ҰСТАЗ КӨРМЕГЕН ӘР МАҚАМҒА САЛАДЫ
Ұлтымыздың ұйтқысы атанған өңірде, миллионнан асатын тұрғыны жыл өткен сайын көбейіп жатқан Шымкентте Мәдениет және өнер университетін ашу туралы (қайта қалпына келтіру десе де маңызы еш кемімейтін) Мемлекет басшысы шешімін ұлт ұпайын түгендей түсетін ұйғарым, әлеуметтік маңызы бар жоба деп бағалаймыз.
Кезінде Түркияның тұңғыш Президенті, реформаторы Мұстафа Кемал Ататүріктің:
«Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, министр бола аламыз, тіпті республика президенті де бола аламыз. Бірақ өнер адамы бола алмаймыз. Сондықтан өнер адамы біздің (биліктегілердің) емес, біз өнер адамының қолынан сүюге тиіспіз!» деген даналығында үлкен мән бар.
Қазіргі қоғамда шығармашыл тұлғаларға деген сұраныс азайған жоқ және азаймайтыны да анық.
Әрине, өнер адамдарының әлемдік бәсекедегі бәсін жоғарылату жолында талап пен талғам күшейді. Бұл — уақыт талабы. Былайша айтқанда, мына заманда дарынды болып туу аздық етеді. Кез келген талантты тәрбиелеуге, аялап баптауға мол мүмкіндік туғызуға тиістіміз. Сондықтан бұл шешім — еліміздің рухани кемелдене түсуінің қамы. Аталған сала заманауи теориялық білімсіз, тәжірибе сабақтастығының арқауынсыз тоқырауға ұшырап, тұралай бастайтыны бесенеден белгілі. Жасынан өнер жолын қуып, оған мамандану мен қызмет етуді армандаған жаңа буынды іріктеп, жинау қажет. Сондай-ақ, ортақ іске еліміздің түкпір-түкпірінен осы бағытта ұстаз, тәлімгер болуды қалаған кәсіби мамандарды тартса, құба құп. Әйтпесе, “ұстаз көрмеген әр мақамға саладының” кері болмақ. Бұрынғыдай үйірме деңгейінде, сондай-ақ аударма оқу құралдарымен шектеліп қалмай, кең тынысты білім бағдарламаларын жүзеге асырып, сапасы жоғары төлтума оқулық әзірлеп, терең де кешенді ғылыми зерттеу жүргізу — басым бағыт болғаны жөн.
Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан еліміздің мәдениеті мен өнері де озық деңгейден көрінуі тиіс.
Осы маңызды саланы әлемге танымал етудің жаңашыл тұжырымдамасын айқындағанымыз абзал.
Өнер атаулыны қадірлеген ата-бабаларымыз :
“Мұраға қалған мүлік тозады,
Мұраға қалған өнер озады” деп бекер айтпаса керек.
Сондықтан тарихи шешімді бір-біріне сүйіншілеп жатқан жалпы жұртшылықтың қуанышы ұзағынан сүйіндірсін дейміз. Руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген майталман мамандардың да, әлем мен ұлт өнерін тең құрметтейтін береке-бірліктегі халқымыздың да арман-аңсарын іске асыратын кез келді. Іске сәт!
Дархан МЫҢБАЙ