Үшемдердің мүшкіл халін кім ұғар?

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың назарына!

Үшемді дүниеге әкеліп ескерусіз қалып жандары жүдеген көп балалы отбасыны, тығыз орналасқан жатаған үйлердің арасынан толарсақтан саз кешіп жүріп әрең тауып алдық. Жұпыны тірліктен әбден шаршаған жас жанұя кімге барып мұңын шағарын білмей аңырап отыр?! Алты баланың тауқыметі шаршатпай қойсын ба, енжарлық бар жүздерінде. Әке 34-те, Ана 28-де. Ойын баласы не білсін тәйірі, қарындары «ұлығанда» ғана ата-анасына жәудіріп қарайды екен. Қалған уақыттары томаға тұйық өтіп жатқан-сынды… Жағдайларының төмендігіне байланысты 4-5 жастағы екі ұлды әйелі өз туыстарына жіберіпті. Күйеуінің әке-шешесі қайтыс болған. Ағайын-туыстары Қызылорда да тұрады. Біз келгенде тар бөлменің шаңын шығарып еркелемей, «Аш бала тоқ баламен ойнамайтынын» көрсетіп жалғыз кішкентай қыз бала қасы-қабағымызды бағып отырды…

Астаналық көп балалы (алты бала) Мейірмановтар отбасы бес айлық үшемдерінің (үшеуі де қыз бала) біреуін балалар үйіне өткізуге белді бекем буып отыр. Бәрі де мәжбүрліктен әрине. Қиын тұрмыс пен жайсыз қоныс қос бүйірден қысып тұрса не істемек?! Онсыз да шала туған үшемнің біреуіне (Дария) туа сала көзіне ота жасалып, кейіннен жүрегі пышаққа түсіп, бес айдың ішінде 40 рет рентіген сәулесіне «шомылған». Салынған инеден денесі бөртіп кетіпті байғұс баланың. Шынашақтай ғана шақалақ өте әлсіз. Әлжауаз. Бірақ тіршілік иесі ғой, болашақтан күдерін үзбей әрегідік күлетінін қайтерсің?! Қалған бауырларының да жағдайлары мәз емес. Күтім қажет бәріне. Анасы Тоқсанбаева Айгүл үш қызының (Дәрия, Ғалия, Мәрия) тыныс жолдарын жиі тазалап отыруға мәжбүр. Себебі бөлменің ауасы дымқыл. Жалдап тұрып жатқан пәтерлері сыз, көктің исі қолқаны атады. Тымырсық бөлме түгілі терезеден енетін ауаның өзі сасық. Үш қабатты жатахана іспеттес салынған ғимараттың бірінші қабаты темекінің тұқылы мен адамдардың қақырықтарының «мекеніне айналған». Маңай аяқ алып жүргісіз лас. Бір ғана қожайынға тиесілі мекен де 1500-ға тарта жанұя күнелтіп жатыр десем сенбессіз бәлкім… Жатахана типтес үйге қарама қарсы екі котедж тұр. Жатаған төрт-бес үй және қараяды. Әр бөлмеге пәтер ақы 27 мың теңге. Жапсарлай салынған дәретхананың исінен жүрегің айниды. Кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр бұл үйлерге. Кеудесі ауыратындар да, сотталғандар да, өзге де жұқпалы ауруларды арқалағандар да бір аула да өріп жүр. Бірінші қабаттағы үшемнің хал-жағдайы туралы сөз етудің өзі артық болар бұдан кейін. Мұндай жерді Инфекцияның торауылдайтыны кімге де болсын белгілі. Ешқандай жағдай жасалмағасын адам баласының көретін күні осы да?! Қуықтай ғана бөлмеде (15 шаршы метр) Үш емнің ата-анасы, алты баламен күнелтуде. Шарасы таусылған көп балалы жанұя, Үшемнің біреуін (аурушаң Дарияны) балалар үйіне тапсырып күтімге алмаса, оны аман алып қалудың басқа жолын көре алмай отырғандарын айтып көз жастарына ерік беруде. «Жомарттың қолын жоқтық байлайды» деген рас-ау. Амалдарының жоқтығынан жас отбасы осындай қадамға барып отырғандарын айтады. Тірі қалып, мемлекеттің қамқорлығымен емделсе, кейін жағдаймыз түзелгенде өзімізге қайтарып аламыз ғой деп өздерін алдарқатып қояды жас отбасы. Енді қайтсін бауыр еті баласын кім тірі жетім еткісі келеді балалар үйіне жіберіп. «Әттең тонның келтесі-ай» дейсің еріксізден?!

Үй кезегінде 12838- ші болып тұр

Астана арман қала болғанымен, көптеген жас жанұяларға «қорған» қала бола алмай тұр өкінішке орай. Үйсіз-күйсіз жүрген мыңдардың арманы баспаналы болу. Бірақ сағымдай арбаған ол күнге жету әзірге қиял ғана көбіне. Оларды айтасыз Алла тағаланың ерекше сыйы Үшемнің, анығы алты баланың ата-анасының үй кезегінде 12838- ші болып тіркелгені, үй алудың оңай емесін көрсетсе керек Астанада. «Үй кезегі келгенше аман болса үш қызымыз да әже болып қалар деп» күрсінеді Үшемнің ата-анасы. Бұлда болса тастабандап «жатып алатын» кезектің баяу жылжитынын аңғартса керек-ті.

Үшем 2012 жылдың 15 қарашасы күні Астанадағы перзентханалардың бірінде дүниеге келіпті. Бәз біреулердей дабырайтып, телеарналарды шақырып жарнамалауға жас жанұя құлықсыздық танытыпты кезінде. Оған өздері де өкінетін сыңайлы бүгіндері. Алла тағаланың екінің біріне қимайтын ерекше сыйына дәрігер-медбикелердің де немқұрайлы қарағаны қызық. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген осы-ау тегінде. Дүниеге жылап келсе де, ештеңе сұрап келмеген Үшемнің бүгінгі тағдырлары өте ауыр. Дәрумендер жетіспеушілігі байқалып, қымбат тағамдарға мұқтаждықтары сезіле бастаған. Жұмысқа жарамды әкелері Бақберген ел қатарлы еңбек етіп нәпақа тапқысы келгенімен, үйелмелі-сүйелмелі алты баланы жалғыз жұбайының қарауына тастап кетуге оны аяиды. Әсіресе дүние есігін ашқандарына бес ай болған Үшемнің өзі жас анаға біраз «ермек» көрінеді. Оларды кезектесіп бақпаса, бір адамды титықтатып тастайды екен. Ересек деген үшеуі де (Нұрсұлтан (5), Нұрдәулет (4), Алия (3) ) әлі бала. Тұрмыстары жұтаң, көлденең кіріс көзі жоқ отбасы жүгіріп жүрген үш баласына және Үшемге ай сайын берілетін барлығы 50 мың теңге мөлшеріндегі жөргекпұлмен күн көріп келеді. Оның 27 мыңы жалдамалы пәтерге төленеді. Қалған 23 мыңы балалардың ішіп-жеміне бірде жетеді, бірде жетпейді. «Бір қой егіз туса бір түп жусан артық шығады» десек те, соңғы уақыттары ас-ауқаттан қатты қиналған отағасы, «тамаққа ортақ қылмай» ойын баласы қос ұлын қайын жұртына жібермек. Оқуларын сол жақта жалғастырмақ келешекте.

Депутаттардан бір хабар күткен жанұя

Үшем дүниеге келгелі бейнеттері зорайған жас отбасыларды ай қарап жатыр деп жазғыруға болмайды. Шамалары келгенше әкім-қараларды жағалап шығыпты. Атақ-абыройы зор, беделі асқақ деген бірнеше халық қалаулыларына да арыздарын жөнелтіпті. Солардың ішінде соңғы уақыттары ащы пікірлерімен халықтың ықыласына бөленген депутат Дариға Назарбаева да бар. «Алғашқы жөнелткен арызыма мәліметтеріңіз толық емес деген көмекшісінен жауап келді. Кейін толықтырып жіберген арызыма жауап жоқ. «Үмітсіз шайтан ғана». Елдің сөзін сөйлеп жүрген ханымдардың бірі ғой. Қол ұшын созар деген дәмеміз әлі бар» дейді жас отбасының егесі.

Айтпақшы, Үшемнің әкесі Бақберген келіншегі аяқ қолын бауырын жинағасын Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Михайлович Хорошун мырзаның қабылдауына жазылып, әрең дегенде кіріпті. Мән жаймен мұқият танысқан әкімнің бірінші орынбасары Хорошун үй жағынан көмек болады деп уәде бере алмапты. Құр сөзбен алдарқатып, шығарып салғанын айтқанда жас жігіттің көзі жасаурап кетті. Үйден күдер үзгесін Әкиматтан Үшемнің жағдайын бақылап отыратын медбике сұрайды. Ол өтініші де айтылған жерінде қалады. Сөйтіп, ерлі-зайыптылар үшемді кезек-кезек тамақтандырып, біреуі ұйықтаса екіншісі күзетіп отырған жайлары бар.

«Президентіміз көбейейік, ұлан байтақ даламызды кеңінен пайдалану үшін, демографиялық дүмпу керек дегелі қашан?! Біз табиғи жолмен дүниеге әкелген үшемнің тағдыр–талайлары дәл осылайша қиындықпен өріледі деп тіпті ойламаппыз» дейді көзінен жасы моншақтаған отанасы Айгүл Тоқсанбаева. – «Бізді елеп, ескеріп жатқан тірі жан жоқ, кешегі өткен 8 наурызда да құттықтаған біреу болмады. Астана әкімшілігі аналар мейрамында керемет сый жасапты деп естиміз. Бірақ бізді ұмытып кеткендеріне қынжыламыз».

«Перзентханадан өзім шығарып алдым жұбайымды. Үшемнің жағдайы қалай деген бір жан болмады әкімшілік тарапынан. Таксимен алып келдім үйге. Біз Үшемді біреу үшін туған жоқпыз әрине. Оны бұлдамаймыз да. Тек айтқым келгені Үшем күнде дүниеге келіп жатқан жоқ қой. Сондықтан оларға ерекше күтім керек екенін қаймана қазақ біледі. Біз секілді отбасыларды қомқорлыққа алып, ұрпақ өрбітуді көздеп отырған жас жанұяларға үлгі етерлік деңгейге көтеруді ел басқарған азаматтар білсе керек-ті. Біздің тіршілігімізді, қиыншылығымызды, ауыр азабымызды көрген жастар, демографияға үлес қосады деп айту қиын. Кең байтақ жеріміз болғанымен, оны мекендейтін халық саны аз ғой ұлтымызда. Егер көп балалы отбасыларға жағдай жасалмаса, қайталып айтамын демография қарқынды өспейді » деп ашуында жасырмады Бақберген. Сөз арасында былай деп қалды. «Көзіміз ашық қой. Интернетті қотарып қарап отырамыз. Ресей Үкіметі жанұялы жастарының бала тууға қызығушылығын арттырып отыр. Шот аштырып, өзге де жеңілдіктер жасауда. Үшем дүниеге келсе, күйеуіне декрет аштырады екен. Жағдайларын жасап қарасады екен. Бізде ондай заңдар қарастырылмағаны қандай өкінішті».

«Үшем, мемлекетке керек болмаса да бізге керек» дейді күйінген ата-ана

Астанаға келгендеріне он жылдан асыпты. Қайда тұрмады десеңізші?! Саяжайды да мекен етіпті. Бір орыс әжей мүсіркеп, тегін тұрғызып, саяжайын күзеттіріпті. Төрт жыл сонда мекендепті. Одан кейін де балаларын жетектеп пәтер жалдап бармаған қуыстары, жатпаған жертөлелері қалмапты. Соңғы аялдағандары осы жер. Ескі базарға жақын. Жарасбай қонақ үйінің маңы. Қысы-жазы шалшық арылмайды. Ми-батпақ. Бұл жерде қаңбақ-жанұяға тұрақ болмайтын түрі бар?! Туғандарына бес ай болған Үшемдерге жайсыз тигесін бірнеше күннен бері пәтер іздеп сабылып жүр отағасы. «Енді келсеңіз мені бұл жерден таба алмай қалуыңыз әбден мүмкін» деп қояды кейіпкерім шаршаған кейіппен. «Үшем, мемлекетке керек болмаса да бізге керек. Сондықтан біреуін балалар үйіне тапсырған күннің өзінде қалған екеуінің денсаулығы қымбат! Сондықтан ауасы таза баспана іздеп жатырмын. Мына жерден кеудесі қатпаған балаларыма жаман ауру жұқтырып аламын ба деп қорқамын. Пәтерлерін жалға берушілердің көбі балаларымызды естігенде шошып теріс айналып кетеді. Бала емес бәле көргендей шоршиды. Адамдар не болып барады өзі?!».

Бұл бірдің емес, бала-шағасымен көшіп-қонып жүрген мыңның тауқыметі. Ия, астанадағы мыңдаған қазақ жастарының тағдырын арқалаған отбасының Үшемді дүниеге әкеліп ескерусіз қалып, алты баламен баспанаға, ұлтарақтай жерге зар болып жүргені қабырғаны қайыстырады.

«Алланың жазуы шығар бұл да. Екі ұл, бір қызымыз болғасын, алла берсе қызымызға серік болатын тағы бір қыз дүниеге келсе деп ойладық қой біз пақырлар. Көрмейсіздер ме қырсыққан да Үшем дүниеге бір-ақ келіп әйелім күміс алқаның иесі атанғалы отыр таяуда» дейді қажыған кейіпін көрсеткісі келмей әзілге жыққан отағасы.

«Жан айқайымыз Астана қаласының әкімі, ұлтжанды азамат Иманғали Тасмағамбетовке жетпей отыр. Арыз, шағым, өтініштеріміз бер жағынан қайтуда. Жетсе ол кісі тым құрығанда «Үшемнің жағдайын қарастырыңдар, денсаулығын бақылаңдар» деп көмекшілеріне тапсырма берген бола еді» деп, жамандыққа қимайды бәрібір отбасы алаштың арда ұлын.

Көмек қолын созбаққа талпынғандарға дән риза отбасы

Өздерін жарнамалауға ұялып келген жанұя таяуда қатты қысылып, ішім-жемнен таршылық көргесін 31 арнаға барады. Сөйтіп ел аумағына Астана қаласындағы Үшемнің қиын тағдыры жайлы хабар таратылады. Ол жайлы өздері не айтар екен соған тоқталайық.

«Жақында телеарнадан көрсеткеннен кейін, біздің қиын тұрмысымызбен құлақтанған ел тұрғындары үнсіз қалған жоқ. Азаматтар хабарласып ақша берейік, кездесейік деп ұсыныстар жасады. Расымда айтсам қатты қысылдым. Ұялдым. Олардың аяғанынан не пайда, Алла аясын бізді. Қоғам қатыгезденіп кетті деп жатамыз ғой, әйтсе де жақсылықтың ұрығынан өсіп-өнген адамдар көп екенін анық аңғардық. Басқа іс түскенде ғана парықтаймыз ғой бәрін… Мешіттен имамдар хабарласып ақшалай көмек көрсетпекші едік, сізбен қалай жолықсақ екен деп сұрады. Теледидардан бір рет жылт етіп көрініп едік мейірбан азаматтар хабарласып жатыр күн құрғатпай. Ізгі ниеттері үшін оларға алғысымыз шексіз. Бір азамат ұялы телефоныма 2000 единица салып жіберіпті. Бір Астаналық жанұя үйімізге көшіп келіңдер, үш ай балаларыңды бағып береміз, келіншегіңді ұйықтатып тынықтырамыз деп қоңырау шалды. Содан бері ұялы телефонға дамыл жоқ шыны…

Бала көтеремін деп қиыншылыққа тап болыпты

Бұл отбасы да пенделер қатарына жатады. Көп балалы жанұялардың да өз мұңы мен өз сырлары бар ішіне бүккен…

«Кейде (Алла асылық көрмесін) қатты шаршағанда, шұбыртып осы балаларды дүниеге несін әкелдім деп қамыққан кездерім болды, оны жасырмаймын. Күйеуіме, сенің кесіріңнен осының бәрі деп ұрысқаным да бар. Төртінші балаға туар да (Үшем екенін узиға түскенде бір-ақ білдік қой) күйеуіме, тағы бір қыз ту дейсің, өзіміз қаңғырып жүргенде баланың керегі не? Оның бейнетін бір адамдай көрдік қой дегенім есіме жиі түседі. Үш баланы өсіріп отыра берсек, оларды қаңғыртпай-ақ өз қолымызда оқытар едік-ау. Бүгінгідей ауруханадан ауруханаға жүгірмес едік қой. Аурушаң Үшемнің біреуін күнара ауруханаға апарамыз. (Тамақ ішпей қалады, болмаса сазарып-безеріп тұншығады). Екі-күннің бірінде жедел жәрдем тосамыз. Кейде уақытында келеді, кейде кешігеді. Келген медбикелер «сендер басқа пәтер іздеңдер. Мына жерде баланың науқасын өршітіп аласыңдар» деп аяушылықтарын білдіріп жатады. Біз оларға «қалай көшеміз. Дайын тұрған пәтер қайда» деп уәж айтамыз. Баланы қарауға келген медбикелер бөлмеде өздері тұншығып, есікті ашып-жауып жеркеніштерін білдіріп тез шығып кетуге тырысатындарын да аңғарамыз» дейді Үшемнің анасы Айгүл Тоқсанбаева.

Соңғы балаларының қыз болуын қалаған отбасы дәрігерлердің салғырттығы ма, әлде техниканың ақаулығы ма, әйтеуір түсініксіз жағдайға кезігеді. «16-17 аптаның кезінде Узиға түстім. Сол кезде маған ішіңде егіз бала бар деді. Сонымен бірге ішіңде ет өсіп келе жатыр деген диогноз қойылды. «Встереча» декеннің қасындағы № 6 ауруханада болған жағдай бұл! Сөйтіп қайтадан анализдерімді тексеруге кірісті. Бір ауруханадан екінші ауруханаға көшіп жүрдім. 21 аптадан кейін барып қана үш бала деген тоқтамға әрең келді дәрігерлер. Үйдегі балаларға жолдасым қарап отырды. Үлкен, қымбат қалада екі жұмыссыз отырса, үйлерінде береке бола ма? Сөйтіп күнімізді әрең көріп отырған да тағы да біраз таршылық көрдік. Бала көтеремін деп осыншама қиындықтарды жанұямызбен бастан кешірдік».

Түйін

Дүниеге үшемнің келуі ерекше құбылыс екені даусыз. Ең алдымен Алланың қалауы. Сенсация болмаса да елең етерлік жаңалық! Қарап отырсақ егіздердің өзі азайып кеткендей қоғамда бүгіндері. Демографияның қарқындылығына, өркендеуіне үлес қосатында осылар емес пе? «Қанша малды болса да бай қуанар егізге» демейтін бе еді қазақ?! Онда біздің бай мемлекетіміз, ең құнды байлығымыз балалардың көптеп дүниеге келгендеріне неге қуанбайды?!

Қаншама қиындыққа кезіксе де айрандай ұйыған отбасының сыйластығына қызықтық қарап отырып. Дүние байлықты сөз етпейтін тоқ көңілдері қандай шынайы?! «Ашыққан қарын тойынар» күнде туар. Алла тағала баланы да ниетке береді емес пе?! Ұлтымыздың, ел басқарған басшылардың ниеті тарылмасын дейік онда.

Жасыратыны жоқ, бір жарым сағат Үшемнің ата-анасымен сұхбаттасқанда мұрнымыз пысылдап, басымыз меңзіп, мәңгіреп әрең шықтық бөлмеден. Киіміміз дымқылданып денемізге жабысып қалыпты. Қуықтай ғана бөлмеде аяғыңды жазып отыру да мүмкін емес. Мезгіл-мезгіл жылаған Үшемнің біресе сүтін, енді бірде жаялығын ауыстырған жас отбасының тізерлеп отыруға да мүмкіндіктері болмады бізбен…

Жылы үйде, жылы көрпенің астында, сүтке тойған мысықтай кебеже қарындарын сипап қойып, баланы тауқымет көріп тумайтындар, – жиырмасыншы ғасырдың басындағыдай қиын тұрмыс кешіп жатқан көп балалы отбасылардың, еліміздің үлкен-үлкен қалаларында да кездесетінін біле ме екен ә ?!…

 

Нағашыбай Қабылбек