ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ
Елімізде білім саласына жақсы көңіл бөлінуде. Бүгінгі күннің басты талабы еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. Өйткені білімі мықты елдің ұрпағы білікті болып, Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті елдердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Сондай шыңға көтерілу жолында Қазақ елі де өзіндік қимыл-қарекетін жасап жатыр. Мұндағы мақсат – білім сапасын арттыру, дамыған елдердің қатарына қосылу.
Бұл бағытта ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, саналы түрде әр істі сараптай алсақ, жаһандану бәсекесінде ұтылмасымыз анық.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да ерекше мән берілуі керек бірден-бір сала білім саласы болды. Олай дейтініміз, енді ғана дамуға бағыт алған елге нағыз мықты мамандар ауадай қажет еді. Әрі мемлекеттің ертеңі бүгінгі білімді ұрпаққа тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Сондықтан еліміз қазақстандықтардың білімді болуы үшін барлық жағдайдың жасалуына мән берді. Өйткені білім ғана бәсекелестік бәйгесінде қатардан қалмауға зор септігін тигізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр өткен республикалық педагогтар съезінде: «Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек», – деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі. Жалпы тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салынды. Соның нәтижесінде төрт ауысыммен оқытудан арылдық. Дегенмен үш ауысыммен оқу жүйесі әлі күнге дейін бар. Көптеген мектептің техникалық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешуіміз қажет. Менің бастамаммен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның арқасында үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз», – деген болатын.
Қазір мемлекет тарапынан ұстаздарға барлық жағдай жасалуда, ал қазіргі мақсат – әр мектеп басшысының өзі басшылық жасайтын мектепте қолайлы орта қалыптастыруы. Әр ұстаз – бір тұлға. Әрқайсысының айтары бар, әрбірі толы кен, түртіп кетсең, шығармашылықтың лебі есетін, әрқашан оқушымен жұмыс жасауға ұмтылып тұратын ұстазға еркіндік беру арқылы көп түйінді мәселелерді шешуге болады.
Ұстаз педагогикалық қарым-қатынас құру кезінде педагогикалық мақсатты ғана көздеп қоймай, баланың мүддесін де ескеруі тиіс. Әр бала – өзінше бір әлем. Оларды тыңдай білу, көңіл-күйін сезіне білу, баланы жақсы көру, ұжымдағы психологиялық ахуалды тани білу, бір сөзбен айтқанда оқушыны өзіне тең сезіну болғанда ғана ұстаз жұмысы нәтижелі болады деп ойлаймын. Баланың бойындағы қабілетті дамытуда мұғалім үнемі ізденістегі, француз педагогы Жубердің «Оқыту деген екі есе оқу» деп айтқанындай, жеке көзқарасы бар және оны қорғай білетін, педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасқан, білім негіздерін өз бетінше оқып-үйренетін, балалармен педагогикалық үрдісте ынтымақтаса қызмет ететін, адамгершілік қасиеттердің барлығын бойына сіңірген, білімді, тынбай оқитын жан болуы керек. «Мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин) болып табылатындықтан, ол барлық қасиетімен де өз шәкіртіне үлгі болуға тиіс екендігін айтудай айтып жүрміз. Дегенмен, білім беру бағдарламаларын жетілдіру мақсатында еліміздегі барлық педагогтардың білімін үзбей көтеріп, жаңа іс-тәжірибелерді оқу үрдісіне енгізіп, жұмысты сыни тұрғыда дамыту, білімді бағалау жолдарын жетілдіруге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Мұғалімге қойылып отырған қоғамдық талап өскен сайын, мұғалімнің жауапкершілігі де өсе түсуі тиіс. Әрбір мамандықтың өмірде, қоғамда өз орны бар екені рас. Қазіргі жаңа оқыту технологияларына сүйенген мұғалім беделді болу үшін «оқушы үніне» ден қоюы керек. «Оқушы үнінің» белгілі жақтаушысы Джин Раддок «Оқушылармен пікірлесудің мақсаты – қабылдаушының көзқарасы тұрғысынан алғанда оқудың не екендігін түсіну, жекелеген оқушылар мен топтар үшін оқуды қалай жақсарту» екендігін жазады. Оқушымен пікірлесу, алаламау, жалпы алғанда, мұғалім психолог ретінде оқушының үлгерімінің жақсаруына барлық жағынан қамқор болуы қажет. Сонда ғана іс өнеді, оқушының білім алуға деген сенімі жоғары болады, оқушылар қатаң мұғалімді жақсы көреді. Себебі, талап қоя білетін мұғалім – оқушыға нағыз жанашыр мұғалім.
Мұғалім мамандығының беделін арттыру үшін білім беру жүйесін жетілдіру, мұғалімдерді тиісті еңбек жағдайларымен және лайықты жалақымен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, мұғалімнің ел дамуына қосқан үлесін мойындай отырып, қоғамда оң имиджін қалыптастыру аса маңызды.
Мұғалім мамандығы Қазақстанның болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ұстаздар білімді жеткізіп қана қоймай, жас ұрпақты тәрбиелеп, оны құндылықтар мен мұраттарға баулиды. Қоғам мен мемлекет тарапынан қолдау және құрмет көрсету осы маңызды кәсіптің беделін арттырудың негізгі факторлары.
Нағашыбай Қабылбек