«Ұрпағымыз соғысты көрмесе екен»
Бұл Маңғыстау облысындағы 60-тан аса соғыс ардагерінің бірі, сұрапыл соғыста елінің азаттығы үшін от кешкен Бейсен Боқаевтің тілегі. 18 жасында әскер қатарына алынған сарбаз, 1942-1944 жылдар аралығында шекаралық әскерлер құрамында қызмет атқарған. 1944 жылдың сәуірінен 2-Украина майданындағы соғыс қимылдарына, Яссы-Кишинев операциясына, Бессарабияны, Румынияны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін шекаралық әскерлер құрамында қызметін жалғастырып, 1949 жылы елге оралған. Орден-медальдармен марапатталған.
Еңсесі тік, қадамы нық. 93 жастағы ақсақалдың қолында бүгінде таяқ жоқ. Таза ауада жаяу серуендеп, жан сергітеді. Қарт майдангер мұнайлы аймақ халқына сыйлы. Бейсен Рахметұлы бір иығына пулеметін, екіншісіне автоматы мен керек-жарағын асынып, Душанбеден Венгрия бөлігіндегі Карпат тауына дейін жаяу жүріп өткен. 7 жыл 2 ай дегенде отбасымен қауышқан сарбаз, сол бір қиын шақты күрсіне еске алады.
Майдангер 1950 жылы бастауыш пәні мұғалімімен отбасын құрады. Оғылхан Сүйменова 14 жасында ұстаз атанған. Себебі ер біткен сұрапыл соғыста, ал ауыл балаларының зейінін, сауатын ашу үшін зерек қыз бірден қызметке кірісіп кеткен.
— Қиыншылықтың барлығын бастан өткеріп, сол уақытта жас болсақ та жұмыс істедік. Үлкен ата-әжелердің рақметін естідім. «Мына бала жұмысқа келгенде 2 айда балаларымыз әріп білді» деп талай рет мақтағандар болды, — дейді Оғылхан анамыз.
Ақсақал бүгінде 9 ұл-қызынан немере-шөбере сүйіп, солардың қызығын көріп отырған миуалы бәйтеректей.
Айман Оңғарбайқызы