Үш арысты аялаған Фатима
Алматыда қазақтың белгілі тұлғалары Біләл Сүлеев, Ілияс Жансүгіров және Мұхтар Әуезовпен отбасы құрған Фатима Ғабитова туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Картина Фатима Ғабитованың күнделіктерінен және балалары Мұрат Әуезов, Ильфа Жансүгірова-Жандосованың естеліктері бойынша түсірілген. Фильмнің режиссері – «Қазақфильмнің» киностудиясының жетекшісі Бахыт Қайырбеков.
1903 жылы Жетісудың Қапалы қаласында татар отбасында дүниеге келген Фатима жастайынан әкесінен айырылып, әпкесі екеуін анасы тәрбиелеген. Қаланың кішкентай қызы ерте сауатын ашып, татарша, қазақша және орысша жақсы біліп өсіпті. 1914 жылы Қапалда Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанғандарды және 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісті де көзімен көрген. Бойжеткен Фатима жас педагог, ағартушы Біләл Сүлеевпен танысып, отбасын құрайды. Өмірге сәби де әкелген. Он жылдай тату-тәтті отбасының тағдырына 1930 жылғы саясаттың салқыны тиеді. Күйеуі Сүлеевті тұтқындап, екі жыл жазықсыз түрмеде отырғызған. Бұдан кейін Біләл ақталып, Мәскеуге кеткен. Біраз уақыт өткен соң Фатима белгілі ақын Ілияс Жансүгіровпен кездесіп, отбасын құрды. 1933 жылы Ілияс Жансүгіров Максим Горькиймен танысып, кездесті. Осы сапарда Фатима да бірге барған. Картинада Ілиястың шығармашылығының кемелді жағы да көбірек айтылады. Ақынның атақты «Құлагер» поэмасының дүниеге келгендігі де сөз болады. Фатиманың Ілияспен отбасы құрғаны ұзаққа бармай, 1938 жылы ақынды «Халық жауы» деп тұтқындап, кейін ату жазасын кескен. Фатима Ғабитова бұдан кейін Мұхтар Әуезовпен тұрмыс құрған. Фильмде 1950 жылдары Жансүгіров ақталып, оның шығармалары қайтадан жарыққа шыққаны туралы әңгімеленеді. Сондай-ақ картинада 1958 жылғы Жазушылар одағындағы айтулы жиналыстың да көріністері кірген. Жалпы, фильм Фатима Ғабитованың басынан өткен талай қиындықтар туралы әңгімелейді.