Ұстазға құрметті, Жапондықтардан үйренейік…!!!
Бір күні жапондық әріптесім Ямамотодан:
— Жапондықтар ұстаздар күні болғанда, оны қалай мерекелейді? – деп сұрадым. Менің сұрағыма таң қалған ол:
— Бізде ұстаздар күні деген мереке жоқ, — деді.
Оның жауабын естігенде мен тосылып қалдым. Сенейін бе, сенбейін бе? Санамда: «Неге экономикасы, ғылымы, техникасы қарыштай дамыған елде ұстаздарға, олардың ересен еңбегіне немқұрайлы қарайды екен?» деген ой қылаң берді.
Бір күні жұмыстан соң Ямамото мені өз үйіне қонаққа шақырды. Ол мектептен қашықтау жерде тұратындықтан, біз оның үйіне метромен жеттік. Кешкілік кептеліс мезгілі. Метрода адам ығы-жығы. Төбемдегі темір ұстағыштан тастай қатып, ұстап алғам. Бір уақта жанымда отырған ата маған орын берді. Өзіме деген аяқ асты мұндай ізетті мен түсініңкіремей, қарт кісінің бұл ілтипатын қабылдай алмадым. Бірақ ол қоймады. Отыруға мәжбүр болдым.
Метродан шыққан соң Ямамотодан ақсақалдың бұнысы несі деп сұрадым. Ямамото менің төсбелгіме саусағын шошайтып, былай деді:
— Ол ақсақал сенің төсбелгіңе көзі түсіп кеткен ғой, сенің мәртебеңе сай саған орын берді.
Ямамотоның үйіне бірінші рет бара жатқан соң құр қол барғанға ыңғайсыздандым. Сыйлық алған жөн шығар деп ойладым. Онымды Ямамото ұстазға айтқан ем. Ол мұнымды құптады. Жол бойында жеңілдікпен зат алатын дүкен бар деді. Мен тағы да тосын жағдайға тап келдім:
— Жеңілдікті тек ұстаздарға ғана бере ме? – деп сұрастырдым.
Ямамото менің сөзімді қостай берді:
— Жапон елінде ұстаз – ең беделді мамандық, құрметті адам. Жапон кәсіпкерлері ұстаздар олардың дүкеніне бас сұқса бөркін аспанға атады. Мерейі үстем болып, қуанып қалады, — деді.
Жапон елінде қызмет еткенімде талай мәрте ұстазға деген ерен құрметтің куәсі болдым. Метрода оларға арнайы бөлінген орындар бар. Оларға арнап салған дүкендер көп. Кез келген көлікке міну үшін кезектен тыс өтеді. Жапон ұстаздарына төл мерекенің қажеті де жоқ.
Осы хикаяны айта отырып, біздің де қоғам осылай дамыса деп тілеймін. Осындай деңгейге жетіп, ұстазға деген ілтипатымыз өсіп, ұстаздарымыз жоғары мәртебеге лайық болсын деп тілеймін.
Аударған Шынар Әбілдәның, Фб парақшасынан