Ұсыныс-пікірлер назардан тыс қалмайды
Аудан әкімі Мәдібек Талас ауданы, Ақкөл ауылына барып, тұрғындармен кездесті.
Ауылдық мәдениет үйінің фоесінде ұйымдастырылған кездесу еркін форматта өтті.
Есепті кездесуге Талас аудандық мәслихаттың хатшысы Қадірбек Садубаев, Талас аудандық прокурорының орынбасары Нұрлан қатысты.
Жыл басында аудан басшысы 2021-2022 жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша тұрғындар алдында толыққанды есебін берген болатын. Осыны ескерген Қанатбек Мәдібек бұл жолғы кездесуде атқарылған істерге қысқаша тоқталып, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге көбірек көңіл бөлді.
Қазіргі таңда ауылдық округке тартылған көгілдір отынын үйді-үйге кіргізудің заңдылығын, техникалық шарттарын түсіндірді.Тоғыз жолдың торабы саналатын Ақкөл ауылында «Дәмхана», «Шәйхана» сынды жолаушыларға қызмет көрсететін нысан жоқ екендігін тілге тиек етіп, ауыл азаматтарын мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып кәсіп бастауға шақырды.
Еркін форматта өткен жиын барысында ауыл тұрғындары бірінен соң бірі сөз алып, өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Ақкөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев, ауыл тұрғындары Мамыр Қазыбаев, Сауыт Қарғаш, Қанжан Әбдіровтер ауылдағы жайылымдық жердің жағдайын, ауыл ішімен өтетін үлкен жолға жол кедергілерін қою, Ақкөл орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу сияқты мәселелерді алға тартты.
Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек өз кезегінде тұрғындар тарапынан көтерілген осы және өзге де мәселлер бойынша жауап беріп, ұсыныс-пікірлерді назарға алды.
Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі