Үш бірдей білім нысаны ашылды
Республика күні қарсаңында Шу ауданында үш бірдей білім ошағы пайдалануға берілді.
Алғашқы болып Қорағаты ауылдық округінің орталығы – Мойынқұм ауылында 200 орындық «Нұршуақ-2» бөбекжай-бақшасы ертеңгі ел иелеріне есігін айқара ашты. Оның ашылуына аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысып, ауыл тұрғындарын басты мерекемен тұспа-тұс келген қуаныштарымен құттықтады. Аталған нысанды «Ерке-Есіл» ЖШС жеке қаражаты есебінен 100 миллион теңгеге салғанын айта кету керек. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ететін мекемеде 8 топ бар. Сонымен қатар 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Бөбекжай-бақша меңгерушісі Әшіркүл Кішкентаеваның айтуынша, оқу-тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Сондай-ақ осы күні ауданның шеткі ауылы саналатын Ақсуда да құрылысты өз қаржысына жүргізген құрылтайшы «Mubarak Niet» ЖШС-мен аттас бөбекжай-бақшасының да лентасы қиылды. Жалпы сомасы 25 миллион теңгеге соғылған нысан 50 балаға арналған. Туған жерге ту тіккен кәсіпкер Қайрат Маметов үш жыл бойы жүргізілген жұмысты мереке қарсаңында мәресіне жеткізіп, жергілікті 10 тұрғынға жұмыс берді. Ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Райымбеков, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді. Ауыл перзентінің бұл қадамын құптаған қариялар кәсіпкерге батасын беріп, разылықтарын білдірді.
Әлеуметтің қалауымен ашылған үшінші нысан – Шу қаласында орын тепкен «IQ Urker SCHOOl» жекеменшік мектебі болды. Құрылысы 2019 жылы басталған бастауыш мектептің тұсауы ұлттық мерекеге орай кесілді. Қасбеті қарапайым көрінгенімен білім ошағының ішкі көрінісі көздің жауын алады. Қос қабатты ғимараттың жалпы аумағы 1600 шаршыметр. Оның ішінде спорт залы, асхана, кітапхана, алуан түрлі безендірілген сыныптар мен тынығу орны бар. 250 оқушыға шақталған бастауыш мектепке бүгінгі таңда 170-тен астам баланың ата-анасынан өтініш түскен. Барлығы 12 сынып бар білім ұясы балаларға екі тілде білім беретін болады.
Салтанатты жиында аудан басшысы Сәкен Арубаев 600 миллион теңгесін игі іске жұмсаған жеке кәсіпкер Х.Ахунбаевтың ісі көпке үлгі екенін айтып, аудандағы алғашқы жекеменшік мектептің ашылуымен құттықтады. Ардагер ұстаздармен бірге мектептің лентасын қиған Сәкен Қаланұлы заманауи үлгіде салынған ғимараттың ішін аралап, өзінің жоғары бағасын берді. «Мұндай мектептердің өңірде көптен ашылғаны дұрыс», – деді аудан әкімі.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН, журналист. Шу ауданы.