Ұстаз — ұлағатты есім
“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”… Осы сөздердің астарында терең ой жатыр. Толығырақ айтсақ, ұстаз ешқашан өзінің шәкірттерін ұмытпайды, қандай мінезі болмасын өз баласындай көріп, түсіністікпен қарайды, оқушылардың əрқайсысына сабақтың қыр-сырын ынта-шынтасымен түсіндіреді.
Ұстаз… Бұл мамандық ешбір басқа мамандықтарға ұқсамайды. Мұнда ұстаз бəрін естіп, көріп, бір жағынан психолог та бола алады. Өйткені əр баланың қылықтары бар, соны ұстаз жетік білуі керек.
Ұстаздың жаманы болмайды. Өйткені мұғалім оқушының қандай ұлт өкілі екендігіне, пысық не момындығына қарамайды. Алдына келген шәкіртін білікті маман иесі қылып шығаруды алдына мақсат еткен абзал жандар дер едім.
Қалай десек те, ақын да, қолына қалам ұстаған жазушы да, депутат та, тіпті президент те ұстаздан тəлім алып, мектепте оқыған. Сол үшін біз ұстаздарымыздың алдында мәңгілік борыштармыз.
Ұстазды құрметтей білу үлкен ғанибет! Ұстаздай ұлы адам ешқашан еленбей қалмау керек. Ол үшін ұстаздарға сыйлық ретінде бір күн болса да өзімізді жақсы ұстап, сабаққа қатысып, көңілді, сыныпта отырған жетекшінің тілін алып, көмектесіп отырсақ жеткілікті. Бұл мен үшін оқушылардың ұстазға деген титтей де болсын көрсеткен мəртебесі деп білемін!
Перизат Жанкелді,
Д.Бабаев атындағы 115 жалпы білім беретін мектеп
КММ-нің 5 ”Ə”сынып оқушысы