ҰШПАҚ
Сіз мына өмірде бар тірлігі оңғарылған адамды көрдіңіз бе?
Сіз сол адамға қызығасыз ба?
Сіздің де сондай болғыңыз келе ме?
Сонда сіздің түсінігіңіздегі ілуде бір адамның басына қонатын бақыт сол ма?
Иә, сол. Бұл — барша адам баласына тән түсінік. Осы түсінік кең ауқымда жүзеге асуы үшін мемлекеттік тұрғыда бағдарламалар қабылданады. Жалпы адам баласы осы түсінікті орнықтыру үшін жер бетінде тіршілік етеді.
Сонда ол қандай түсінік?
Айтылар ой ұғынықтылығы үшін сөз басына қайта оралайық.
Сонымен сіз бар тірлігі оңғарылған адам санатына кімді қосасыз?
Жауап айқын. Ол — Алладан алшақ адам. Демек адам баласы жер бетіне түскен күннен бастап Алладан алшақтауға тырысып бағады. Соған орай Алладан алшақтаған сайын бақытты өмір кешеді. Барлық уақытта солай болған. Әлі де солай. Адам баласы соңына түскен әлгі бақытты өмірдің бүгінгі аты — өркениет. Кешегі күнгі түсінікте — коммунизм. Ал біз үшін — дамыған 30 ел. Бар тірлігі оңғарылған адамдар солар.
Енді сауал. Адам баласы армандаған ұшпақ сол ма?
Жауап — сауал ішінде. Оның аты — ұшпақ. Ал ұшатын — жан. Сіз солсыз. Ал бар тірлігі оңғарылған адамдар сол ұшпақтың қанатын қырқушылар. Солар санатында сіз де барсыз.
Құдияр БІЛӘЛ