Ұстаздық еткен жалықпай
Алыс ауылдарда да білімнің алтын шамын шағып, мектеп жұмысында іскерлік танытатын білікті мамандар бар. Олар әр ауылдың тірегіндей көшбасшы азаматтар. Сондай майталман маманның бірі – Берік Сыдық.
Берік Сарыүйсінбекұлы Талас ауданының Кеңес ауылында өмірге келіп, бар қызметін алтын бесік ауылына арнап келе жатқан азамат. 1993 жылы Жамбыл педагогикалық институтын дене тәрбиесі мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, өзі он жыл білім алған Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебіне ұстаз болып оралды. Кеше өзі мектеп партасында отырса, 20 жасында мұғалім болып еңбек жолын бастады. Жас маман жаңаша ізденіп, оқушыларды сабағына қызықтыра білді. Әйтпесе, алыс ауылдағы кей мектептерде дене шынықтыру пәні өз деңгейінде өтпейтіні белгілі. Берік барғалы аталған мектепте спорттық үйірмелері ашылып, спортты серік еткен шәкірттер аудан, облыс көлемінен жүлде ала бастады. Берік психолог мамандығын қосымша меңгеріп, мектептің педагог-психологы болды. Әр баламен жұмыс істеп, зерттеулер жүргізді. Ал 1996-2004 жылдары мектеп директорының әуелі тәрбие ісі, кейіннен оқу ісі жөніндегі орынбасары болып, қарбалас жұмыста жүрді. Іс үйренді, шеберлігін жетілдірді. 2004 жылы аталған мектептің директоры атанды. Білім ошағында 60 қызметкер еңбек етсе, оның 32-сі мұғалім. 150 оқушы бар. Ұжымға басшы болу да оңай шаруа емес. Ата-аналармен жұмыс істеу де өз алдына іскерлікті талап етеді.
Берік Сыдық басшылық қызметте де қамшы салдырмады. Қазір аудандағы белсенді әрі тәжірибелі директорлар қатарында. Өзі директор болған 19 жыл ішінде 12 «Алтын белгі» иегерін шығарды. Бұл шалғай ауылдағы мектепте білім бар, жаңашыл жұмыс бар деген сөз. Аталған мектеп Алматы қалалық статистика басқармасының басшысы Манас Ыдырыс, «Amanat» партиясы облыстық филиалы бас маманы Ильяс Еркебай, Кеңес ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Тәттібай, Алматы Қыздар педагогикалық университеті биология кафедрасының меңгерушісі Дариға Батаева, кардиолог дәрігер Ильяс Әділет, Тараз қаласындағы №1 гимназия директорының орынбасары Әсел Бұралқы, ҚР спорт шебері Төлеуіш Олжас секілді түлектерімен мақтанады.
Бұл жетістіктерде Берік Сарыүйсінбекұлының үлкен еңбегі бар. Ол білім саласына сіңірген еңбегі үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, облыс әкімдігі білім басқармасының және Талас ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Еңбек елеусіз емес. 2020 жылы Талас ауданы бойынша «Үздік мектеп директоры» атанды.
20 жасында еңбек жолын бастаған ол білім саласында, өз ауылының орта мектебінде 30 жылдан бері тер төгіп келе жатса, оның 19 жылы басшылықта. Бекең аудан көлеміне және өз ауылына сыйлы азамат. Алдағы уақытта да ауылдағы жас ұрпаққа саналы білім, өнегелі тәрбие беріп, талантты оқушылардың талантын ашу жолында тер төге бермек.
– Маған осы ұстаздық жұмысым ұнайды. Әр баламен жұмыс жасап, олардың білімге деген қызығушылығын арттырған сайын қуанамын. Мектебімізде білікті де тәжірибелі ұстаздар жеткілікті, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ, Талас ауданы