Ұялы байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізуде
Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрі Даурен Абаев Байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізіліп жатқаннын айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында жазған болатын.
«Қымбатты достар!
Біздің министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне жаңа өзгертулер енгізуде. Бұл өзгертулер ұялы байланыс абоненттері көптен бері айтып жүрген бірқатар проблеманы шешуге бағытталып отыр.
Осыған бірнеше мысал келтіре кетейін.
Жаңа ереже байланыс операторларына жеке шотта қаражат болмаған жағдайда қызмет көрсетуге тосқауыл қойып отыр. Бұл — негізінен роуминг қызметіне қатысты. Осылайша, біз абоненттік номердің «минус» болуының, яғни қарыз болып қалуының алдын аламыз.
Сондай-ақ, бұдан былай ауыстырылған номерге қоңырау шалу кезінде «beep» қосу сигналын еріктен тыс орнату практикасы жойылады. Енді шақыру сигналының алдында қосымша акустикалық сигналдар мен паузаларды орнату абоненттің өтінішімен ғана іске асады.
Сонымен қатар, абонентке ussd команда немесе смс жіберуді енгізу арқылы қосымша байланыс қызметтерін таңу проблемасы да шешілді. Енді клавишті қателесіп басу, кездейсоқ хабарлама жіберу немесе басқа да байқаусызда болған әрекеттер салдарынан қажетсіз қызметтерге қосылып кетпейсіз.
Жақын уақытта құжаттың толық мәтіні БАҚ-та жарияланады, осыдан кейін 10 күннен соң ол күшіне енеді»,- деп жазды Даурен Абаев.