Үй алдына мойын омыртқаны не үшін іледі?

Қазақта келін босанып келгенде қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тазартып, қақпа алдына іліп қоятын ырым бар.
Бұл қандай ырым десеңіз, егер мойын омыртқаны іліп қоймаса, баланың мойны қалтылдақ болады деп айтады.
Егер бұл нәрсе осыған ғана байланысты болса, онда қалжаға мал соймайтын өзге ұлт, халықтардың балаларының мойны неге қатаймай, қалтылдақ болмайды деген сұрақ туары сөзсіз.
Бірақ, бұл ырымды басқа қырынан қарастырсақ, бұл біздің әдептен туындаған ырым екенін көреміз.
Бір адам басқа үйге келгенде есік алдындағы мамағашта (ат байлайтын ағаш) мойын омыртқа ілініп тұратын болса, «мына үйде жақында босанған келін бар екен, мен бейсауат кіріп бармайын» дейді екен.
Себебі жаңа туған сәбиді келін омырауын ашып емізіп отыруы, болмаса сәби ұйықтап жатуы мүмкін.
Демек, үйде кішкене бала барынан хабар беретін белгі десек те болады.
Екінші жағы сол үйдегі келіннің төркіні, яғни үйдің құдалары келген кезде көңілі толсын, қызына жағдай жасалды, қалжасы бар, малы сойылды деген түсінік.
Яғни ишарамен, ымдап түсіндіру.
Енді қазіргі кезде бұл әдетті ырымға айналдырып басқаша түсініп жүрміз.