Үйлерді күрделі жөндеуден өткізу тұрғындар үшін ПИК шығындарын азайтуға мүмкіндік береді
Биыл 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделеді, 130-дан астам лифтіні жөндеу және ауыстыру басталды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің «Инстаграм» парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
“БҰҰ Даму бағдарламасының аясында көппәтерлі бес тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның үшеуінде жөндеу аяқталды. БҰҰДБ жұмыстары қандай да бір төлемсіз жүзеге асырады. Пилоттық жобамен Пушкин-Жұбанов көшелерінің қиылысында орналасқан үйлер жөнделуде.
Осылайша, үйді жылыту, қасбетін жөндеу, терезе, есіктерді ауыстыру, LED-жарықтандыру, кіреберістерді жөндеу, жылыту жүйелерінің құбырын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматтандырылған жылу пункттері орнатылады.
Бұл жұмыстар үйдің жылу шығынын едәуір азайтады. Тұрғындар үшін жылудың орташа жылдық шығыны шамамен 2 есе азаяды. Өйткені, сыртқы ауа датчиктерінің арқасында автоматтандырылған жылу пункттері ауа-райына байланысты реттеліп отырады. Ал тұрғындар пайдаланылған жылу энергиясының ауқымына байланысты төлейді. Сонымен қатар, жүргізілген жөндеу жұмыстары тұрғындарға қызмет көрсететін ұйымның шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы мен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жүргіземіз. Биыл 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделеді, 130-дан астам лифтіні жөндеу және ауыстыру басталды. Бұл жұмыстар тұрғындар үшін тиімді болмақ”, — деп жазды Алтай Көлгінов.
Фото: Александр Куприенко