ҰРПАҒЫМ ЖАҚСЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ…
Әр мақалы нақыл, өсиет, философиялық ой-түйін болып табылатын бабаларымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Әр адам үшін өзі отбасынан ыстық еш нәрсе жоқ. «Отан от басынан басталады» дейді.
Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Бала барлық үлгі-өнегені, тәрбиені отбасынан алады. Отбасын құру оңай, бірақ бала тәрбиелеу оңай жұмыс емес, ол үлкен шеберлік пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан ата-бабаларымыз бала тәрбиесін тал бесіктен бастаған. Бала дүниеге келісімен оның тәрбиесіне көп көңіл аударып, оның бойына өнегелі қасиеттерді сіңіруді отбасында қалыптастырған.
Кемеңгер ақыны Абай атамыз да «Әуелі балаңды өзің алдайсың: әне, оны берем, міне, берем деп, Басты балаңды алдағаныңы мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды (10 қара сөзі).
Бала тәрбиесі – ата-ана үшін аса жауапты міндет.Әрине кім баласын жаман болсын дейді, кез келген ата-ана ұрпағының тәрбиелі, білімді болғанын қалайды, ұрпағым саналы, салиқалы, жақсы адам болса, үлкен дәрежелі қызмет иесі болса екен деп те тілейді.
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дейді. Бала тәрбиесінде тәрбие мен білім әрқашан қатар жүруі керек.
Өзімнің бірнеше жылдық ата-аналар комитетінің төрайымы болған тәжірибемнен, қазіргі кезде кейбір ата-аналар баланың білімімен қатар, тәрбиесінде мектепке жүктеп қойып жатады. Тіпті баласы мектеп бітіргенше ата-аналар жиналысына бармайтын ата-аналар да болады. Олар қазіргі заманның қиындығын, уақыттарының жоқтығын, жұмыстан шаршап келетіндіктерін сылтауратып, баласының тәрбиесіне көңіл аударуға уақыт бөле алмайды, немесе баланы «бала бақша мен мектеп тәрбиелеу керек» деген қасаң түсінікпен тәрбие ісімен айналысуға ерінеді. Осыдан үлкен қателік туады.
Баланың күнделікті өмірінде бір де бір әрекетін ата-әрекетін мақтап, білмегенін айтып түсіндіру, үйрету бұл – ата-ананың басты міндеті. Ата-ананың дұрыс тәрбиесі мен мектепте алған білім ұштасқан жағдайда ғана балаңыз көп жетістікке қол жеткізеді.
Қазақтың ақиық ақыны Қасым Аманжолов өзінің жарына арнаған бір өлеңінде:
Отбасы – шағын мемлекет,
Мен – президент, сен – премьер, дегені бар. Шынында, отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Отбасы — ұлттық құндылықтарымыздың бастауы. Отбасының негізгі міндеті – баланы еңбек етуге, игі қасиеттерге тәрбиелеу және адамдармен жақсы қарым-қатынас жасауға, «үлкенге –құрмет, кішіге – ізет» принципіне үйрету. Бұл қасиеттердің бәрі негізінен отбасы – ошақ қасында қалыптасып нығаяды.
Бала негізгі өнегені алдымен отбасында ата-анасынан алады. Көзін ашқаннан көргені мен естігені бала жадында тасқа басқан хаттай жазылып қала беретіні анық. Ата-анасын сыйлап, құрметтеп үйренген бала өзге ата-аналарды да құрметтей біледі, қашан да үлкендер алдында өзін дұрыс ұстап, құрмет пен қамқорлық танытады.
Сіздің балаңызға берген тәлім-тәрбиеңіз, көрсеткен үлгі-өнегеңіз бен мектепте ұстаздары берген білім – балаңыздың болашағына салған қомақты инвестиция. Ол инвестицияның қалай жеміс беретіндігі өзіңізге байланысты. Отбасында бала ата-анасын, туған-туыстарын сыйлау арқылы,Отанын, жерін, өз халқын сүю, ұлтжандық қасиеттерді бойына сіңіреді. Ағашқы адамгершілік дағдыларына үйренеді.
«Отан от басынан басталады» деген тамаша нақылдың мағынасы мен мәні осында.