ҰРЫ МЕН ҰЛЫ

( Өлең- әңгіме)
Ертеде әлде бертінде, ( білмейді анық ешкім де).Бір жалғыз үй тұрыпты, ауылдың шалғай шетінде. Отағасы әлді тың екен, нағыз әккі ұры екен. Әйелі момын, аз сөзді, ізбасары жалғыз ұлы екен. Кенде емес өзі айладан, жасамаған жай қадам, маңайына көз салмай, ұрлаған малды шалғайдан. Адал еңбек етпепті, әзірге ұлын жекпепті, сол жалғызы ер жетіп, тәмамдапты мектепті.
Он жылғы жүріс ақталып, аттестат алып шаттанып, әкеге бала жетіпті, арманын айтып шаттанып:
— Ардақты әке, заңғарым, құрбы-достан қалмадым, жаман баға алмадым, енді жалғап білімді, мамандық алу арманым…
Үмітін ұлы айта алды, әкесі басын шайқады, бір мырс етіп алды да, былай деп жауап қайтарды:
— Заманда мынау мың елес, мендей жандар бір емес,
бабалар сөзін білесің, «ұсталмаған ұры емес». Кім айтар мені кедей деп, ойлашы өзің тереңдеп, мендей болсаң жетпей ме, диплом деген не керек?!
Үндемей қалды баласы, көзінің ақ пен қарасы, өркештенді әкесі, ұқты деп мені шамасы. Жорыды мұны жақсыға, шақырып алды қасына, «бөріден туған бөлтірік», жасыма деді, жасыма… Бағыңның болсын бастауы, өзіңе сынақ тапсырма. Жұрт сөзі, сірә, бекер ме, Бәленбай деген мекенде, Түгенбай деген бір байдың, ту биесі тұр шегенде. Соны әкеп егер жайратсаң, соғымға қыстай жетер де…
Қос апта өтті арада, таң қалды әке, ой Алла, жетегінде ту бие, оралады бала да. Болса да жолдың азабы, қарышты, нықты қадамы. Себебі бірақ белгісіз, қанжығасында таразы. Шешесі жүр аймалап, тұрды әкесі жай қарап, таразыны ұлы қолға алып, сөз бастады жайлап ап:
— Демеймін әке, кем едің, өзіңше ерен ер едің, аттандырып жорыққа, қолтығымнан демедің. Сәтті болды сапарым, алдыңда өсті беделім, таразыға енді өлшенсек, сұрама қазір себебін, кезі келген сәтінде, жауабын өзім беремін. Деген солай баласы, әкенің бар ма шарасы, салмақтарын өлшесе, бірдей бопты шамасы.
Ту бие де жайрады, қара қазан қайнады, өте шықты білінбей, қатаң қыстың айлары. Жер- ананы жібітіп, наурыз да келді жайдары. Соры ма, әлде бағы ма, қарсы жүзген ағынға, әкесін ұлы шақырды, таразыға тағы да…
Япыр-ай ә, не болды, өткенде ғана тең болды, енді әке ұлынан, төрт- бес келі кем болды. Тамақты жеген талғамды, әрине, әке таң қалды, ( ұлы да оны аңғарды), бұрын айтпақ жауабын, толғанып енді арнады:
— Дегеніңді құптадым, көңіліңізді жықпадым, межеленген мекенге, тасаланбай нық бардым. Алдамады арманым, дұрыс жолды таңдадым, өзіңіз айтқан сол байға, екі аптаға жалдандым. Адалдыққа бастадым, арамдыққа баспадым, екі айтызбай дегенін, қиындықтан қашпадым. Жан екен өзі иманды, қоштасарда қимады, «еңбегіңнің құны » -деп, ту биесін сыйлады. Сақтадым солай арымды, көрдіңіз жақсы халімді, салмағым да қосылды, жеген соң адал малымды. Табан ақы, маңдай тер, жұғымды да жағымды. Терезе, есік шегендеп, қуғыншы қашан келер деп, ас келгенде алдыңызға, отырдыңыз елеңдеп. Ұйқыңыз да дұрыс болмады, тамақ та дұрыс қонбады, түп тамыры осында, салмағыңыздың солғаны.
Өзінше еді айбарлы, көңілді де жайдары, ұлы алдында бірақта, әкенің тілі байланды. Мағыналы мәнді де, мақсатты да нәрлі де, салихалы сәнді де АМАНКЕЛДІ СЫДЫҚАЙ, айтқан осы әңгіме, үлгі болсын бәріңе!
Ой төркінін түсініп, ақ қағазға түсіріп, ойлы ұрпақ ОҚЫ деп, отырмын міне ұсынып.
Серік Зейнетайұлы Жұмат
Тарбағатай өңінінен