Үштілділік қазақтың соры ма, бағы ма?
Өткен аптада Алматыда болған жиында зиялы қауым өкілдері мен билік өкілдері осы туралы ой қозғады.
Мен екі баланың әкесімін. Екі баламды да қазақ балабақшасына бердім. Балабақшада 3 жасынан бастап ағылшын тілі жүреді. Нәтижесі жаман емес. Бір жылдың ішінде ағылшынша олар бар болғаны 10-15 сөз үйренді, баланың ағылшын тілі жайлы түсінігі қалыптаса бастады. Менімен қатарлас азаматтарда бүгінде бір мақсат бар. Баласына қайткен күнде де ағылшын тілін меңгерту керек. Себебі «ағылшын тілі — болашақтың, технологияның, ғылымның, бизнестің тілі» деп санамызға сіңіріп жатыр. Ата-ана баласы үшін бірінші болып инвестиция құюды ағылшын тілінен бастайды. Бір қызығы, біздің әке-шешемізге ата-әжеміз «Орыс тілін білмесең, сенің күнің қараң. Ертең нан тауып жей алмайсың» деп үйретіпті. Дәл қазір мен өзімді ата-әжемнің күйін кешіп тұрғандай сезінемін. Ал біздің әке-шешеміз «тым құрымағанда орыс тілін үйрен» деп айтпапты. Неге екенін білесіз бе? Мектеп табалдырығын аттаған кезіміз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Енді барлығы қазақ тіліне көшеді, қазақша сөйлейді деп ойлады. Ал бізге көршінің тілін қаланың қазағы үйретті. Ағылшын тілін де мәжбүрліктен үйреніп жатырмыз. Әлі есімнен кетпейді, ол кез 2000 жылдардың басы. Студент кезім. Автовокзалда отыр едім, бір орыс әйел жаныма келіп, өзінің ескі күздік аяқкиімін бір шыны ішімдіктің құнына сатып алуымды өтінді. Студент екенімді айтып едім, әпкеңе ал демесі бар ма. Әпкемнің қайда тұратынын айта алмаған маған әлгі араққұмар әйел «Сен ЖОО-да қалай оқып жүрсің? Орыс тілін білмейтін адамдарды қалай ЖОО-ға алады? Бұл заман не боп барады?» — деп таңырқап, ренжи бастады. Ал бүгін мен балаларыма мүлдем орыс тілін үйретпеймін, оған талпынбаймын да. Қаланың қазақтары, екітілді қоғам бар ғой деп қоямын. Мен үшін ана тілімен қатар ағылшын тілін меңгергені жетіп жатыр. 10-15 жылдан кейін «осы бір қарқынмен» дамитын болсақ, жоғары оқу орнына ағылшын тілін білмейтін бала түсе алмауы әбден мүмкін. Қазіргі уақыттың өзінде ең беделді Назарбаев университетінің емтихандары ағылшын тілінде. ҰБТ секілді емтихандарға ағылшын тілі міндетті пән ретінде енгізілуі де ғажап емес. Бұл қауіп пе, әлде қауіп емес пе? Төменде мұның нақты жауаптары айтылады. Ендеше, соған назар аударайық.
28 маусымда Алматыдағы «Астана» қонақүйінде «Қазақтың тілі мен тарихы — ұлттың алтын қазығы» атты қоғамдық кеңес өтті. Қоғамдық талқылауда ақын Мұхтар Шаханов, жазушы Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Мереке Құлкенов, ғалым Асқар Жұмаділдаев, Айгүл Ісмақова, саясаткерлер Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Әміржан Қосанов, қоғам қайраткерлері Марат Тоқашбаев, Жанұзақ Әкім, ұстаз Айгүл Миразова, Айман Сағидуллаева т.б., сонымен қатар Білім және ғылым министрлігінің арнайы өкілдері ретінде Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, жаңа оқу бағдарламасын құрастырған мамандар, ата-аналар, қоғам белсенділері, шамамен жүзге жуық адам қатысты. Қоғамдық талқылаудың ұйытқысы болған — «Жас алаш» газеті мен Болатхан Тайжан атындағы қоғамдық қоры. Қоғамдық талқылаудың модераторы, «Жас алаш» газетінің редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы қоғамдық талқылаудың шымылдығын 4 тілде ашып (қытай тілін қосып), «Үш тұғырлы тіл» проблемасының саяси мәнін қоюлата түсті. «Зиялыларымыз, саясаткерлеріміз, қоғамдық құбылыстың тамыршылары танымал саясаттанушыларымыз, ақпарат құралдарының жетекшілері, журналистер, мұғалімдер, ата-аналар қатысып отыр. Талқылау қызу, дәлелді, тұжырымды пікірлер арқылы өтіп, барлық жақтар үшін пайдалы болады» деген үмітпен бастады.
«Математиканы қазақ тілінде оқытуға бола ма?»
Асқар Жұмаділдаев, академик: «Кеше ғана ғылыми жиналыс болды. Сол жиында мен бір сағаттық баяндама жасадым. Баяндаманың тақырыбы: «Математиканы қазақ тілінде оқытуға бола ма, болмай ма?». Әрине, бұл қандай ақмағи сұрақ деп ойларсыздар. Өкінішке орай, XXI ғасырдың басында осы сұрақ ғылыми талқыға түсіп отыр. Тіл деген не? Тіл — байланыс құралы. Оның бес функциясы бар. Олар: отбасы, ошақ қасы; бизнес; саясат; экономика; ғылым және технология. Адамның он екі мүшесі бар болса, сол он екі мүшенің бәрі жұмыс жасау керек. Қазақта мықты поэзия бар, әдебиет бар. Бірақ басқа жағында түк те жоқ. Менің ойымша, біздің саясат былай болуы керек: сіз көмектеспей-ақ қойыңыз, бірақ кедергі жасамай-ақ қойыңыз. Соңғы кезде қазақтың тілі дамып келе жатыр. Біздің министр қазақ балаларының білімі төмен деп айтады. Бос сөз. Кешегі өткен ҰБТ-да ең жақсы нәтиже көрсеткен — қазақ мектебінің балалары. Құдай біледі, «Болашақпен» шетелге оқуға кеткендердің 80 пайызы қазақ мектебін бітірген балалар. Қазақша мектепте оқу методикасы қалыптасты. Қазақ тілінде бастауышқа, орта мектепке лайық жеткілікті тіл бар. Біз қазақтың тілі бай дейміз. Сол бай тіліміз орта мектепке білім беруге жарамаса, ол тілдің не керегі бар?! Министрліктің өкілдері «қазақ тарихын қазақ тілінде оқытатын болдық» деп жетістік ретінде айтып отыр. Бұл жетістік емес, күлкілі нәрсе. Бүкіл ғылымның барлығы ана тілінде оқытылуы керек».
Қабдеш Жұмаділов, жазушы: «Маған біздің билік, біздің мемлекет қазақ ұлтын жоюдың жоспарлы саясатын жүргізіп жатқандай әсер етеді. Ұлтты құртудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі — жер. Жерінен айырылған ұлт өздігінен жойылады. Екінші тетік — тіл. Ғасыр басында «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов бекер айтпаған. Үшінші тетік — тарих. Тарих дегеніміз — халықтың жады. Халықтың жадын, зердесін жойып жіберсе, ұлтты ұстап тұратын ештеңе қалмайды».
Дулат Исабеков, жазушы: «Осындай жиналыстар қазақ арасында неге көбейіп кетті? Ұйқысы қалың қазақ неге оянды? «Оян, қазақ» деп ғасырлар бойы оята алмаған халқымыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін тіріле бастағанын бәріміз жақсы білеміз. Биыл міне, сол көтеріліске 100 жыл толған кезде «оянып» жатырмыз. Біз өз құқығымызды талап етпей, билікті жаман үйретіп алғанбыз. Халық мемлекетіміз қандай істер жасаса да, «елдің мазасын алмайық, тыныштық сақтайық» деп тілін тістеп отырды. Мына жерде отырған азаматтардың барлығы қазақтың қаймақтары. Министрліктер бір реформа жасамас бұрын осы кісілерге келіп, қандай ойы бар екенін неге білмейді? Қазір неге деген сұрақ көбейді. «Жақсылық көрсем — өзімнен, жамандық көрсем — өзімнен» дейді Сұлтанмахмұт. Сол айтпақшы, бүгін осындай күйге түсіп отырсақ, оған алдымен айтатын кезде үндемей қалған өзіміз кінәліміз».
Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Тіл — тек қатынас құралы емес. Бұл — ұлтты, мемлекетті қалыптастырушы құрал. Мектеп — тек білім беретін орталық емес. Азаматты қалыптастыратын, оның ұлттық сана-сезімін оятатын орталық. Өз басым елу шақты елде болдым. Сол елдерде екі немесе үш тіл деген мәселе атымен жоқ. «Ол мемлекеттер бұл қадамға ақылы жетпегеннен бармай отыр» дей аласыз ба? Өзінің ұрпағын, өзінің болашағын ойлаған ел ешқашан «үш тұғырлы тілді» мектептерге енгізбейді. Мұстафа Шоқайдың «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген сөзі бар. Үш тілді білім алған бала қазаққа қызмет ете ме, Ресейге қызмет ете ме, әлде ағылшынға ма? Физиология мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек. 12 жасқа дейінгі баланың ойлау қабілеті бір тілде дамуы шарт. 7 сыныптан кейін ғана басқа тілді оқытуға болады. Осыны ретімен шешу үшін не істеуіміз керек? Онсыз да білім деңгейі мәз емес ауыл мектептері орысша мен ағылшыншаға көшсе керемет болып кете ме? Жаратылыстану пәндерін қазақ тілінде оқытпау дегеніңіз — қазақ тілінің көкжиегін кеңітпеудің, артта қалған тілге айналдырудың жолы.
Қазақ қоғамы толықтай жүз пайыз болып кетсе де, бүгінгі реформаны дәл осы қалпында жүзеге асыруға болмайды. Қазір қараңыз, қазақтілді мектептерді бітірген балалар қазақ тілін де, орыс тілін де жетік меңгергенін байқайсыз. Ал орыстілді мектептің балалары мемлекеттік тілді үйренуге асығар емес. Алдымен сол орыстілді мектептер қазақтілді мектептердің деңгейіне жетіп алсын. Себебі қазақтың санасы Семей ядролық полигонының алаңы емес. Өзі пара алатын адам жемқорлықты тыю туралы әңгіме айтуға болмайды. Сол сияқты 25 жылдан бері мемлекеттік тілді игере алмаған шенеуніктер үш тұғырлы тілді енгізуге, оны насихаттауға моральдік құқығы жоқ деп ойлаймын».
Айдос Сарым, саясаткер: «Бүгінгі тіл, мемлекет, білім мәселесі, айналып келгенде, жер заңынан да маңызды. Осыны ұғыңыздар. Тіл дегеніміз — ұлттың жаны, экзистенциальды ұясы. Ұлт дегеніміз алдымен тілден басталады. Адам жаратылысынан солай. Мен де көптеген елде болдым. Сол елдердің көптеген мұғалімі, оқушылары үш тілді біледі деп айта алмаймын. Бүгінгі жағдайға қатысты менде дайын жауап жоқ, тек күдіктерімді айтайын. Бірінші мәселе, үштілділік деген неден туындады? Ол мынадан туындады: бүгінгі күні орыстілді билік өзінің дәурені өтіп бара жатқанын жақсы сезінді. Осыны сақтап қалу үшін «үштілділік» деген қойыртпақты ойлап тапты. Ондағы басты міндет — қазақ рухты мемлекетті болғызбау. Егер осыны мойындамаса, қалғанының бәрі бос сөз. Екінші мәселеге көшейік. Мектеп дейміз, сенім, жауапкершілік дейміз. Ал, жарайды, үштілділік мәселесі дұрыс болсын. Қазақстанда 3 мың мектеп бар делік. Соның 3 мың директоры, орынбасарларымен жауапқа тартылу керек. 25 жылда математиканы үйретті, химиядан, физикадан олимпиада өткізді, ал 11 жылда қазақша үйрете алмаса, онда жауап беруі тиіс. Сіздер өтірік айтып отырсыздар. Мұның бәрі орыс тілін үйрету үшін жасалып жатыр деп айтады маған кейбір жігіттер».
Былтыр арнайы іссапармен Малайзия елінде болдық. Әлемнің дамыған 20 еліне кіретін бұл елде оқушылар ағылшын тілінде білім алады екен. Жаңа министрдің жаңа реформасы осы Малайзия, Сингапур елдерінікімен ұқсас. Малайзияда Туризм министрлігі бізді Джунглиде мекендейтін тайпаларға апарды. Тайпа мүшелерінің барлығы өз тілімен қоса малай тілінде сөйлейді екен. Таңырқай қарадық. Малайзия халқының 100 пайызы малай тілінде сөйлейді. Малай тілінде сөйлегендіктен, ағылшын тіліне деген қарсылық мүлдем сезілмейді, жоқ деп айтсақ болады. Жаңа оқу бағдарламасының қоғамдық резонанс тудырып тұрғаны да 25 жылдың ішінде қазақ тілі мәселелерінің шешілмеуінен болса керек. Білім және ғылым министрлігі өкілдерінің бұған айтар ешқандай уәжі болған жоқ. Тек Үкіметті кінәламауға шақырды. Бұған қоғам кінәлі, сіз бен біз кінәліміз деді. Ата-ана баласын орыс мектебіне берсе, оған Үкіметтің ешқандай кінәсі жоқ деп ақталды. Әлбетте, Джунглидегі тайпалардың малай тілінде еркін сөйлеуі малай қоғамының кінәсі екен. Біздің тіл мәселесінің дәл осы Малайзия, Өзбекстан секілді шешімін тапқанда, қоғамның ағылшын тіліне деген теріс реакциясы болмайтын ба еді. Алматыда болған қоғамдық кеңестен ең алдымен осыны түйдік. Осыны сезген саясаткерлер «Үш тұғырлы тіл» деген сөзді мүлдем алып тастап, ақырын ағылшын тілін үйрете беруді ұсынды. Қоғамдық кеңеске жиналғандарға министрліктен келген мамандар алдымен жаңа оқу бағдарламасымен танысып алыңыздар деп әлек болды. Қоғамдық кеңес мүшелері бағдарламаны қолымызға бер деп қолқа салды. Қысқасы, екі жақтың қолында бағдарлама болған жоқ, зиялылар бұл бағдарламамен әлі таныса қоймаған секілді.
Министрлік өкілі кейбір ақпараттардың жалған екенін айтты
Бір ауылдағы мектеп директоры барлығын жинап алып «келесі жылдан бастап ағылшынша оқимыз» деп, бүйректен сирақ шығарыпты. Мектептің ұстаздары, оқушылары, ата-аналары — барлығы жиналып бұл мәселеге бас қатырған, жүректері ауырған. Жаңа оқу бағдарламасын мектептің директоры дұрыс түсінбей отырғанда, мектеп мұғалімі, қарапайым ата-ана, қоғам қайдан түсінсін? Бұл Білім және ғылым министрлігінің жіберген үлкен қателігі. «Ескендірдің мүйізі» секілді желмен тараған бұл реформа біраз адамды есеңгіретіп тастады. «Бірінші сыныпқа барған бала математиканы ағылшын тілінде оқиды-мыс» деген қауесеттер шықты. Халықты ағылшын тілінен мүлдем хабары жоқ бала қайтіп ғылымның атасы — математиканы ағылшынша оқиды деген ой мазалады. Ағылшын тілін жетік меңгерген педагог жоқ, бұл қалай болады деп жұрт тағы шулады. Кейіннен математика, физика, химия, биология, информатика секілді педагогикалық мамандықты жартылай іштей, жартылай сырттай бітірген мамандардың ағылшын тілінде білім беруі бір «мұғжиза» болатындығына сене бастағандай болдық. Тіл мен әдебиет, алгебра мен геометрия, тарих, география секілді пәндер біріктіріледі деген ақпарат халықты одан сайын үркітті. Тіпті ТМД аумағына шығып кеткен. Бір ғалымдарымыз шетелге конференцияға барса, өзге елдің профессорлары осы мәселені «Бұл қалай болады?» деп кекеткен көрінеді. Білім саласындағы тағы бір жаңалық, «Қазақстан тарихының» ЖОО-да алынып тасталып, оның орнына «Қазіргі заман тарихы» пәні енгізілуі. Бұған келісім беріп, 117 ректор қол қойған деген ақпараттар шыға бастады. Бұл да қоғамның сынына ұшырап, наразылығын тудырды. Қоғамның ашуын келтірген осындай ақпараттардың жалған екенін айтқан Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева сөзін «сіздер мәселені дұрыс түсінбей отырсыздар» деп бастады:
«2016-2019 жылға арналған мемлекеттік білім беру бағдарламасы қабылданғанын, биыл 1 қыркүйек жаңартылған білім беру жүйесінің бағдарламасы енетінін естіп жатырсыздар. Ата-аналармен, қоғам мүшелерімен кездесіп, талқыладық. Бұл бағдарлама 2015-2016 жылы 30 мектепте апробациядан өтті. 3000-нан 40000-ға дейін оқушы қатысты, ауыл, қала мектептері, шағын жинақты мектептер қамтылды. Ұстаздар, ата-аналармен сөйлестік. Ы. Алтынсарин атындағы академия осы дайындыққа талдау жасады. Осы күнге дейін әр өңірде 78 кездесу өткізіппіз. Биыл бірінші қыркүйекте бірінші сыныптан бастап жаңа бағдарлама бойынша оқыту басталады. Бағдарламаның жаңалықтары сатылай енгізіледі. 2017-2018 — 2-5 сынып, 2018-2019 жылдары — 3, 6-11 сыныптарға енеді. Бірінші сыныпта барлық пәндер, барлығы тоғыз пән бар, соның барлығы сол сыныптың оқыту тілінде оқытылады. Мектеп қазақтілді болса, бірінші сыныпта барлық пәндер сол қазақ тілінде оқытылады. Ағылшын тілі 2013-2014 оқу жылында бірінші сыныптан бастап оқытылуда. Сол балалар қазір үшінші сыныпта оқып жатыр. Балалары бар кісілер біледі оны. Бастауышта басты пәндер басқа тілде өтеді деген жоспар жоқ. 5-9 сыныпта да барлық пәндер мектептің негізгі оқыту тілінде оқытылады. Қазақ тіліне берілген уақыттың бір сағаты да қысқарған жоқ. Қазақ әдебиеті пәнінің сағаты да өзгермейді. Қазақстан тарихы 5-9 сыныпта 2019 жылдан бастап мектеп тіліне қарамастан қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр. 5-9 сыныптың бағдарламасы әлі бекітілген жоқ, Тамыз кеңесінде нақты ұсыныстар енгізіледі. Ал Дүниежүзі тарихы 7 сыныптан бастап 2019 жылы орыс тілінде оқыту ұсынылып отыр. 10-11 сыныптарда профильдік пәндер енеді. Физика, химия, биология, информатика пәндерін 10-11 сыныптарға ағылшын тілінде оқыту ұсынылып отыр. Бұл ұсыныстар қоғамдық комиссияда талдануда. Тамыз кеңесінде ұсыныстар тағы қабылданады».
Жалпы білім саласында қызмет етіп жүрген мамандардың пікірлері де әртүрлі. Қазіргі таңда бірінші сыныпқа барған бала ағылшын тілін де, орыс тілін де оқиды. Қазақ мектептеріне жаңалық ретінде орыс тілі енгізілген. Бұрын бастауыш сыныптарында орыс тілі жүрмейтін. Жаңа бағдарлама бойынша 9-сыныпты бітірген бала өзінің таңдауы бойынша оқиды. Физика немесе математиканы оқып, жаратылыстануматематикалық бағытты таңдауы мүмкін немесе гуманитарлық бағытқа, химия-биологиялық бағытты таңдауы мүмкін. Мамандар бұл бағдарламаның осы тұсын дұрыс деп санайды. Себебі оқушы болашақта кім болатынын 10-сыныптан бастап анықтайды. Биологияны таңдаса да, химияны таңдаса да, оқу тілі ағылшынша жүреді. 11-сынып оқушыларында бір проблема кездеседі. Біреуі маған биология керек емес, мен инженер боламын десе, екіншісі маған физика керек емес, ҰБТ-ға қатыспаймын дейді. «3» болады ғой десең де, оқушыға бәрібір. Ол оқушының болашақтағы мамандығына еш қатысы жоқ. Жоғары сынып оқушыларын бағыт бойынша бөлгені дұрыс дейді. Соңғы жылдардағы білім саласының «жаңашылдығы» — 11-сынып оқушыларының 5 пән ғана бойынша ҰБТ-ға дайындалатындығы. Осы тұста ұстаз Айман Сағидуллаева ең негізгі пәндерді ағылшынша оқитынына қарсы екенін айтады. Мамандық таңдау уақыты, шалағай ағылшын тілімен ол пәндерді оқытып жарытпайтынын, дұрыс білім ала алмайтынын айтып, нақты пәндерді дұрыс меңгермеген бала дұрыс маман иесі болатынына күмәнмен қарайды. Ең соңында қазақ баласы жұмыссыз қала ма деп күдіктенеді.
Дінмұхамед Аязбеков, «Mtdi.kz» сайтының бас редакторы: «Ағылшын тілі — әлемдегі ең кең тараған тіл. Шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлей алады. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер — Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мемлекеттің ресми тілі. Дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 %-ы — француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады. Бұл статистикалардан-ақ ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Ағылшын тілін білетін адам жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз.
Ағылшынша білмеген ұстаз жұмыстан қуылмайды
Қоғамдық кеңесте қазақ-түрік лицейлері жайлы көп айтылды. Академик Асқар Жұмаділдаев Қазақстанда екі мықты мектептің біреуі қазақтүрік лицейлері екенін айтты. ҚТЛ қазіргі таңда барлық облыстарда бар, енді ауданнан ашу керек деген ұсынысын білдірді. Ағылшын тілінде оқытамын деген ата-ананың құқығы да сақталуы тиіс деді. Сонымен қатар саясаткер Айдос Сарым да ҚТЛ мен Назарбаев зияткерлік мектептерін аудандарға жеткізуді өтінді. Жыл сайын ҚТЛ, Назарбаев зияткерлік мектептеріне түсу үшін 1 орынға 25 оқушыдан таласады екен. 1 бала түседі, қалған 24-і не істейді? Оларға да мүмкіншілік беру керек дейді. Мемлекет осы бір мүмкіншілікті бергісі келеді. Қарап отырсаңыз, көп ата-аналар ҚТЛ-ге ағылшын тілі үшін бергісі келеді.
Қазақстан бойынша 325 мыңдай мұғалім бар көрінеді. 32 мыңға жуық мұғалімі (10 пайызы) физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ береді. Министрліктің мақсаты — осы 32 мың мұғалімге ағылшын тілін үйрету. Зейнеткерлік жасқа жақын қалған мұғалімдер ағылшын тілін үйренуге міндетті емес. Олар 8-9 сыныптарға сабақ берсе болады. Ағылшын тілін білмегендігі үшін оларды ешкім жұмыстан қумайды. Бұл қалай жүзеге аспақ? Білім және ғылым министрлігі 16 мың квота беріп отыр. Ағылшын тілін үйрететін 12 компаниямен келісімшартқа отырған-мыс. Аталмыш компаниялар бір жылдың ішінде 16 мың мұғалімге 8-9 айлық ағылшын курстарын өткізбек. 16 мың квотаның көп бөлігін педагогика мамандығында оқитын 3-4 курс студенттері иеленіп отыр. Тегін ағылшын курстарын оқитын болады. Педагогика мамандығы бойынша магистратура бөлімінде оқитын жастар да ағылшын курстарынан өтпек. Сонымен қатар қалалық жерлерде физика, химия, биология, информатика пәндерінен білім беретін мұғалімдер де тегін курсқа шақырылмақ. Мұғалімнің жалақысы сақталады. Мұғалім курсқа кеткен кезде, оның орнын ағылшын тілінен курс өткен соңғы курс студенттері толтырады. Ағылшын тілінен сабақ берген мұғалімнің жалақысының мөлшері де қарастырылып жатқанға ұқсайды. Ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздың жалақысы жоғары болуы мүмкін. Бір елді мекенде физика, химия, биология, информатика пәндерінен ағылшын тілінен беретін мектеп ашылып жатса, сол жерде оқығысы келетін оқушылардың қатары көп болатынына сенімді. Қазақ және орыс тілін жетік меңгерген оқушының ағылшын тілін үйренгісі келетіні анық, оның саны артады деп отыр. Сондай балаларға мүмкіндік беру, жолын ашу, құқығын сақтау керек.
Сонымен қатар, министрлік мектептерді міндеттеп отырған жоқ. Мектепте ағылшын тілінен беретін мұғалім болмаған жағдайда, мұғалім табылғанша, мектебіне байланысты қазақ мектебі ме, әлде орыс мектебі ме, мұғалім өзі білетін тілмен сабақ бере алады. Жалпы 25 жылда қазақ тілін меңгермеген педагогтардың 8-9 айдың ішінде ағылшын тілін бір адамдай меңгеруі «мұғжиза». Сенуден басқа амал жоқ.
P.S. Бұл жиыннан Білім және ғылым министрлігі сабақ алуы керек. Жаппай оқыту адамның конституциялық құқығына қайшы. Қандай жағдай болмасын, адамның конституциялық құқығы бұзылмауы керек. «Кез келген қазақтың азаматы өз ана тілінде ақпарат алуға құқы бар. Оқу — ақпарат алу деген сөз, білім беру деген — ақпараттың көкесі. Демек, бүгінгі министрлік біздің балаларымызды ақпарат алу құқығынан айырайын деп отыр. Бұл бүкіл бір халықтың адам құқығын бұзу деген нәрсе», — деді академик А. Жұмаділдаев. Сонымен қатар, адам ағылшын тілінде білім алғысы келсе, оның да құқығы сақталуы тиіс екені айтылды. «Қазір өзеніміз табиғи ағып келе жатыр. Біз неге оған бөгет қоямыз? Менің ойымша, министрлік ең болмаса бұған кедергі жасамауы керек», — деді академик. Қазақ ғылымының жоғалып кету қаупі басым. Барлық ғылым ана тілінде оқытылу керек деп отырғаны осыдан. Қазақ баласының шетелде оқуы үшін сол мақсатта ағылшын тілін оқыту дұрыс емес екені айдан анық. Тіпті «Болашақпен» оқып келген жастар ағылшын тілінде оқыды. Ал солар алған білімін қазақ үшін пайдаға жаратып жатыр ма? Айдос Сарымның пікірінше, жоқ. Себебі жүйе басқа, оқу басқа. Оны Қазақстанда қолдану мүмкін емес… Сайып келгенде, бұл басқосуда мектепке, оқу орындарына үштілділіктің «баса-көктеп кіруі», олай еткенде балаларымыздың болашағы қалай болмақ деген қауіп пен күдікке толы пікірталас еді бұл. Сан түрлі пікірлердің тоғысқан жері де ұрпақтың қамы. Оларды толыққанды қазақ етіп тәрбиелеу. Айтылуында кемдік жоқ. Ал бұдан билік қандай қорытынды шығарады? Бар мәселе сонда.
Бауыржан КАРИПОВ