Ұрпағыңа жақсы тілек тіле
Біздің ауылда бір кемпір баласын арқалап, мақтанады да жүреді екен. Ел:
— Әй, жаман балаңды әлдеқандай қылмай жіберсеңші, — десе:
— Менің балам — жаман емес. Өскен соң бастық болады, ақ самаурынмен шай береді, сары мейіз, қызыл мейіз жегізеді. Самолетпен ұшады, — деп қоймайтын көрінеді.
Ел күледі де қояды, «жынды кемпір» деп. Расында, ол бала кейін ел басқарып, анасының айтқанындай азамат болған.
Тағы бір кісінің жалғыз ұлы болған. Баласы балабақшаға жалаңаяқ келеді екен, өкшесі жарылып кеткен, мұрнынан суы ағып. Соны көріп балабақша тәрбиешісінің бірі:
— Өй, мына баланы кіргізбеңдерші, мұрнынан аққанын қарашы, — десе, баланың анасы да сол балабақшада жұмыс істейді екен:
— Сен білмейсің, ол баланың мұрнынан алтын ағып тұр, — деп жылайды екен.
Расында, сол бала кейін әлемді аузына қаратқан спортшы болды, спорт федерациясын басқарды. Алтын медальдың талайын алды, анасын алтынға малындырды.
Жалпы, ата-ананың мақтауын естіп өскенге не жетсін!
Ескіде ағайынды Кеннедилердің анасы таңертең балаларын: «Граф, тұрыңыз, сізді ұлы істер күтіп тұр» деп оятады екен. Сол екі азамат та АҚШ-тың лайықты ұлдары болды. Біреуі президент, екіншісі сенатор болған еді.
Ұрпағыңа жақсы тілек тіле, ол санасы бар жан болса — соны орындауды алдына мақсат етіп қояды. Ал, жамандап,үмітсіз қылып, сен болмайсың десең — болмайтын бағытқа шығады.