ҰСТАЗДЫҢ БЕДЕЛІН АРТТЫРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
2023 жылғы 5 қазан күні Мемлекет басшысы Республикалық педагогтер съезіне қатысты. Сол жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, жиынға қатысушыларды Ұстаздар күнімен құттықтап, еліміздің болашағы жарқын, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға және беделін арттыруға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқанына назар аударды.
– Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» жеке Заң қабылданды. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, біз, ең алдымен, білікті ұстаз даярлауісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Қасым-ЖомартТоқаев.
Елімізде мұғалім мамандығының мәртебесі мен беделін көтеруде қарқынды жұмыстар атқарылып жатыр. Педагог, ұстаз Сандуғаш Досмағұлова: – Мұғалім – біздің еліміздің де, жалпы әлемнің бүкіл білім беру жүйесіндегі басты тұлға. Ұстаз қашанда адамзат өркениетінде ерекше рөл атқарған және атқарып келеді. Адамның бойына жинақтап, жинақтаған білім мен дағдыны әрбір кейінгі ұрпаққа жеткізуші – ұстаз. Сондықтан ұстаздың игілікті ісін қолдау, оның жұмысының барынша тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтың кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасайтын ерекше мәртебесі танылады, -дейді.
Иә, ұстаз – ұлағатты есім. Қазақ атамыз «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп дәріптеген. Ұстаз беделінің асқақтауы да, жер болып тасталуы да – оның ілімін алған шәкіртіне байланысты. Шәкірті сенімді ақтаса, алған білімін орнымен жұмсап, өзгелерге жақсы қырынан таныла білсе – мәртебе! Керісінше болса – ел-жұртқа келеке! «Барлық күш – білімде». Бұған ешкімнің таласы жоқ болса керек. Білім нәрімен сусындаған өскелең ұрпақ ғана болашағымыздың жарқын кепілі болмақ. Халқымыз қай кезеңде де ел ертеңі деп, жастарға сенім білдіріп, үкілі үмітін соларға артқан. Ұстаз беделіне кір жуытпай жүрген жастар елімізде жетерлік.
Мынаны да ұмытпаған абзал. Ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, ұстаз болу – сезімнің ақылдығы» деп Ғафу Қайырбеков айтқандай, ұстаз – білім, ғылым негізін өмір бойы қоғамда болсын, шәкірттеріне болсын дәріптеуші, жеткізуші болса, үнемі шәкіртімен байланыста болып, ізденімпаздық танытқан, әр баланың арманы мен болашағына басшылық етуді, нақтырақ айтқанда дұрыс жол сілтеуші мамандық иесі болып табылады.
Әрбір шығармашылық жұмыс өз иесінен ойлылықты, ізденгіштікті, жаңалыққа жаршы болуды талап етеді. Ұстаздық еңбек жас талғамайды, бұл жолға түскен жанға тек жалықпай іздену, өз ісін сүйе білу қажет. Осы ақиқатты толық түсінген адам оның қиындықтарын жеңеді әрі шығармашылық қуанышқа бөленеді. Демек, ұстаз білімді болса, шәкірт жүрегіне жол таба алады. Өзі үйренумен қатар әріптестеріне де үлгі көрсетер дәрежеге жетеді.
Нағашыбай Қабылбек