштық күні деп белгіленген. Яғни, жексенбі күні қала тұрғындары бір-бірімен сыпайы сөйлесіп, даңғыра музыканы сөндіріп, тіпті, қалада шу көтеретін көліктерді де жүргізбейді.
Ал Калифорнияның Санта-Роза қаласында аяқ киімі басқан сайын сықырлайтын адамға айыппұл салынады. Нью-Йорктің бір рабатында иті 15 минуттан артық үрген болса, иесіне айыппұл салынады.
Тыныштық туралы заң кейбір елдерде тіпті ерте замандарда-ақ қабылданған. Мысалы, ХVІІ ғасырдың басында Англияда ері әйелін кешкі тоғыздан кейін сабауға тыйым салынған. Бұл заң әлі күнге дейін күшін жоймай келеді. Ол тоғыздан кейін ешкім ешкімнің мазасын аларлықтай іс-әрекетке бармауы тиіс дегеннен шыққан.
Біздің елімізде де сағат кешкі 11-ден кейін біреудің біреу мазасын алмауы керек деген ұғым қалыптасқанымен, оны белден басып, көшеде айғайлап, ысқырып-қышқырып жүре беретіндер көп. Тіпті, қазіргі құрылыс қарқынды дамып жатқан уақытта түнімен жөндеу жұмыстарын жүргізетін көршілер де табылып қалады. Табыстың көзіне айналған жөндеу жұмыстарын жүргізетін құрылысшылар көрші үйде адамдар тұрып жатыр демей, жұмысын тез бітіріп, ақшасын тез алу үшін түнімен дарылдатып, зарылдатып жататыны жасырын емес.
Жә, құрылысшыларды былай қоя беріңіз, қоғамдық көлікте жүрудің өзі адам жүйкесін әжептәуір шаршатып жібереді. Кептелістің қалың нөпіріне тіреліп қалған көліктер, бір-біріне тұмсықтарын тіреп, бажылдасып тұрғаны. Осының бәрі адам жүйкесіне әжептәуір салмақ түсірері анық. Ал жүйке тозды дегенше барлық ауру қаптап ағзаңызды билеп-төстеп алды дей беріңіз.
Шамадан тыс шуға адам түгілі хайуанаттар мен өсімдіктердің өзі шыдас бермейді. Бөлме гүлдерінің көбі ұрыс-керіс көп болатын үйде өспей, солып қалады. Жанжал көп шығатын үйдің иттері мен мысықтары да мазасыз, аурушаң келеді. Тіпті, төрт түлікке балаған қой, сиырларыңыздың өзі сүт бермей, суалып кететінін қайтерсіз.
Үнсіздік арқылы адам бойындағы ашушаңдықты, психоневрологиялық ауруларды, гипертония, бас сақинасы сияқты дерттерді емдеуге болады. Үндемей тыныш отыру адамның жанын да тыныштандырып, қан тамырларының кеңіп, мидың да қалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Әдетте ашуланып отырған адамды оңаша қалдырған жөн. Бұл өз-өзіне келіп алсын, ойын жинақтасын, жаны тынышталсын дегенді білдіреді.
Асқазан жарасы, ішек аурулары сияқты аурулар осы шудан, шектен тыс ашуланудан туатын көрінеді. Ол үшін уыс-уыс дәрі ішіп керегі жоқ, шусыз, тыныш жерде демалып, өзіңіздің де жаныңызға тыныштық сыйласаңыз болғаны, зат алмасу да, қан алу да қалыпты болады. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, жүрек-қан тамырлары, шизофрения, эпилепсия ауруларына шалдыққан адамдарды да үнсіздікпен, тыныштықпен емдеп жазуға болады екен.
Елімізде құлақ, бас ауруларына шалдыққан жастар көбейіп келеді деп дабыл қағады дәрігерлер. Жастар құлақтарын тығындап алып даңғаза музыка тыңдағанды ұнатады. Бірақ, оның адамды ауруға шалдықтыратынын білмейді. Сондай-ақ, жас жүргізушілер көлік жүргізгенде бар даусымен музыка ойнатып бара жатады. Бұл бір жағынан өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің мазасын алады, жүйкесін тоздырады. Онсыз да қала іші шуға толы. Үлкен қалаларда қарқынды жүріп жатқан құрылыс, көлік қозғалысының шуылы, одан қалды әрбір үйдің іргесіне жабыса орналасқан дәмханалар мен мейрамханалардан шыққан музыка үні де мазаны кетіреді.
Кейбір мемлекеттерде көлік дыбысын шығармайтын жолдар төселе бастаған. Онысы шудан безудің жолын қарастырудан шыққан. Мәселен, Голландия, Бельгия, Ұлыбританияда көліктер кілем үстінде жүргендей үнсіз жүйткиді.
Олай болса, елімізде тыныштық сақтау ережелері қалыптаспағандықтан, үнсіздікті өзіңізге өзіңіз жариялаңыз. Аптаның бір күнін «Үнсіздік күні» деп өзіңізді теледидар, музыка, артық дыбыстан арылтып, отбасы мүшелерімен жай сөйлеуді дағдыға айналдырсаңыз, апта бойы шаршағаныңыз шығып, жүйкеңіз де қалыпты жағдайға келер еді.
Сөз соңында айтпағымыз, деніңізді сау, жаныңызды жадыраңқы ету өз қолыңызда.
Асылзат АРЫСТАНБЕК