Ұрпақ тәрбиесі баршаға ортақ
Өздеріңізге белгілі, қай кезде де ұрпақ тәрбиесінің еліміз үшін де, қоғам үшін де маңызы зор.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Тәрбиенің негізі – тәртіпте, ал тәртіп бар жерде нәтиже болады» деп айтқандай, бала тәрбиесіне бәріміз бірдей жауаптымыз.
Сондықтан бүгін талқыланатын мәселенің маңызы зор.
Баланың адам болып қалыптасуы қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс.
Осы ретте бүгін біз білім берумен қатар тәрбие сапасын көтеруге ата-анамен бірлескен іс-шаралардың тиімді тәсілдерін пайдалануды жандандырып, дамытуымыз қажет.
Бұл бағытта ауданда біршама жұмыстар жүзеге асырылуда.
Сондықтан әр ата-ана оқушы қызының, ұлының тәрбиесіне, қызығушылығына ерекше мән беруі қажет.
Балаларымызға «Ұстаз – екінші анаң» деп ақыл айтатынымыз рас.
Алайда бала үшін ата-ана – бірінші ұстаз екенін естен шығарып алмауымыз керек.
Әрине, жас өренді білімді, тәрбиелі етіп қалыптастыру барысында жауапкершілік жүгі ұстаздарға артылатыны түсінікті.
Осы тұста ешбір мұғалім алдындағы балаға теріс әрекет үйретпейтінін, жаман әдетті жанына серік ет демейтінін қаперде ұстау керек.
Сапалы білім, саналы тәрбие білім беру ұйымдарының негізгі міндеті болғандықтан оны үнемі өз деңгейінде жүргізу, жетілдіру ұстаздардан ұдайы талап етіледі, жауапкершілігі сұралады.
Дегенмен, жұмыла көтерген жүк жеңіл.
Арамыздағы бір жеткіншек бұралаң жолға түсіп, сағы сынса оған бәріміз бірдей айыпты сезінуіміз керек.
Бірақ мектеп, ата-ана, ұстаз, жалпы қоғам болып осы бағытта жауапты жұмыс істесек, мұнымыз нәтиже берері сөзсіз.
Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда ғаламтор желісінде барлық ақпаратқа қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар бала телефон арқылы ересектерге арналған контенттерге немесе түрлі зиян сайттарға қосыла алады.
Оның ішінде, суицидке, құмар ойындарына апаратын сілтемелерді біздің тарапымыздан қадағалау мүмкін емес.
Сондықтан ата-аналар балалардың әлеуметтік желілерде қандай парақшаларда отырғанын қадағалау қажет.
Келешегін ойлаған мемлекет жас ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарамайды.
«Ел болам десең – бесігінді түзе» деген нақыл сөз бар.
Сол себепті тек бірлесе еңбек ету арқылы ғана біз өскелең ұрпағымыздың тәлім-тәрбиесіне бағыт-бағдар беріп, балалардың бақытты болашағын қалыптастыра аламыз.
Жұмыла көтерсек, жүгіміз де жеңіл, жұмысымыз да нәтижелі болмақ.
Ендеше, баршаңызды ұлт мүддесі жолында бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын.