ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Ұстаз еңбегінің қиындығы мен қызығына арқау болған жыр шумақтары мен том-том шығармалар қаншама. Әр ұстаздың еңбек жолы өз алдына бір кітап.
Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов мұғалімді «Адамдық диқаншысы» деп бекер атамаған. Себебі, аузынан ана сүті кеппеген, оңы мен солын білмейтін баладан еліміздің келешегі білімді ұрпақты, заман талабына сай маманды дайындап шығару оңай емес.
Өнегелі өмір жолы бір кітапқа арқау болатын ұлағатты ұстаздың бірі- Әділбеков Жұмашбек ағай.
Саналы ғұмырын мұғалімдік қызметке арнаған, ұстаздардың ұстазына айналған қадірлі Ағайдың есімі ауданымыз бен облысымызға етене таныс.
Әділбеков Жұмашбек ағай 1936 жылы Сарысу ауданы, Ынтымақ колхозында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына түскен ауыртпалық, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтармен тұспа-тұс келіп, сол қиыншылықтарды көппен бірге көре жүріп, еңбекпен есейді.
1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін колхозда еңбек етті. 1957 жылдан бастап ауыл өміріндегі түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. 60-шы жылдардың басында «Сарысу» орта мектебіне мұғалім болып орналасып, осы білім ордасында зейнетке шыққанға дейін 40 жылдан аса ұстаздық етті. Әр жылдары осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарды. Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері. Ірі педагогикалық жиындарда, облыстық конференцияларда баяндама жасаған майталман мұғалімнің еңбектері «Қазақстан мектебі» журналында жарияланған.
1994 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Ауылда бір мұғалім бар» атты арнайы мақала жарық көрген.
Жұмашбек ағай ұстаздық қызметпен қатар, қоғамдық жұмыстарды қоса атқарды. 1957 жылдан 2012 жылға дейінгі аралықта ауылдық учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы болып қызмет атқарды.
1982-1992 жылдары аралығында Сарысу аудандық халық сотынан халық заседателі болып сайланды.
Құрметті демалысқа шыққанан кейін Жаңаарық ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып 2021 жылға дейін қоғамдық негізде жұмыс атқарды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккері.
2007 жылы Сарысу ауданының Құрметті азаматы атанды.
Тыл ардагері ретінде Ұлы Жеңістің 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен, В.И. Лениннің 100 жылдық медалімен, «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, Қазақ ССР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медалдарымен көптеген салалық, мерейтойлық медальдармен, Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған.
Ардақты аға 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, одан 45 немере және 25 шөбере сүйіп отырған ауданымыздың абыз ақсақалы, қадірменді қариясы.
Ұлағатты ұстаз бүгінде бейнетінің зейнетін көруде. Өскелең ұрпаққа жөн сілтеп, ақыл-кеңесін беруден еш жалыққан емес. Аудандық және өзге де мерзімді басылымдардың тұрақты оқырманы. Қолынан кітабы мен қаламы түспеген ардагер-ұстаз өмір жолында, еңбек жолында кездескен жақсы кісілер, аудан және ауыл өмірі туралы естелік жазып, адал еңбекті ту еткен ардақты азаматтардың еңбегін насихаттап, мерзімді басылымдарда жариялап отырады.
Жұмашбек ағай өз кәсібіне жан-тәнімен беріліп, жүрек жылылығымен, адамгершілік ұлылығымен ауданның білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұстаздардың ұстазы. Өнегелі өмір жолы көпке үлгі.
Мерейлі мұғалімнің тыным таппай ұзақ жылдар білім беру саласында жемісті де жеңісті еңбек еткенін барша сарысулықтар және шәкірттері жақсы біледі және мақтан тұтады.
Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында үлкен жүректі абзал Ағаға, ардақты Ағайға, қариялық кезеңге абыроймен жеткен ардагер Ұстазға зор денсаулық, бақ-береке тілейміз.
А. Тілемісов
Сарысу ауданы