ҮШ НАСИХАТ – ҮШ МЫҢ ДИРХАМ
Бір заманда енді үйленген бір жас жігіт ілім үйрену ынтасымен ауылдан кетеді. Ұзақ сапардан кейін қалаға жетіп, медресе іздеп жүргенінде, жұмысшы іздеп жүрген бір бай кісімен кездеседі. Бай кісі жоғары ақы ұсынғандықтан, ниетін өзгертіп, оның жанында жұмыс істей бастайды. Жиырма жыл оның қасында жұмыс істеп, үш мың дирхам ақша жинайды. Сөйтіп, ауылына қайтуға шешім қабылдайды.
Жолда түнеген жерінде біреу «Менде сондай бір насихат бар, мұны алған адам дүниеде де, ахиретте де рахат өмір сүреді» дейді. Әлгі адам «Үйден ілім үйрену үшін кеткен едім, ілім үйрене алмадым, ең болмағанда осы насихатты алайын, қалған екі мың дирхам маған жетеді» деп, оған мың дирхам беріп, орнына «Қаза мен тағдырда не бар болса, сол орындалады! Тағдырдағыдан басқасы болмайды» насихатын алады. Сапарын жалғастырады. Басқа бір түнейтін жерде тағы да осындай біреуге кезігеді. Ол да «Менде сондай бір насихат бар, мұны алған адам дүниеде де, ахиретте де рахат өмір сүреді, біраққұны мың дирхам» деп айқайлап тұрады. Әлгі адам «Мың дирхам ақшама да мұны алайын, қалған мың дирхам маған жетеді» деп, мың дирхам төлеп, орнына «Жүрек кімді жақсы көрсе, сол сұлу!» насихатын алады. Жолын жалғастырып бара жатқанда басқа бір түнейтін жерде тағы біреуді кездестіреді. Бұл кісі де «Менде сондай бір насихат бар, мұны алған адам дүниеде де, ахиретте де рахат өмір сүреді, біраққұны мың дирхам» деп айқайлап тұрады. Адам бұл жолы өз-өзімен күресе бастайды. Бір жағынан ілім үйренбегенінің ауыртпалығы, бір жағынан қалған соңғы ақшасы! Ақыр соңында ілім үйрену ынтасы ауыр басып, «Тағы жұмыс істеп ақша табармын» деп мың дирхамын оған береді, орнына «Өзіңұнатпайтын, түсініксіз жағдайға тап болғаныңда асықпа!» деген насихатты алады.
Сапарын жалғастырады. Жолда топталған адамдарға кезігеді. Жандарына жақындағанда олар: «Мына құдықтың ішінде бір жынды бар, қасында бір қыз бар. Ауылымыздың суын тоқтатты. Ішіне кім түссе де бәрін өлтіріп жатыр. Бізді бұл қиыншылықтан құтқарған адамға мына ыдыстағы алтындарды береміз» дейді.
Адамның ойына бірінші «Қаза мен тағдырда не бар болса, сол орындалады! Тағдырдағыдан басқасы болмайды» деген насихат келеді. Құдыққа түседі. Жынды «Саған бір сұраққоямын, жауап берсең суды ашамын. Мына қыз сұлу ма, әлде мына құрбақа ма?» деп сұрайды. Екінші насихат ойына келеді, «Жүрек кімді жақсы көрсе, сол сұлу» деп жауап береді. Жынды«Жарайсың! Осы кезге дейін бәрі қыз сұлу деді, олар білмеді, сен таптың» дейді. Жынды құрбақаны жақсы көргендіктен, бұл жауапты ұнатады, сөйтіп суды ашады. Ал әлгі адам алдыңғы ақшасынан да көп болған алтындарды алып ауылына қайтады.
Үйінің терезесінен қарағанында, ішінде әйелінің жанында бір жас жігіттің қалжыңдасып тұрғанын көреді. Бірден пышағын қынынан сұырып тұрғанда үшінші «Асықпа!» деген насихат есіне түседі. Пышағын жасырып, есікті тоқылдатады. Жұбайы есікті ашып жанындағы жас жігітке «Қара балам, әкең келді!» деп қуанады.
Бақытжан Аббазұлы