ҰСТАЗ ӨНЕГЕСІ — ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Қазақстан Республикасы журналистикасының қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Жамбыл облысының ардагерлеріне арналған «Ғұмыр-Дария» газетінің директоры-бас редакторы, халықаралық Д.Қонаев қорының Жамбыл облысындағы басқармасы төрағасының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жаңабай Миллионовтың 70 жас мерейтойына орай «Парасат пен пайым» атты кездесу кешін ұйымдастырды.
Ән мен әсерлі әңгімеге толы кешке журналисттің жары мен ұлы, зиялы қауым өкілдері, қаламдас әріптестері, үлгі-өнеге алып келе жатқан ізбасарлары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жазушы, публицист, драматург Елен Әлімжан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова мерейтой иесінің шығармашылығы жайында әңгіме өрбітсе, шәкірттері облыстық «AQJOL» газетінің жауапты хатшысы Тұрсынбек Сұлтанбек өзіне тәлім берген ұстазының өнегелі өмірі жайында сыр шертті. Ал айтыскер ақын, журналист, облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім редакторы Есет Досалы арнау өлеңін көпшілік назарына ұсынды.
Әрі қарай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп келе жатқан Жаңабай аға жайындағы жылы лебіздерін білдірді.
«Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев журналистке арнайы құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Ардагер журналист, «Ғұмыр-Дария» газеті бас редакторының орынбасары Болат Жаппарұлы газеттің тыныс-тіршілігін тілге тиек ете отырып редактордың еңбегін ерекше атап өтсе, халықаралық Д.Қонаев қоры облыстық бөлімшесінің атқарушы директоры Қибат Асқарбеков қорға сіңірген өлшеусіз қызметімен бөлісті. Сарысу ауданының Құрметті азаматы Бөлтірік Ілиясов кісілік келбет, азаматтық тұлға жайында әсерлі әңгіме өрбітті.
Сонымен қатар келелі кездеуде ардагер журналистің жуырда ғана жарық көрген «Даналық мектебі» кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Жаңабай Миллионовтың өңіріміздің баспасөз саласы, мәдениеті мен өнері, руханиятына сіңірген зор еңбегінің жас буынға берер өнегесі, тәлім-тағылымы мол.
Есет ДОСАЛЫ
Ақ жол газеті