Үйді офиске айналдырудың 10 тәсілі

Қай жерде болса да жұмыс істей беріңіз!

 

Келесі жұмыс орныңызды таңдау кезінде не маңызды болмақ? Жоғары жалақы, қосымша еңбек демалысы ма, әлде жұмыс істеу уақытының ыңғайлы болуы ма? Көпшіліктің ойынша, жұмыстың жалақысынан гөрі, белгілі бір бостандық маңыздырақ екен. Яғни, офис кез келген жерде бола береді. Бұл жазбаны жазуыма түрткі болған себеп, кейде демалыс күндері үйде жұмыс істеуге тура келеді.
Үйде жұмыс істеудің өз машақаты бар. Кезінде бұндай проблема мектеп, университет емтиханына дайындалар кезде де болған. Қараңызшы: үй тап-таза, барлық үй шаруалары тындырылған, түс ауып кеткен, бірақ істейтін жұмысыңыз әлі басталған жоқ.
Неге үйде жұмыс істеу қиын? Себебі, тәртіп керек және өз-өзіңізді жеңе білу керексіз. Әдетте үйде барлық нәрсемен шұғылдануға болады, тек жұмыс істеу қиынның-қиыны. Біз әрине толық офис атмосферасын үйде орната алмаспыз, дегенмен белгілі бір белестерді бағындырып көрмекпіз.

 

1. Жұмыс орныңызды ыңғайластырып алыңыз.
Үйде жұмыс істеу кезінде ең керекті нәрсе — жұмыс атмосферасы. Киноларда көрген боларсыз, үй иесінің өз жұмыс бөлмесі бар. Ондайды өмірде де көргенмін, танысымның әкесінде жеке үйінде жұмыс бөлмесі бар еді. Іші анау-мынау директор кабинетінен кем емес. Жеке бөлме болмаса да, жұмыс істеу орнын тағайындау да жоқтан жақсы. Жұмыс орныңыз алаңдадатын теледидар сияқты дүниелерден алшақ болғаны дұрыс.
2. Ыңғайлы жұмыс уақы-тын пайдаланып қалыңыз.
Жұмыс уақытын бағалаңыз. Клиент немесе жұмыс беруші жұмыс уақытыңызды тағайындамаса, оны өзіңіз тағайындап алыңыз. Кейбір адамдар күндіз, кей адамдар түнде жұмыс істегенді ұнатады.
3. Үйдегі дресс-код
Пижама — ғажап киім. Бірақ түстен кейін әріптестеріңізбен телефон арқылы ұйықтап шыққан киіміңізбен сөйлесіп отырған біртүрлі болар. Сондықтан үйде костюммен жүрмесеңіз де, жұмыс істейтін кезде үйдегіден басқаша киім киіп жүрсеңіз, міндетті түрде жұмыс нәтижесіне жақсы әсер етеді.
4. Тоңазытқыштың ішін ретке келтіріңіз
Әрине, егер үйдегі тоңызытқышты аша беру әдетіңіз болса, онда дұрысырағы жақын маңайдан арзанырақ офис алыңыз немесе коворкинг орталыққа барыңыз. Немесе үйдегі тоңазытқыштан алып жейтін тамақтардың орнына жеміс-жидек жеңіз. Жеміс-жидек жұмысқа деген қабілетіңізді жоғалтпайды және қажет энергия береді.
5. Көбірек су ішіңіз.
Өзім бұрыннан осы тәсілді пайдаланамын. Су аппетитті азайтып, жұмысқа деген қабілетті жоғарылатады. Ми жұмысы да көп энергияны қажет етеді, сондықтан су пайдалы.
6. Үй ережесі.
Үйде жалғыз болсаңыз, онда жақсы. Егер жалғыз болмасаңыз, ереже керек. Жұбайыңыз жұмыс істеп отырғаныңызды түсінуі керек. Сондықтан келісіп алыңыздар. Бұл әсіресе жұбайыңыз баламен декретте болса, ереже міндетте түрде керек және бөлек жұмыс бөлмесі қажет болады. Себебі баланың жылаған дауысы сізді алаңдатады.
7. Басқа әлеммен байланысты үзіңіз.
Әлеуметтік желі, телефон шұқылау сияқты қажетсіз әдеттеріңізді қысқар-тыңыз. Егер бұларсыз отыра алмасаңыз, арнайы уақыт бөліңіз, басқа уақытта жұмысыңызды істеңіз.
8. Блокпен жұмыс істеңіз.
Күнді уақытқа бөліп, әр уақытта тындыратын шаруаларды белгілеңіз және сол графикті сақтаңыз. Бұл жоспарлауды алдын ала келесі күндерге де істесеңіз болады.
9. Жаттығу жасаңыз.
Таңертең жұмыс ритміне кіру қиын ба? Онда таңды жүгірумен бастаңыз. Сонда жұмысқа тезірек еніп, күні бойы өзіңізді жақсы сезінетін боласыз. Таңертең жүгіруге шамаңыз жетпесе, күндіз белгілі бір уақыт сайын 5-10 минут үзіліс жасап, жаттығу жасап миыңызды тынықтырыңыз. Физикалық жаттығулар жасаңыз.
10. Жұмысыңызды жақсы көріңіз
Жұмыс өнімділігі, нәтижеңіздің бар-лығы өз жұмысыңызды қаншалықты жақсы көресіз, соған байланысты. Сондықтан жақсы көретін жұмыспен айналысыңыз. Бұл барлығынан да маңызды.

Жазба дереккөзі:
Forbes Чехия Республикасы және Microsoft корпорациясының қолдауымен жазылған
жазбадан алынды