Ұстазды қорлау ұлтымызды қорлау
Мен Алматы облысы Боролдай кентіндегі №15 мектепте болған, оқушы анасының мұғалімдерге қол көтерген «оқиғасын» естігенде, өзіндік ой-пікірімді айтпастан бей-жай қала алмадым.
Бұл жағдай барынша жан-жақты түрде тексеріліп, бүкілхалықтық талқыға салынуы керек. Себебі ұлағатты ұстаздарымызды қорлау, келешектегі ұрпақтарымызды қорлаумен тең екенін білетін кез жетті?!
Ежелден қазақ халқы ұрпағының болашағына шынайы көңіл бөліп, келешегіне немқұрайлы, немкетті қарамаған. Бұл жазған сөздерімнің дәлелі ретінде біздің ұлттық салт-сана дәстүрімізді, соның ішінде, «әділ сөздің — арты игі, әділ істің — жолы игі» деген парасатты-нақылын еске алсақ та жеткілікті шығар?!
Менің ойымша, дүние жүзіндегі басқа халықтар қазақ ұлтының ұрпағына қаны да таза, тегі де тәрбиелі-тәртіпті деп сондайлық бір сүйіспеншілікпен қарайтындықтары, осындай бір үлгілі де өнегеден шыққан болар.
Ал біздің халқымыз ұрпақ тәрбиесінде осындай жоғары деңгейге қалай жеткенін қарастырып, саналы сараптамадан өткізіп көрдік пе?!
Ақтөбе қаласында оқытушыларды жедел даярлау мақсатында екі жылдық «мұғалімдер институтында» менің әкем оқыған. Осы екі жылдық «мұғалімдер институтында» Ахмет Байтұрсыновтың шәкірті болған, профессор атағымен Қажым Басымов атамыз сабақ берген көрінеді.
Институтты бітірген кеште Қажым Басымов атамыз барлық шәкірттеріне арнап мынадай ұлағатты сөз айтыпты:
«Сендер біздің институттың бүкіл қазақ даласына ұшырып жатқан алғашқы қарлығаштарысыңдар! Әрқайсысың әр қиырға кетесіңдер, әрқайсысың әр биікке жетесіңдер! Сонда сендер қайда жүрсеңдер де, қазақ халқының шашылып кеткен, ұмытылып жеткен рухани мол асыл қазынасын жинақтауға атсалысыңдар және осы арқылы қазақ халқы мәңгілікке өлмейтіндей, мәңгілікке өшпейтіндей тұмары Дала, тұғыры Ұлт болатындай етіп, шәкірт тәрбиелеңдер!» — деген екен.
Менің пайымдауымша, қазақтың үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін ұлттық салт-сана дәстүрі күнделікті тұрмыста қолданысқа енбейінше, баяғы жартас сол жартас қалпында қала беретіні анық?! Сондықтан мектептерге «реформа» жасап, қазақтың заңын күшейтіп, ұлттық тұрғыда түбегейлі толықтыру қажет деп есептеймін.
Біріншіден, мектепке кіргенде бас киіміңді шешіп жүруге міндеттейтін заң керек.
Екіншіден, бұл оқу орнында дауыс көтеріп сөйлеуге рұқсат мүлдем берілмеуі керек.
Үшіншіден, мәдениеттіліктің ең жоғарғы көрсеткіші ретінде үлкенді-кішіні байыппен тыңдап, баппен сөйлесу қажет. Ол үшін тек «ұстаздың» болмысын «сомдап», беделін арттыру керек.
Төртіншіден, қазіргі заманауй «реформаға» сәйкес «мағыналы педагогикаға» (смысловая педагогика) баса көңіл бөлген жөн.
Бесіншіден, шәкірттерді кезінде ата-бабаларымызда болған, демократиялық Дала заңының қалыптасқан қағидасына орай «сыншыл ойлануға» дағдыландыру қажет.
«Өзінің ойын тура жеткізе алмайтын, нақты сынап айта алмайтын — шәкірт тұл, осындай шәкірт тәрбиелеген — ұстаз тұл» демекші, Бабалар аманаты «сыншыл ойлану» Бағдарламасын жан-жақты жетілдіру керек!
Ал қазір ұстаздарды төрге отырғызып құрметтемек түгілі, мектепте басын жарып, оқушыларының алдында масқаралап, еденде сүйретіп жүріп миын шайқалтатын жағдайға жеттік.
Сондай-ақ тағы бір сұмдық оқиғаны ғаламтордан көріп қалдым. Онда өз мұғалімдерін ұрып жатқан шәкірттерін көрсетті. Егер бұл рас болса, онда біздің құрдымға кеткеніміз.
Оқытушы — ұстаздарды қоғамның «қара өгізіндей» тұрлаусыз әрбір жыртықты жамауға жұмсай беруге де, тіпті жаға жыртысып, қол көтерген, бас жаратындай осындай көріністі көзге елестетудің өзі де қорқынышты.
Бұл жағдай дер кезінде тоқтатылып, тиісті жазасын алмаса, мектепке баса-көктеп кіріп, 17 (он жеті) жазықсыз жандарды құрбан еткен, атып кеткен Америкадағы жағдайдың бізде де қайталанбасына кім кепілдік бере алады?!
Бұл не деген сұмдық?! Біз бұл қалыппен сәулетті келешегімізді емес, сұрқия болашағымызды «баптап» жатқандаймыз. Сондықтан қазақ қоғамы мұндай қарадүрсін надандықтан мүлдем арылу керек деп есептеймін! «Рухани жаңғыру» — Ұлт болып ұйысудың алғы шарттары.
Бұған адам жанының инженерлері, ұлағатты ұстаздар қауымы, Парламенттегі Мәжілістің майталмандары мен Сенаттың серкелері не дер екен?!
Асқар Сәрсенбай,
жазушы, әлеуметтанушы,
Алматы қаласы