ҰРПАҚ НЕГЕ АЗЫП БАРАДЫ?…

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті
Нұртөре Жүсіп Bibigul Zhexenbay Erlan Sairov Мақсат Толықбай Нұрбек Бекбау
Сәби күнінен гаджетке байланған баланың көзі ғана емес, вертуалды әлемге бүкіл жан-,дүниесі шырмалған. Нәтижесі мектеп жасындағы балалардың бәрінде психикалық ауытқушылық бар. Мидың, көздің, сананың шаршауы — неврозға, қатегіздікке, селқостыққа әкелетін фактор. Осыны біле тұра ата-ана да, мемлекет те бейқам.

Ата-аналардың 90 пайызы баласына бақылау жасамайды. Жасағысы келгенмен, санасын тұрмыс билеген ата-ана шаршағаннан отбасындағы бала психологиясындағы өзгерістерді байқамайды немесе оларға бала тыныш болса болды.
Ал ұл мен қыз жасөспірім кезеңіне топ ете қалғанда, бәрі кеш. Зиянды әдеттер, компьютердегі құмар ойындар, төбелес, ұрлық, нашақорлық аяқ астынан пайда болғандай, ата-ана да, мектеп те, полиция да аң-таң. Бірі жылап-сықтап, бірі жауапкершілікті психологқа артып, енді бірі тәуекелді балалардың тізіміне тіркеп, аласұрады да қалады.

Бұның бәрі мемлекеттің ұлттық идеологиясының жоқтығынан. Бала тәрбиесі — ұлт болашағының негізі. Ұлттық идеологияның темірқазығы болатын, ұлтты тәрбиелейтін бағдарлама қажет.
Бесіктегі сәбиден бала-бақша, мектеп, оқу орындары,, ұжым, өндіріс орындары барлық ортада тәрбие, өркендеу Ұлттық идеологияға, ұлт мүддесіне негізделуі тиіс.

Патриотизм, елді сүю, ата-ананы сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет, адам сүйе білу сияқты адами қарым-қатынастарды ұлттық құндылықтар арқылы қалыптастыру қажет. Ұлттық мүдде, ел мүддесі түсініктерін бала бойына сана мен болмыс деңгейінде ексе, олар бабалар қасиетін жоғалтпай, Ұлы Дала рухын бойына сіңіріп, Қазақия мүддесімен біте қайнасып, парасатты ұрпаққа айналар еді.

Мектептегі тәрбие жұмысы педагогикадан алыстап барады. Сухомлинскийдің кім екенін жас педагогтар біле ма екен? Бізде бір кемшілік — өткен кезеңнің өміршең құндылығынан безгеніміз. Не жаңасын жасай алмаймыз. Не ескісін ескермейміз.

Сухомлинский советтік педагог болғанмен, оның баланың физиологиясы мен ортасы, отбасы, өмір сүріп отырған қоғамы ескеріліп, ғылымға негізделген педагогикасының ғылыми негіздемесін пайдалануды ұсынар едім.
Ғылымға негізделген педагогикалық тәрбие тұжырымын жасаған ұлы педагогтың тәрбие мен білім беру ілімінің әлі де өзектілігін бағалап, ұлттық құндылықтармен, ұлт мүддесімен байытып, бала тәрбиесін қайта қарастырған жөн.
Мектеп білім мен тәрбиені ажыратып тастады. Білім мен тәрбие егіз. Бұл тұжырым — баланың адам боп қалыптасуының негізі екенін ұмытпағанымыз абзал.

Қазақ ғалымдары Сухомлинскийдің педагогикалық тәрбие ілімін ұлттық құндылықтармен ұштастырып, Білгеқаған, Тоныкөк, Күлтегін бабалардан қалған асыл сөзбен, Алаш арыстарының идеялық мұратымен, асыл дініміздің ақиқат ізгі жолымен неге Ұлттық Тәрбие бағдарламасын жасамасқа?!

Біз ұлтық бейне, кодымыздан ажырап барамыз. Оның дәлелі түрлі-түсті ту ұстаған жасөспірімдер, қазір болып жатқан мектептегі оқиғалар.

Қазір бұғанағы қатпаған бала интернет ойындардың ішінде жүр, ол ойындар — жауыздық пен қанішерлікке баулитын сырттың арнайы құралдары екеніне мән бермейміз. Осы үлкен өкінішке әкелмесін. Одан қалды баланы азғындыққа итермелейтін негізгі факторлар — жыныстық ақпараттардың көбейуі, ЛГБТ сияқты азғын қозғалыстардың күш алуы, мектепте тәрбие жұмысының стихиялы жүруі. Мектептегі бала тәрбиесінің ғылыми негізделмеуі. Бұның бәрі Ұлт қайнарының жоғалып бара жатқанының көрінісі.
Қайталап айтсам, Бала тәрбиесіне арнайы Ұлттық бағдарлама қажет. Тәрбиесіз білім — ұлттың тамырына балта шабу.

Советтік идеология советтік адамды қалай тәрбиеледі? Октябрят, пионер, комсомол советтік идеологияның негізгі тірегі болды. Ал 30 жылда біздің елде ұрпақты кім тәрбиеледі?
Баладан тізгін кетті.Полиция, соттан олар қорықпайды. Ешбір құндылықты бағалай алмайтын жүгенсіздік оларды мәңгүртке айналдырды.

Бүгінгі ұрпақ не көріп өсті?
Жемқор мемлекеттің алдамшы насихатын естіп өсті. Жемқор мемлекеттің зардабын тартқан мектептерде оқыды. Несиенің әлегіне түскен ата-аналарының кедейшілік қамытын кигенін көрді. Қазына ұрлап байығандар да көз алдарында жазасыз тайраңдап жүр.

Жасөспірімдердің енді қалыптасып келе жатқан балғын санасы мектептерде (ескі режимде дей берейін) алтын медаль сатылғанды да көрді. Үздік аттестат сатылды, оған да көнді, олимпиада адам таңдады, одан да өтті. Бір сыныптың кедей, орта шаруа балаларынан байдың балаларын бөліп, ЕНТ -ға дайындағанды да бастан өткізді.

Мұның бәрін біз де көрдік
Осындай ештеңенің парқы мен қасиеті қалмаған қоғамның балалары кім болуы мүмкін? Олардан не күтеміз?

Шығар жол біреу. Шынайы Жаңа Қазақстанды құру үшін жемқорлықпен аяусыз күресетін қатаң Заң шығарылсын. Барлық салаларда түбегейлі өзгерістер батыл түрде басталуы тиіс. Қоғамдық-саяси, мәдени-тарихи, білім мен ғылым саласына реформа қажет.

Алаш идеясына негізделген Ұлттық идеология бағдарламасын қабылдау — басты пиоритет.Сол бағдарлама ұлтты, ұрпақты тәрбиелейді. Сол бағдарлама Қазақияны да, ел ертеңі — ұрпақты да сақтап қалмақ.
Айткул Шалгинбаева