Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау

Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Әл-Фараби

Құрметті ұстаз қауымы!

Сіздерді қазан айының бірінші күні өтіп жатқан Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жандүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады.

«Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.

Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілейміз.

Құрметпен: «ЕлАна»  қоғамдық-танымдық сайтының ұжымы