Ustudy аймақтық тестілеу орталығы ашылды

Жақында облыс орталығында Ustudy аймақтық тестілеу орталығы ашылды.

Бұған қалалық білім басқармасының басшысы Жансұлу Төремұратова және қала мектептерінің басшылары қатысты.

Аталмыш орталықты ашу бөлімінің бастығы Ұлан Батыровтың айтуынша, мұндай орталықтар еліміздің 19 қаласында ашылды.

Бұйырса, алдағы уақытта мұндай орталықтардың санын 50-ге жеткізу жоспарлануда және осындай орталықтарды шетелдерде де ашу көзделуде. 18192509_795933443897276_8120037882532030476_o

— Ustudy аймақтық тестілеу орталығы – еліміздің бүкіл аймағын қамтитын Ustudy білім бренді мен Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) бірлесе жүзеге асырып отырған жоба. Ustudy компаниясы 2009 жылдан бастап онлайн тест өткізумен айналысып келеді. Соңғы үш жылдың ішінде ҰБТ мен ТКТ емтихандары бойынша 1 миллионнан астам сынама онлайн-тест өткізді. 2015 жылдан бастап еліміздің бүкіл аймақтарында жеке білім орталықтарын ашуға белсене кірісті. Алғашқы орталық 2015 жылдың соңында Алматы қаласында ашылған болатын. Содан кейін 500 күн ішінде 18 орталық Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Қарағанды, Семей, Астана қалаларында ашылды.  Қазіргі уақытта аталған қалаларда оқушылар Ustudy аймақтық тестілеу орталығы арқылы ҰБТ-ның жаңа форматында сынама тестілеуге дайындалуда. Енді бүгіннен бастап оралдық оқушылар да осындай мүмкіндікке ие болды. Замануи инфрақұрылымдағы аймақтық тестілеу орталықтарында тестілеу барысында бұрын кездесетін көшіру әдеті енді болмайды. Бұл жерде тестілеу енді барынша әділ өтетін болады, бұған орталықтарда толық жағдай жасалған. Мұндағы заманауи жабдықтар тестілеуді тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейде де өткізуге мүмкіндік береді. Мұндай орталықтарда оқушыларды тестілеуден басқа халықаралық TOEFL ITP тестін (магистратураға түсу үшін ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау тесті) де өткізеді, — деген Ұлан Батыров пен жобаның бас директорының орынбасары Алжанбек Көшербаев орталықтың ашылу салтанатына келгендерге орталықтың ішін аралатып, арнайы оқыту бөлмелерімен таныстырды. Алжанбек Көшербаевтың сөзінше,  орталық 1000 шаршы метрден астам аумақты қамтыған және 150 отыру орындарына арналған технологиялық жабдықтармен және оқыту аудиториялармен жабдықталған. Ustudy-дың мынандай бес ерекшілігі бар, олар: бұл орталық білім саласындағы HI-Tech технологиясымен құрылған және Ұлттық тестілеу орталығымен тікелей жұмыс жасайды. Сондай-ақ оқушының осал тұстарын анықтап, сараптама жасайды және жекелеген сұрақтар бойынша ақыл-кеңес береді. Мектеп бағдарламасына сәйкес еліміздің үздік мұғалімдерінің қатысуымен түсірілген бейнесабақтар ұсынады.  Орталықта бұдан басқа 4, 5, 6-сынып оқушылары үшін логика, математика, ағылшын тілінен дайындық жүргізіледі. 7, 8, 9-сынып оқушылары үшін ағылшын, математика, таңдау (физика, химия, биология) пәндерінен қосымша сабақтар мен 10, 11-сынып оқушылары мен колледж студенттеріне ҰБТ мен кешенді тестілеуге дайындық жұмысы ұйымдастырылады.  18192367_795933093897311_821650801185544449_o

Шараға қатысушы мектеп басшылары оқыту аудиторияларындағы жаңа технологияларға қызығушылық танытып, заманауи құрылғыларды өздері бас болып қолданып көрді.

Таныстырылымнан кейін Жансұлу Төремұратова жаңа орталықтың  ұйымдастырушыларына батысқазақстандық білім саласы қызметкерлерінің атынан құтты болсын айтып, орталық жұмысына жеміс тіледі.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

Батыс Қазақстан облысы