Үшінші Дүниежүзілік соғыс болуы мүмкін бе? немесе ядролық державалардың алапат қарулары

Бұл сауал әлем елдері үшін соңғы кездері тіпті өзекті бола түсті. Оған АҚШ бастаған Батыс елдерінің Ресейге қарсы жаппай «дипломатиялық соғыс» жариялауы түрткі салып, отқа май құйғандай болды. Қазіргі өмір шындығының бетіне тура қарасақ, қолында күллі тіршілікті қырып-жоюға қауқарлы ядролық қаруы жоқ елдер ондай қарулары бар мемлекеттерге тәуелділіктен құтыла алмай, онымен санасуға мәжбүр болатынын жасырудың реті жоқ. Өйткені ядролық қару кез келген ел үшін жауына сілтер семсері әрі одан қорғайтын қалқан бола алатын қуатты соғыс құралы. Содан болар, мүмкіндігі болса әлемнің кез келген елінің әлгіндей қаруды иеленгісі келері хақ. Рас, 1968 жылғы бүкіләлемдік мемлекеттер арасында жасалған келісім бойынша ондай дәрежеге жетуге өзге ядролық державалар жаңа бір елдің алапат қаруға ие болуына және оның таралуына үзілді-кесілді қарсы болады. Бүгінде әлемдегі «ядролық клубқа» АҚШ (1945 ж.), Ресей (КСРО, 1949 ж.), Ұлыбритания (1952 ж), Франция (1960 ж.), Қытай (1964 ж.), Үндістан (1974 ж.), Пәкстан (1998 ж.) және Солтүстік Корея (2006 ж.) сынды 8 мемлекет кірген. Кейбір сарапшылар: «Өздері ант-су ішіп мойындамағандарымен, Израильде де 200 заряд ядролық қару бар»,— деп есептейді. Басқаларға тізе батырарда әлгі қаруларына сенетіндер көпе-көрнеу қоқан-лоқы жасап, өзгелерді ықтырып алғысы келеді. Соның салдарынан әлемдік елдер арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіп, бұл жағдай ядролық қақтығыстың қауіп-қатері сақталуын сейілтпей отыр. Себебі Латын Америкасындағы бірқатар елдер, Парсы шығанағында орналасқан қызылбастар елі (Иран) қандай жолмен болсын ядролық шоқпарға қол жеткізуге барын салып жатыр. Бұл аз десеңіз, 2006 жылы ресми түрде ядролық қаруын сынақтан өткізген Солтүстік Корея әлсін-әлсін зымырандарын сынақтан өткізіп, әлем елдерін атом қаруымен үркітуін доғаратын емес.

 

Янкилер қаласа жер шарын жойып жібере алады

Қолда бар деректерге қарағанда, АҚШ-та 5200 ядролық оқтұмсық бар көрінеді. Мұншама алапат қарумен янкилер қаласа қарсыласын ғана емес, бүкіл өркениетті жойып жіберуге қауқарлы. Ал Ресейде 3000 ядролық оқтұмсық қолдану сәтін күтіп тұр деседі. «Жағдайды ушықтыруға не себеп?»— деген сауалға келсек, бұған білікті мамандар мен сарапшылар: «Ядролық қақтығыстың мүмкіндігін асқындыруға Украинаның ішкі ісіне араласты дегенді желеу етіп Ресейге қарсы санкция жариялаған Батыс елдері ықпал етіп отыр. Ал Ресейдің Сирияда жүріп жатқан соғысқа тікелей араласуы мәселені одан әрі ушықтыра түсті. Өйткені бұл АҚШ бастаған Батыс елдеріне ұнамайды. Осы себептен олар қандай жолмен болса да Ресейді «жуасытып», өздеріне «қолбала» қылуға жаныға кірісуде. АҚШ президенті Д.Трамп айтқандай, бұл елдер егер Мәскеуді экономикалық санкциялар да сабасына түсіріп, тәубасына келтірмесе, оған қарсы әскери күш көрсету де күн тәртібінде тұрғанын жасырып отырған жоқ. АҚШ болса, бүгіндері ядролық емес зарядтардан тұратын ондаған мың баллистикалық зымыранмен бір мезгілде соққы беру («Жаһандық соққы») бағдарламасын әзірлеу үстінде. Бұл бірінші кезекте Ресейге қарсы қолданылар қару болары кәміл. Өйткені АҚШ саясаткерлері айтып отырғандай: «Бұл ел соңғы кезде әлемдік геосаясатқа белсенді араласып, АҚШ-тың мүддесі бар жерлерге орынсыз «мұрын тығыуда-мыс». Пентагонның соңғы қабылдаған қорғаныс доктринасында «әлемде АҚШ-қа қауіп-қатер төндіреді» деген елдердің ішінде алдымен Ресейдің тұруы да сондықтан»,— деген пікірге ден қойған. Атақты саясаткер, АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер Wall Street Journal газетінде бүгінгі жаһандық жағдайға, оның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты өз көзқарасын білдірген-ді. Сонда ол:
1. Егер ядролық қару Таяу Шығысқа жетсе, ендеше мұның салдары ауыр болды. Ашығын айтқанда, әлемдік деңгейдегі апат болады.
2. АҚШ пен Еуропа Иранға ядролық қару жасауға жол ашатын кілтті беріп қойды. Ал Сауд Арабиясы өзіне ядролық қаруды сатуға әзір тасымалдаушыны іздеп жүр. Пәкстан мұндай қаруды сатуға әзір. Нені байқадыңыз? Анығында, біз қашып құтыла алмайтын апаттың алдында тұрмыз.
3. Сириядағы жағдайға Ресей араласқалы бері мұндағы ұзақ жыл бойына сақталып келген геосаяси құрылым біржолата құлады.
4. Төрт бірдей араб мемлекеті өмір сүруін тоқтатты. Бұлар: Ливия, Сирия, Ирак және Йемен. Бұлардың барлығын ИГИЛ басып алуы мүмкін. «Ислам мемлекеті» шариғат заңымен өмір сүретін жаһандық халифатқа айналуды көздейді.
5. АҚШ пен Батысқа ақылмен ойластырылған стратегия керек. Бірақ мұндай стратегия әзір жоқ.
6. Иранды жөні түзу мемлекет санау – санасыздық. Бәлкім, уақыт өте келе бұл ел АҚШ пен Батыс армандаған мемлекетке айналар. Бірақ қазіргі Иран «Армагеддонға бастайтын жолда тұр».
7. Сириядағы соғысқа араласқан Путин бірінші кезекте Ресейді қорғап жатқанын түсіну керек. ИГИЛ бар кезде және күшейіп жатқан тұста ол Таяу Шығыстағы жағдайдың тұрақсыз болуына әрдайым және әркезде мүдделі болмақ. Башар Асадтан бұрын, алдымен «Ислам мемлекетінің» көзін құрту керек.
8. АҚШ ИГИЛ-ға қарсы соғысқа Ресейдің араласқанын қолдайтынын аңғартып алды. Путин Америкаға «Ислам мемлекетіне» қарсы күресетін жаңа альянс құруды ұсынды. Бұл жақсы нәтиже беруі мүмкін. Қазіргі күні дәл осы ИГИЛ-дің құрамында мыңдаған шешен соғысып жүр. Ертең олар елге, яғни, Ресей мен Шешенстанға оралса не болады? Міне, Путиннің «Ислам мемлекетіне» қарсы соғысып жатқанының бір себебі осында,— деген пікір айтқан. Бәлкім, оның пікіріне құлақ асқан да жөн болар, кім білсін.

 

АҚШ-қа Мәскеу немен жауап бермек?

Әрине, Мәскеу де қол қусырып, бос қарап отырған жоқ. Соның дәлелі, Кремльдің жақында зымыранға қарсы жаңа құралды сынақтан өткізгендігі дер едік. Осыған орай РФ Қорғаныс министрлігі: «Ресей әуе-ғарыш әскерінің қызметкерлері Қазақстандағы Сарышаған полигонында ЗҚҚ жүйесінің жаңа модернизацияланған зымыранының сынағын сәтті өткізді. ЗҚҚ жүйесінің модернизацияланған зымыранға қарсы жаңа құралы тапсырманы сәтті орындады және шартты нысанды белгіленген уақыт ішінде жойды», — деген хабар таратқан болатын. Сондай-ақ ЗҚҚ жүйесі Мәскеуді әуе-ғарыштық шабуыл құралдарынан қорғауға арналғаны аталған. Осы себептерге байланысты, мұнай бағасының құлдырауымен Батыс салған санкцияның әсері қатты батса да, біздің солтүстіктегі көршіміз қорғаныс саласына қаржыны аямай құюда. Заманауи ұшақтар мен тікұшақтар, танк, артиллерия және әуе қорғаныс күштерін көптеп шығарып, оларды сапқа қойып, ядролық күш-қуатын күшейтуде. Кез келген жағдайда әрекет етуге дайын болу үшін әскери оқу-жаттығуларды да арттырды. Сондай-ақ Сириядағы соғыста жаңа қаруларын сынақтан өткізуде.
Мәселен С-400 «Триумф» әуе күштерін жоюға арналған зениттік-зымырандық кешенді және Су-35 жаңа ұшақтарын апарды. Бұдан тыс ядролық оқтұмсықпен жарақтанған «Тополь-М», «Ярс», «Искандер» секілді қондырғы-кешендерді, ядролық қару алып ұшатын стратегиялық бомбылаушы ұшақтарының күш-қуатын жиі сынақтан өткізу үстінде. Ендеше, мұның бәрі тегін әрекет деу келмейді. Жақында Ресей президенті В.Путин: «Жаңартылған 40 құрлықаралық баллистикалық зымырандар әскери сапқа қойылады»,— деген мәлімдеме жасаған. Бұл да ядролық қақтығыс бола қалса, оған қарсы соққы беру үшін жасалып жатқан әзірлік екені даусыз. Соған қарағанда, Таяу Шығыстағы, соның ішінде Сириядағы алпауыт елдердің мүдделер тартысы үлкен бір қанды қақтығыстың шетін қылтитып тұрғандай көрінетіні бар.
1991 жылы КСРО-ның күйреуімен аяқталған КСРО мен Батыс сынды қос империяның арасындағы «қырғи-қабақ соғыс» 2014 жылғы Украинадағы мемлекеттік төңкерістен кейін КСРО-ның мұрагері атанған Ресей мен Батыс арасында қайтадан жанданып шыға келді. Осылайша, Таяу Шығыста қалыптасқан жағдайға байланысты да екі империя бір-біріне ашық қарсы келмесе де, үшінші бір елдерді пайдалану арқылы өзара «жауласуды» әрі қарай жалғастыруда. Халықтың үрейін туғыза отырып, АҚШ Еуропадағы НАТО қарулы күштерін 4 есеге көбейтуді, оны қаржыландыруды еселеуге бет бұрып отыр. Бұл, әрине, Батыс пен Ресей арасындағы дүрдараздықты одан ары асқындыра түсері хақ. Империялық үстемдіктің дәмін бір рет татқан мемлекет бұрынғы пиғылынан оңай бас тарта қоймайтыны белгілі. Соның бірі — КСРО-ның заңды мұрагері атанған Ресей Федерациясы. Ресми Кремль басшылығы сонау тәуелсіздік таңы атар қарсаңында-ақ (1990 жылдардың басында) дегеніне жетіп, экс-ксрошыл республикаларды тізеге салып отырып көндіріп, ұжымдық қауіпсіздік келісімін бекіткен болатын. Ұжымдық қауіпсіздік келісіміне мүше елдің бірі — бізбіз. Оған Беларуссия мен Қырғызстан да кіреді.
Ұжымдық қауіпсіздік кейін Ұжымдық қауіпсіздік келісімі туралы ұйымға айналды (ҰҚКҰ— ОДКБ). Империялық үстемдіктің дәмін бір рет татқан мемлекеттің бұрынғы озбыр пиғылынан оңай бас тарта қоймайтыны кәміл. Кезінде РФ президенті тағында отырғанда Д.Медведев: «Зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесі Ресейде де құрылуы керек. АҚШ еуропалық зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесін жақтайтын болса, РФ Стратегиялық шабуылдаушы соғыс құралдары-3-тің құрамынан шығады»,— деп ашық мәлімдеме жасаған-ды. Егер зәуде-ғалам әлгіндей ядролық қақтығыс орын ала қалса (әлбетте, оның бетін әрі қылсын дейміз), ұжымдық қауіпсіздік ұйымының белсенді мүшесі Қазақстан қай жаққа шығады? АҚШ пен арадағы стратегиялық әріптестікті қай бағытта түзеді? Бір-біріне қырғи қабақ танытып отырған АҚШ бастаған Батыс елдері мен Ресей Қазақстанды қырына алып жүрмей ме?»— деген сауалдардың жауабы, әрине, бүгінде ядролық қаруынан өз еркімен бас тартып, ондай қаруы барларға «жалтақдап» қалған біздің ел халқы үшін зор мәнге ие. Одаққа мүше боламыз деп жүріп, қосақ арасында кетіп қалмасақ болғаны. Тек: «Алпауыт елдердің басшылары мемлекеттік мүддені сылтау етіп ақылын ашуға жеңдірмесе екен»,— дейміз де.

 

Дайындаған — Ермек Сахариев