Үкім оқыған сот одан «Ақтық сөзің не?» дегенде, Қайрат Рысқұлбек мына атақты өлеңін оқыған еді:

«Ал енді қазір неткен күн?
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры
Қарғыс атқан алаңда,
Қарғыс атқыр туған күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.
“Ақтық сөзің не?” деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ер көркейтер азамат,
Қызғаныштан тозбасын.

Абай туған жерінде,
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.

Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Осы айтылған ақтық сөз,
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы
Мен болайын Құрбаның.

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
“Еркек тоқты – құрбандық”,
Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Қош аман бол, артымда
Ағайын-туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!»

© Қайрат РЫСҚҰЛБЕК

Барынша репост. Батырларымызды ұлықтайық.